Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қарауылда ата-әжелер": Ішкі істер министрлігі қазақстандық оқушыларды қауіпті жайттардан қалай қорғамақ

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қазақстанның білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейі туралы айтты. Ол кейбір күзет агенттіктерінің қызмет көрсету сапасын сынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Марат Ахметжанов мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын айтты.

"Министрлік балалардың қауіпсіздігі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Биыл цифрландыруды қостық. Қала мектептерінде төтенше жағдайларға байланысты тетіктер бар. Оның 70 пайызы жедел мониторинг орталығына қосылған. Сонымен қатар, мектептердің жанында патрульдік бейнетіркегіштер де жедел басқару орталығына қосылған. Қазір өте маңызды мәселе - күзет қызметін лицензиялау. Күзет агенттігі лицензия алғанымен, кәсіби күзетшілердің орнына қарауылға ата-әжелерді отырғызып қойған жағдайлар болды", - деді министр.

ІІМ басшысы лицензия алу үшін күзет мекемесі көлікпен, қару-жарақпен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілуі керектігін түсіндірді. Мектеп күзетшілері физикалық тұрғыдан мықты және психологиялық тұрғыдан бірқалыпты болуы керек. Соттылығы болмауы керек.



“Барлық мектептерде 100% бейнебақылау мен төтенше жағдай тетіктері қамтамасыз етілген деп айта алмаймыз. Ресейдегі қайғылы оқиғадан кейін біз шаралар қабылдадық және қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді жалғастырамыз. Ешкім 100% кепілдік бермейді. Бірақ біз қолдан келер шараны жасаймыз",- деп сендірді министр.

Марат Ахметжанов оқу жылы басталғалы полиция патрульдері оқу орындарына барынша жақын орналасқанын жеткізді. Сөзінше, балалардың қауіпсіздігі мәселесі үкімет деңгейінде талқылануда.

Талқылау