Қаңлылар туралы 10 дерек
Stan.kz алғашқы тайпалық бірлестіктердің бірі қаңлылар туралы дерек ұсынады.
- Қаңлы мемлекеті біздің заманымыздан бұрын ІІІ ғасырда Қазақстанның оңтүстігінде құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі. Қаңлылар қазақ халқының негізін құраған ең ежелгі тайпалардың бірі болып саналады. Тарихшы Бернштамның пікірінше олар түркі тілді халық болған. Қаңлылар ұлы жүз руының ең байырғы тайпасының бірі.
- Қаңлы мемлекеті үлкен аумақты қамтыды. Олар оңтүстік Қазақстан мен Ташкент жазирасынан бастап Сырдария, Жаңадария, Қуандария өзендерінің арнасын, оңтүстік-батыс Жетісуды және Сырдарияның солтүстігінен Сарысу, Шу, Талас өзендеріне, Ұлытау және Қаратау тауларына дейін аумақты мекендеді.
- Жазба деректерде тайпа атауы қаңғар, қаңлы, кангюй, қаңхы, қаңғылы, қаңғар-оғлы, күңгөй, қаңғарлы, қангют деп кездеседі. Қаңлы мемлекетінің ең жоғары билеуші – хан. Қаңлыларда мемлекетті хан басқарса, негізгі жұмыстарды оның 3 уәзірі атқарған. Сондай-ақ, қаңлы мемлекетінде 120 мың отбасы, 600 мың халық пен 120 мың әскер болғандығы айтылады. Ал мемлекеттің астанасы – Битянь қаласы болды. Сонымен бірге, олар өз ішінен 5 иелікке бөлініп, әр иеліктің Ұлы ханға бағынышты 5 кіші ханы болды.
- Қаңлы мемлекетінің қуатты болғандығы соншалық, олар сол кезде Хань әулеті билеген Ұлы Қытай империясын да мойындамаған. Атақты тарихшы Н.Я.Бичуриннің қытай жазбаларынан аударған дерегінде қаңлылар туралы былай делінген: «Қаңлы ханы өркөкірек, тәкаппар және елшілер алдында ешқашан бас имеген. Олар қытай елшілерін үйсіндердің, тіпті одан да төмен халықтар елшілерінің қатарына отырғызды. Хань императоры сенім артып жіберген елшілерді қаңлы ханы мен оның кеңесшілері ас-су ішіп болғаннан кейін ғана дастархан басына шақырған. Бұдан олардың Хань мемлекетін мойындамайтындарын, тіпті оларды өзімен көршілес халықтардан төмен қоятынын көреміз» делінген.
-
Б.з.-дағы ІІІ-V ғасырларда қаңлы жеріне түркі тілді тайпалардың басып кіруіне байланысты Қаңлы мемлекеті Орта Азия мен Арал өңіріндегі үстемдігінен айырылып, б.з.дағы VІ ғасырда Түрік қағанатына қарайды.
-
Дереккөздерде қаңлы мемлекетін ұлы хан басқарғаны және оның билігі әкеден балаға мұрагерлікпен берілгендігі жазылған. Қаңлыларды билеген атақты хандар арасында Найби, Дашби есімді билеушілердің есімі кездеседі.
-
Қаңлыларда жазбаша заңдар жинағы болды. Ол заңдарға сәйкес, ұрлық жасағандардың қолын кесіп, адам өлтіргендердің барлық ұрпағын, жетінші ұрпаққа дейін қырып салған.
-
Қаңлылардың қолөнер шеберлері білікті қолөнершілер болды. Олардың ыдыс-аяқтары өзгеше әсемділімен айрықша көзге түсетін. Қытайдың дереккөздеріне сәйкес, қаңлылар музыкаға, биге деген сүйіспеншілігімен ерекшеленген. Оларда екі жолақты және бес жолақты музыкалық аспаптар, дабыл, сыбызғы, сырнай секілді аспаптар болды.
-
Қаңлылар әскери одақ құрып, көрші орналасқан ғұн, үйсін тайпаларымен соғысты. Бұрын соғыс көбінесе жер үшін және кек алу мақсатында жүргізілсе, ендігі жерде соғыста барымта жолымен қолға көп мал мен олжа түсіру бірінші кезекке шықты. Үстем тап өкілдері соғысты тонау мақсатында пайдаланып, көптеген байлыққа ие болды. Соғыста қолға түскен тұтқындарды құлға айналдырды.
-
Бірақ ол уақытта көшпелі мал шаруашылығы құл иеленушіліктің дамуы мен қалыптасуына бөгет жасады. Байларға құл еңбегіне қарағанда, қауым мүшесінің еңбегін пайдалану тиімді болған. Себебі, құлды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету керек, ал қауым мүшелері өз тамағы мен киімін өздері тапты. Құлдар негізінен ас пісіріп, мал күту, егін егу сондай-ақ әр түрлі шикізаттарды өңдеу жұмыстары мен қолөнер кәсібіне пайдаланылды. Қаңлы қоғамында мүлік теңсіздігі мен таптардың пайда болуынан адамды адамның қанауы күшейіп, бай мен кедей тобына жіктелу айқын көрінді.
Сарматтар туралы 10 дерек >>>