Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарқаралы ауруханасында сәби өлімі: Жақындары дәрігерлердің қателігі деп санайды

Қарағанды облысында 8 айлық Ибрахим Айдарханның ажал құшу себептерін тексеру басталды. Құсып ауруханаға түскен баланың өліміне жақындары дәрігерлерді кінәлі деп санайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап.

бала

Сурет: Astana TV сюжетінен скриншот

Бала Қарқаралы аудандық ауруханасына құсу симптомымен түскен. Үш күн аурудан азап шегіп, мерт болды. Баланың туыстарының айтуынша, дәрігерлер уақытында дұрыс көмек бергенде, баланы аман алып қалуға болатын еді. 

Баланың әкесі 17 қыркүйекте нәресте диареямен ауырып, құсқанын және дене қызуы көтерілгенін айтты. Олар аудандық ауруханаға барған.

“Дәрі тағайындап, бір күннен кейін келсін деді. “Егер жағдайы нашарласа, алып келіңіз” деп қайтарып жіберді. Үйге қайтқаннан кейін жағдайы ауырлай бастайды, құсуы жиіледі. Тағайындалған дәрі-дәрмектер көмектеспеді. 19 қыркүйек күні Ибрахим жедел жәрдемімен Қарқаралыдағы аудандық ауруханаға жеткізілді” – дейді қаза болған сәбидің әкесі Берік Айдархан.

Ер адам сегіз айлық ұлының денесін Қарқаралыдан Қарағандыға сараптамаға алып келді. Ол әлі күнге дейін сау баласынан үш күнде айырылып қалғанына сене алмайды.

Баланың әпкесінің айтуы бойынша, дабыл қағып, жергілікті дәрігерлерден санитарлық тікұшақ шақыртып, баланы Қарағандыға облыстық емханаға жіберуді өтінген. Бірақ оның өтінішін ешкім орындамады

“Уақытында медициналық көмек көрсетілмеді.  Сегіз-ақ ай өмір сүрген кішкентай баланы тікұшақпен қамтамасыз ету мүмкін еді, ол 40 минутта жетеді. Бірақ көлікпен бардық. 4 сағаттық жолды бала көтере алмайды” – деді әпкесі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Қарқаралы дәрігерлері санитарлық авиацияны сұраған. Бірақ баланың жағдайы жол жүруге келмеді. Қарағандыдан бірнеше маман шақыртылған. Бала есін жимай, жан сақтау бөлімінде мерт болды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті тергеуді бастады.

“Сот-медициналық сараптаманың алдын-ала анықтағаны – екі жақты пневмония. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, ішек инфекциясы диагнозы қойылған. Диарея, құсу, дене қызуы пневмонияның салдары болуы мүмкін. Қарқаралы дәрігерлері мұны білуі керек еді. Олардың қалай және немен емдегені тергеуден кейін анықталады Вирустық инфекция  ішекке жетеді. Мұнда зерттеу алгоритмін жүргізу қажет еді. Өкініштісі, науқасты ауруханаға жатқызбаған” – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Ольга Смирнова.

Сегіз айлық Ибрахим Айдархан туған жері Қарағайлы кентінде жерленді. Баланың отбасысы әділ тергеу жүргізуді сұрайды.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 27 Қыркүйек, 2022 08:15
Талқылау