Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржы пирамидасын құрғандардан 22 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленді

"Гарант 24 Ломбард" қаржы пирамидасының келтірген шығыны 22 миллиард теңгеден асып түскен. Ішкі істер министрлігі бүгін атышулы қылмыстық істің аяқталып, сотқа жолданғанын мәлімдеді. Ал оның негізін қалаған үшеудің біреуі ғана ұсталған. Екеуі әлі шетелде қашып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды.

гарант24

"Қазіргі уақытта 56 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Тағы бесеуіне іздеу жарияланды. Ұсталғандардың көпшілігі шетелден жеткізілді. Оларды алдыру үшін ұлттық гвардия жасақтарының көмегімен Молдова мен Түркия, Қырғызстанға арнайы ұшып барды", - дейді ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Тінту кезінде олардан 70 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленген. Сондай-ақ, қаржы пирамидаларының атына тіркелген 15 автокөлік, 2 жүк көлігі, 2 автокран, қарда жүретін техника, 29 пәтер мен үй, 3 жер телімі, 5 автотұрақ пен 1 кафе-бильярд кешені анықталыпты. Бұл мүліктердің жалпы құны 22 миллиард теңгеден асады. Тергеу барысында тағы 4 үй, 140 пәтер, 1572 автокөлік бұғатталған.



Гарант 24-тің ұйымдастырушылары Ақтөбе облысының тумалары екенін айта кетейік. Одан бөлек, биылдың өзінде түрлі қаржы пирамидаларына қатысты 250 қылмыстық іс қозғалып, оның 120-сы сотқа жолданған екен. Барлығын қосқанда елімізде 25 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларына 33 миллиард 250 миллион теңгеге алданған. Көбісі батыс пен оңтүстік өңірлердің азаматтары. Соның бір айғағы, ішкі істер органдары Ақтөбе облысында "Голд компани ЛТД" дейтін тағы бір компанияға қатысты қылмыстық істі тергеп бітті.

"Бұл қылмыстық іс бойынша 2 жарым мыңнан астам адам жапа шегіп, шағым түскен. Келтірген шығын көлемі 1,5 млрд теңге. Ал оның ұйымдастырушысы екі Ресей азаматы қазір ұсталған. Олар елімізге нақ осы іспен айналысу үшін келген. Сондай-ақ, қазіргі уақытта "Куестра уорлд", "Телетрейд Централ Азия", "Индиго эволюшн", "Айлин фореве" және басқа да қаржы пирамидаларына қатысты тергеу жүріп жатыр", - дейді ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Талқылау