"Қандастарымыз ұлты қазақ екендігін дәлелдей алмай жүр": Сенатор шетелдегі қазақтардың мәселесін көтерді
Ғалиасқар Сарыбаев сенаттың жалпы отрысында шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының мәселесін көтерді. Депутат Сыртқы істер министрлігінен шетел асып кеткен қазақ балалары туралы толық ақпарат беруін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: senate_kz / видеодан скриншот
Сарыбаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында шетелдегі қазақтардың бүгінгі күнде қаншаға жеткені туралы дерек келтіріп өтті.
Депутаттың айтуынша, ресми мәліметке сәйкес, шетелде 4 млн-ға жуық, ал бейресми мәліметке сәйкес, 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанға 1 млн 230 мың қазақ көшіп келген. Бүгінде елімізге көшуге ниет білдірген қазақтар саны – шамамен 1,5 млн адам.
“Отандастарымызға біздің мұқтаж болуымыздың өзекті себептері бар. Жағдай жасалғанына қарамастан, демографиялық өсуіміз 30 жыл ішінде екі есеге ғана, халқымыздың тығыздығының көрсеткіші де әлем бойынша ең төменгі 7,3 адам шаршы/км құрайды. Жалпы қазіргі таңда көшкін саясатымызда шетелдегі қазақтар мен отандастарды қолдау және елге көшіп келген қандастарымызды қолдау қоғамға бейімдеу болып табылады”, – деді депутат өз баяндамасында.
Сарыбаевтың айтуынша, отандастарымыздың елге көптеп келмеуінің себебі басқа елдерде қандастарымыздың ұлты қазақ екендігін дәлелдей алмауында дейді.
“Елімізде халықтың көші-қон мәселелеріне қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге жиі өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Алайда бұл өзгерістер қандастар туралы заң тарапына сәйкес келмеуде. Алаңдаушылық тудырады”, – деді ол.
Депутат Үкіметтен көші-қон саласында іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат беруді сұрады.
Сондай-ақ Ғалиаскар Сарыбаев шетелдіктер асырап алған қазақ балаларының мәселесін көтерді. Оның пікірінше, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігі мен мүддесін ескеріп, Сыртқы істер министрлігі шетелдік дипломатиялық өкілдіктерінде арнайы құрылған ведомствоаралық комиссиялардың жұмыстарын қайта жандандыруы керек.
“Әртүрлі себептермен шетелде жүрген отандастарымыз қиын жағдайларға тап болғанда оларға көрсетілетін көмектерді қайта зерделеуді және 1990-2000 жылдары бала кезінде шетелдіктер асырап алған жетім балалардың жағдайлары туралы толық ақпаратты жинақтауды сұраймыз. Сонымен қатар тарихи Отанына оралған қандастарымыздың азаматтығын алуды жеңілдету, көшу үшін арнайы жағдай жасау, әсіресе, солтүстік өңірлерде көтермелеу жәрдемақысын төлеу, тілдерді үйрету, жоғары оқу орындарына қабылдау, үй кезегі мәселесін шешуді қарастыруды сұраймыз”, – деді Ғалиасқар Сарыбаев.