Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржы пирамидасын жарнамалаған жұлдыздар жауапқа тартылуы керек – ІІМ

Ішкі істер министрлігі қаржы пирамидаларын жарнамалаған жұлдыздарды жауапқа тартуды ұсынды. Ведомство ұсынысты прокуратураға жіберген. Себебі аз уақытта үлкен пайдаға кенелгісі келетін азаматтар саны өскен. Тек өткен жылдың өзінде ғана мұндай ұйымдардан 30 мың адам зардап шегіп, жалпы 54 миллиард теңгеден айырылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі KTK арнасына сілтеме жасап. 

жұлдыздар

Жиналған қаржыны салып, аз уақытта көбейтуді әншілер, блогерлер мен актерлер, спортшылар ұсынады. Ал полицияға арыз жазған тұрғындар осы тектес ұсыныстардан кейін сеніп қалғандарын айтады екен. Алайда қазір қаржы пирамидаларын жарнамалаған әншілер мүлде жауапқа тартылмайды. 

Ал алаяқтарға келетін болсақ, бүгінгі таңға дейін 126 адам жауапқа тартылған. Олардың 38-і сотталса, қалғанына қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қамауға алынғандар арасында "Гарант 24 Ломбард" ұйымдастырушылары (17 адам жапа шеккен) бар. Сонымен қатар "L-Капитал" пирамидасының екі көшбасшысы сот шешімін күтуде. Бұл пирамидадан зардап шеккен 300 адам 260 миллион теңгеден айырылған. 



Ал "Evolution corp." алданған жандардан 3 млрд теңге жинаған. Ұйымның барлық мүлкі тәркіленген, сондықтан жапа шеккен жандардың жолы болған дейді. Көбіне алаяқтардың қаржысы шетелге шығарылғандықтан табу қиынға соғады екен. 

"Қабылданған шараларға сәйкес жылжитын және жылжымайтын мүлікке тыйым салынды, оның ішінде 60 көлік, 4 пәтер, 5 жер телімі, 31 жеке үй бар. Іс сотта қаралып жатыр. Біздің ойымызша, қаржы пирамидасын жарнамалау, жарнамаға қатысты қылмыс құрамын тексеру және сәйкес қылмыстық жауапқа тарту тиімді шара болмақ. Сәйкес ұсынысты Бас прокуратураға жолдадық", - деді ҚР ІІМ тергеу департаментінің басшысы Санжа Әділов. 

Айта кетейік, бұған дейін қаржы пирамидасын ұйымдастырған ерлі-зайыптылардың қамауға алынғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау