"Қайрат" футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының финалында ойсырай ұтылды
Фото: Stan.kz
Футзалдан Чемпиондар лигасының финалында қазақстандық “Қайрат” клубы мен испаниялық “Пальма” командасы кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Францияның Ле-Ман қаласында өткен ойында алматылық команда 9:4 есебімен жеңілді. “Қайрат” сапында бұл матчта Кайо Руиз, Дәурен Тұрсағұлов, Жахангир Рашит және Кевин Арриета көзге түсті. Осылайша “Пальма” қатарынан үшінші рет УЕФА Төрттік финалының жеңімпазы атанды.
Сонымен қатар, бұл кездесу Чемпиондар лигасындағы финалдық матчтар арасында ең нәтижелі ойын ретінде тарихта қалды. Қос команда барлығы 13 гол соқты.
Отандастарымыз “Пальмамен” бұған дейін екі рет жолыққан. 2022 жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде 2:2 есебі тіркелсе, 2023 жылы испандық команда 4:3 есебімен жеңіске жеткен.
Айта кетейік, “Қайрат” командасы бұған дейін Чемпиондар лигасын 2012/13 және 2014/15 жылдары жеңіп алған. Қазақстандық команда Төрттік финалында 9 рет өнер көрсетіп, еурокубоктың басты бәсекесінде 111 ойын өткізіп рекорд орнатты. Бұған дейін 100-ден аса ойын көрсеткен тек португалдық “Спортинг” командасы ғана болатын.
Естеріңізге салайық, жартылай финалда “Қайрат” осы турнирдің дебютанттары, тағы бір испандық команда “Картахенаны” 3:2 есебімен ұтқан еді.
Осылайша отандастарымыз 21-еурокубоктық маусымында Чемпиондар лигасының күміс жүлдесін еншіледі.

“Кадрда көрінбеуің керек": "Жайдарман" ойындарын көруге барған қазақстандық ару орамалы үшін қысымға ұшыраған
