Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күйеуімен Норвегияға көшіп кеткен Ақкенже Әлімжан қуанышты жаңалығымен бөлісті

Танымал актриса Ақкенже Әлімжан тұрмысқа шыққалы  Норвегияда тұрып жатыр.  Соңғы кездері сахналардан көрінбей кеткен жұлдыздың  қуанышты жаңалығы-ана атанды.Ержан  есімді футболшымен шаңырақ көтерген Ақкенже тұңғышын да сол елде дүниеге әкелген.

аккенже33

Қазақстанға жұмыс бабымен келген актриса  Stan.kz  сайтының тілшісіне арнайы сұхбат берген еді.

аккенже44

-Ақкенже, туған жеріңізге қош келдіңіз. Елге келмегеніңізге қанша уақыт болды?

– Қазақстанға келмегеніме жеті ай болды. Жолдасымның жұмысына байланысты Норвегияда тұрып жатырмыз. Алматыға «Универсиада-2017» қысқы ойындар бәсекесінің ашылу салтанатын жүргізуге шақырту алдым. Ана атанғанымды да жасырмаймын. Елімді қатты сағынып қалыппын. Етті, қымызды, Алматымның ауасын сағынып қалыппын. Елде жүргенде көп дүниені елемейді екенбіз. Қазір мына қазақы безендірілген заттардың өзі көзіме оттай басылып, жүрегіме өзгеше тебіреніс сыйлап жатыр.

-Норвегияға түбегейлі көшіп кеттіңіздер ме?

-Ол жаққа мен тұтас көштім деп айта алмаймын. Әзірше біз жолдасымның жұмыс қызметіне байланысты тұрып жатырмыз. Дей тұрғанмен,жұмысым осында. Шақырып жатса келеміз. Қазіргі таңда кішкентайым біраз өсті, универсиадаға қатысып, заңды түрдегі декреттік демалысымнан жұмысқа да кірісіп кеттім. Сондықтан, ұсынысқа қарай келіп кетуге тырысамын.

-Шетелде көп боласыз… бүгін қазақ елінің мәдениетін, қоғамын салыстырсақ Норвегия корольдігімен. Әуелі тойдан бастайық. Бізде, елден қалыспау үшін несие алып той жасайтындар көп. Яғни көп нәрсеге ысырап жасаймыз. Ол жақтың тойлары қалай өтеді?

-«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейді ғой. Ол жақтың да салты бөлек. Жалпы, біз білетін Еуропалық менталитетке жақын. Той жағына келетін болсақ, әлемдегі барлық елдерді тізіп қойсақ, осы қазақтар бірінші орында шығармыз. Жалпы шашылу жағынан. Әрине, тойдың да екі жағы бар. Біріншісі – қуанышыңмен бөлісу, екіншісі – ысырап, шашылу. Сондықтан, ол жақта ысапшылдық аздау, жоқ деуге болады. Оның үстіне, біз тойымызға Норвегиялық достарымызды шақырған кезде, ұйымдастыру, қонақ, дастарханды көріп, салт-дәстүрімізбен, шығындарды айтқан кезде көздері төрт болған. Әрине, оларда басқашалау. Тойға шақырылған қонақтарға белігілі бір мәзірмен ас қойылады. Одан кейін дастархан жиылып тастап, бар ашылады. Ішетін сусындарды әркім өзі сатып алады. Әрі қарай би кеші басталады. Қалыпты Еуропа елдерінде осылай өтеді тойлары.

-Тойға бір әнші шақырмасақ, тойымыз өтпейтін болды. Ол жақта той әншісі деген ұғым бар ма?

-Әрине бізде той бизнес, той әлемі бұл қазақтың ойын сауық индустриясының бөлінбес бөлшегі. Біреуі жоққа шығарады, біреулер «халтура» деп қарайды. Менің ойымша бұл біздің бөлінбес салтымыз болып кеткен. Шетелмен салыстырғанда, той мәселесі өзгеше. Сондықтан, кеш бойына бір-екі топ ән шырқауы мүмкін. Лайд-бендтер бар ғой сол сияқты. Ал, біздегідей кіріп шыққан әнші, мен шығайыншы деп тілек айтар кісі жоқ. Ондай той мүлдем жоқ. Бір жағынан қарасақ онда тұрған ешнәрсе жоқ. Бірақ, ысырапшылдық жағынан мен сізбен келісемін. Асыра сілтеушілік өте көп бізде.

-Олар сән қуа ма? Киімдері қандай?

-Бізде қоғамның санасы ма, әлде Ресей бодандығында 70 жыл өмір сүргеніміздің кесірі ма екен білмеймін, әйтеуір жылтырға құмармыз. Кейде, мансап құмармыз. Жоқ жерден дүние топ етіп түсе қалса, бұрын жүгіріп сәлем беретін жақындарымыз адам танымайтындй өзгеріп шығады. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ сондай мысал кездеседі. Ал ол жаққа келсек, ауқатты адамдар да қарапайым жүріп, қарапайым киінеді. Алғашқы барғанымда жалпы бағдарлап ұғуға тырыстым. «Ауқатты мен орташа отбасыларды қалай ажыратады екен» деп бақыладым. Бізде киімнен ажыратуға болады. Киімнің бренді басқа дейміз. Оның үстіне біз бренд құмармыз ғой. Телефонның өзін «Айфон» болмаса ұстамаймыз. Ал, ол жақта ауқатты адамдардың өзі қарапайым зат ұстап, өте қарапайым киінеді.

-Шетелде көп боласыз, жалпы біздердегідей үлкен сарайлар бар ма?

-Үйге келетін болсақ, үйдің аурасы, энергетикасы, жалпы үй мәдениеті дейміз өте дамыған. Өйткені, қай үйге барсаң да барлығы өздері үшін жасаған. Мен ойлаймын біздің менталитетке осы нәрсені үйрену керек сияқты. Өйткені, бізде көбінесе, мынау қонақжайлығымызға байланысты ма екен, ең бірінші өзге үшін өмір сүреміз. Өзге үшін өмір сүрсек екен дейміз. Одан кейін қоғамда «мен саған бердім, сен маған не бересің» деген есеп пайда болады. Қазір туған күн, тойларда конверт бермесең ыңғайсыз. Ал ол жақта мысалы, туған күніңде мейрамханаға шайға шақырады, сол сыйлығы. Үйлеріне келетін болсақ, бізде қазақтың жері кең, қаншама биік соғылған үйлер бар. Әттең солар қоршаусыз болса, керемет болар еді деп. Ол жақта енді үйді қоршау жоқ. Қоршаса да жарты метрлік шарбақпен шектеледі. Яғни мені біреу көріп қояды -ау, көріп қойса сөз қылады -ау, ұят болады -ау деген ой жатады бізде. Ол жақта барлығы ашық. Сол жағынан қызығасың. Шіркін-ай, біздегі зәулім зәулім сарайларды таспен емес доспен қоршап, кішкене ашып қойса екен дейсің.

-Үй алу жағы, біздегідей жалдамалы пәтерде жүрген жастар көп пе?

-Еуропа дейміз, мұхиттің ар жағындағы елдер дейміз, жалпы, мынау уақытша үй алып, жалдап тұру ол – қалыпты жағдай. Жасы болсын, кәрісі болсын. Одан ұялып, біреуден бір жерім кем-ау деген ұғым жоқ. Немесе үйі болса мен біреуден артықпын деген ой тумайды. Білмеймін, енді бұл қоғамның санасының дамығанының деңгейі ме, әлде менталитеттің өзгешелігі ме?! Ал бізде, мысалы орда бұзатын жасқа келіп, үйің болмаса ұят болатын жағдайда жүресің. Бізде айтады ғой «отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал ала алмайсың» деп қазір жасап қалу керек деген қағидалар бар. Кейде осы қағидалар бізді іштей шектейтін сияқты. Әрине, үй болып, қазығын қағып отырғанға не жетсін?! Дей тұрғанмен, шетелде 40-50 жасқа келіп жалдамалы пәтерде тұрып жатқан азаматтарды кездестіруге болады. Бірақ, қызметтегі адамдар банктен несие алып үй ала алуға мүмкіндіктері зор.

-Несие деп отырсыз, ол жақтағы несие пайызы аз дейді және жалақы көлемі көп деп жатады. Расында қандай?

Ол жақтың несиесі мен біздегі несиенің пайызы жер мен көктей. Өздеріңіз білесіздер, бізде кем дегенде 14-15-21 пайыз арасы несие. Ал ол жақта 3-4 пайыз ғана. Ал, жалақыны салыстыратын болсақ, ол жақта жұмыссыз отырған адамдар мемлекеттен бөлінетін жәрдем ақы 1500-2000 доллардың аясы. Ал, орташа жалақы көлемі 2-3 мың доллар. Сондықтан сол айлықпен 3-4 пайыздық несиеге үй алған ыңғайлы ма, әлде біздегі орташа жалақы қанша? 200-250 мың теңге шамамен. Сол ақшаға 18 пайызбен несиеге үй алған тиімді ме? Сондықтан арасы жер мен көктей.

-Алда 8 наурыз. Бізде демалыс білесіз, ол жақта қалай атап өтеді?

-Мен 8 наурызды Норвегияда тойлап көргенім жоқ. Өйткені, былтыр да келіп кеттік. Биыл да осында қарсы алып жатырмыз. Жалпы, ол жақта шерулер өтеді. Сол шеру сәл мерекелеумен шектеледі. Біздегідей халық демалмайды. Жұмыс күні болып есептелінеді. Бірақ, халық атап өтеді.

-Шетелде жүрген сізге ұнайтын сияқты? Өйткені, бір кездері АҚШ-та өмір сүрдіңіз. Әлде шетелде өмір сүру оңай ма?

-Үйрену жағынан өте оңай болды деп айта алмаймын. Бірақ ауыр да болды деп айта алмаймын, өйткені, рас бұрын соңды АҚШ-та тұрғаным бар. Оқығаным бар. Шетелде тұрғаным бар. Дей тұрғанмен ол жақтың тілі норвег тілі. Ағылшын тілі қосалқы түрде қолданылады. Ағылшын тілін білмейтін адам жоқ. Бірақ, құжаттары норвег тілінде. Мынау дүкендегі барлық азық-түлік, киім-кешектердің атауы өз тілі яғни норвег тілінде жазылады. Соған риза боласың. Сондықтан қазір енді нарвег тілін оқуға тура келіп тұр. Мен одан қорықпаймын. Себебі, тілге икемім бар. Ол уақытты талап ететін дүние.

-Әл- ауқатына тоқталсаңыз

-Норвегия Еуропадағы әлеуметі ең жоғары ел. Ол жақта қайыртілеп тұрған бір адамды көрмейсің. Өйткені, әр азаматының құқығы қорғалған. Әлеуметтік жағдайы да жасалған. Тіпті, сен жұмыссыз үйде отырып қалсаң үкімет өзі көмектеседі. Содан кейін шетел азаматы болсын, қамқорлық жасалады. Ал, жұмыс кестесіне келетін болсақ, барлық мекеме таңғы сағат 9-дан кешкі 16:00 дейін істейді. Төрттен кейін барлық банк, балабақша, басқа да мекемелер жабылып қалады. Содан кейін менің таң қалатыным, сенбі жексенбі күндері банк түгелі, дүкендер де жабылады. Яғни демалыс деген сөз.

-Демек, сәбиіңіз Норвегияның азаматы?

-Жоқ. Сәбиім де, өзім де, жолдасым да Қазақстан елінің азаматымыз. Оны ауыстыратын ешқандай ойымызда жоқ. Барлығы солай ойлайды. Норвегияға барып сол жақтың азаматтығын алып келді деп. сол жақтың азаматтығын алып, сәбилі болды деп. мәселе онда емес, ол АҚШ-та шығар егер сол жақта босансаң, балаға автоматты түрде азаматтық беріледі деген. Әриен, біз Норвегияда тұрып жатқан соң, мемлекет әлеуметтік жағын қарастырып қойған. Дәрігер көмегі, балабақша, мектеп барлық халық сияқты тең құқылымыз.

-Елге қашан ораласыз?

-Мен келіп кетіп жүрмін. Айттым ғой бір жола көшкенім жоқ. Егер ұсыныстар болып жатса, ұшақ бар Құдайға шүкір. Мен өз еліммен біргемін. Әзірге жолдасымның қызметімен жүрмін шетелде. Егер басқа елге жіберсе, онда барып тұруға әзірмін. Мен өзім ізденісті жаңашылдықты жақсы көретін адаммын. Ол елде қазақтың етін сағындым.

-Сонда ет жоқ па Норвегияда?

-Ол жақтың тамағы тек балық. Қазақтың құрт майы, қазы қартасы, еті жоқ. Сағынамын. Елімнің топырағына, асына мәдениеті мен салт дәстүріне бәрібір ешнәрсе жетпейді ғой.

Оқи отырыңыз:

Желідегілер Медеу Арынбаев пен ұлының ұқсастығына қайран қалды

Қарақаттың жерік асын тауып әкелген Қыдырәлі көпшілікті сүйсіндірді (видео)

Ердос Қанаев та “Жігіттер” тобынан кете ме?

Аша Матай клипіне өзге ұлттың қыздарын түсірген Төреғалиді сынап тастады

 

 

Талқылау