Қарағандыда әкімдік терезесінен құлап кеткен жұмысшының қаза болу себептері аталды
Қарағандыда қала әкімдігінің терезесінен құлап кеткен 37 жастағы жұмысшының өліміне не себеп болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жазатайым оқиғаны Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия тексерді. Күні бұрын комиссия тексеруді аяқтап, нәтижесін жариялады.
Өңірдің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы баспасөз қызметінің мәліметтеріне сәйкес, жұмыс беруші, яғни Қарағанды әкімдігі жұмысшының өліміне 80 пайызға кінәлі.
"Қарағанды қаласы әкімінің аппараты" ММ қызметкерімен болған қайғылы жазатайым оқиға фактісі бойынша арнайы тергеу жүргізілді. Комиссия келесі себептерді анықтады: жұмыс беруші тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан болған жұмыс өндірісінің дұрыс ұйымдастырылмауы және зардап шегушінің еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтардың талаптарын сақтамауынан болған өрескел абайсыздығы", - деп атап өтті Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасында.
Комиссияның материалдары мен қорытындылары полицияға жолданды. Өңірдің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы құқық қорғау органдары ҚР заңнамасына сәйкес тиісті шешім қабылдайтынын атап өтті.
Еске сала кетейік, сәуір айында Қарағанды әкімдігінің төртінші қабатындағы терезеден 37 жастағы жұмысшы құлап кеткен еді. Ол жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды. Оның артында жұбайы мен балалары қалды.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
