Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысы тұрғындарының ломбардқа қойған көліктерін басқа біреулер иемденіп кеткен

Атырауда "Home Avto Invest" компаниясына алданып қалғандар полиция басқармасының алдына жиылып наразылық білдірді. Олар тергеу ісіне қанағаттанбайды. Айтуларынша, құзырлы органдар бұл қылмыстық істі ашуға асығар емес. Ал ломбардқа қойған көліктерін біреулер емін-еркін мініп жүр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюроға" сілтеп хабарлайды. 

"Home Avto Invest" компаниясының құрығына жүзге жуық атыраулық ілініпті. Олар жыл басында полицияға шағым жазған. Бірақ осыншама уақыттан бері арызымыз қараусыз жатыр деп полиция басқармасының табалдырығын тоздырған. Жұрт көліктерді қамауға алмаған, біреулер еркін мініп жүр дейді.

"Біздің арызымыз мүлде қаралмайды. Арыз жазған едік, оны Ақтөбеге жіберген екен. Кейбір адамдар көліктерін тауып тұр, бірақ ала алмай отыр. Көлігін иемденген адамнан сатпайтыны туралы қолхат алып жүр. Арызданғанымен ешқандай нәтиже жоқ", - дейді Атырау облысының тұрғыны Әділбек Хинекин.


Шағымданушылар екінші тарап өз шарттарын орындаған жоқ, қаражатты толық төлемеді, сондықтан, көлік өзімізге тиесілі дейді. Оның үстіне көлікті мініп жүргендер жол ережелерін бұзса, айыппүл жәбірленушілердің атына келеді екен. Ал Атыраулық полицейлер шағымдарды жинақтап Ақтөбе облысының ПД жолдағанын айтады. Өйткені қаржы компаниясы сол аймаққа тіркелген.

Көліктердің басқа біреу мініп жүргеніне мен жауап бере аламаймын деген тергеуші тергеу үсіне көңілі толмайтындар шағым жазсын деп қысқа қайырды. 

"Әркім өз ісі бойынша жеке арыз түсірсін. Әрбір арызға заң талабына сәйкес жауап береміз. Басқа ештеме айта алмаймыз", - дейді Атырау облысы ПД тергеу басқармасының бөлім басшысы. 

Тергеушінің сөзінше, "Home Avto Invest" компаниясының басшысы қамауға алынған, тергеу жүріп жатыр. Өзге ақпарат Ақтөбе облысынан біле аласыздар деп жәбірленушілерді шығарып салды. 

Талқылау