Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі жасында қатты күйік шалып, өз еміне қаражат жинаған жеткіншек Израильге аттанды

Абдурахман Темірбектің 2 жасында беті-қолы, денесінің көп бөлігі қатты күйіп қалған. Бүгінде 14-ке келген жеткіншек сурет салып, өз еміне қаражат жинап жүр. Баланың анасымен редакциямыз былтыр сұхбаттасып, жағдайын білген еді. Қазақстандықтар мен  туыстарының көмегімен жеткіншек Израильге емделуге аттанды. Stan.kz тілшісі баланың жағдайы мен емі қалай жүріп жатқанын білді. 

Абдурахман көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бұған дейін анасы оның алты наркоз қабылдаған соң, ақпаратты баяу қабылдайтынын, достарымен арақатынасы суық, себебі бет-әлпетінен жиі қысылатынын айтқан. Бұған қарамастан, жеткіншек күйзеліске түскен жоқ, өз қолымен сурет салады және туындыларын сату арқылы еміне қаражат жинап жүр.

Қазіргі уақытта анасы мен баласы Израильдің Иерусалим қаласындағы Хаддас клиникасында ем қабылдап жатыр. 

"Бірінші операция өтті. Оған экспандер (арнайы силиконды баллон, пластикалық хирургияда қолданылады - авт.) пайдаланылды. Енді оны үш ай бойы үрлейді. Содан кейін негізгі екі ота жасалады. Осы жерде 4 ай боламыз", - дейді анасы Айнұр Исмагулова.

Ота жалпы 4 кезеңнен тұрады. Бұл бірінші кезең. Екінші кезеңі осы жылдың соңында болады. Әр кезең 3-4 айға созылады.

"Дәл қазір біз емнің тек бірінші кезеңіне ғана қаражат жинадық. Ақша қоры жиналды, баламның суреттерін саттық, достарымыз бен туыстарымыз көмектесті. Алайда қазір жиналған ақша тек емнің бірінші кезеңіне ғана жетеді", - дейді анасы Айнұр.

"Профессор Маргулестің қабылдауында болғанда ол бізге операцияның барлық кезеңін көрсетті. Абдурахман да, мен де мұны көріп шошып кеттік. Мұны жасаудың қажеттілігі жайлы ойланып қалдық", - дейді ол.

Айтуынша, психологпен сөйлескен соң барлығы өз орнына келген. Көп науқаста операция алдында қорқыныш сезімі болады екен. 

"4 қаңтарда бірінші операцияны жасады, экспандерлерді салып берді, енді апта сайын оны үрлетуге барып жүрміз". Қазір ұлымның жағдайы жақсы, тек басын бұрғанда қиналады. 

Наурызда тағы екі ота жасалады. Бетінің терісін жартылай қалыпқа келтіреді. Қалған бөліктері емнің үшінші, төртінше кезеңінде жасалады", - деп бөлісті емнің барысымен жеткіншектің анасы.

Айтуынша, қазіргі уақытта клиниканың иелігіндегі пәтерде тұрып жатыр. 

Қайғылы оқиға 2009 жылдың қазан айында болды. Ол кезде Абдурахманның жасы 2-де болған. Қазір жеткіншек өтпелі жаста болғандықтан, бойы өсіп, терісі одан бетер жиырылады. Қолы зақымдалған, жұдырық қылып жұма алмайды, бетінде тыртықтары қалып қалған.

"Мектепте көп ренжіткен сияқты, сыныпта тек қыздармен оқитын болғандықтан достары жоқ. Бала кезден сурет салғанды жақсы көреді. Үйде, отбасымда сурет салу қабілеті көп адамға берілген. Өзі салған суреттерді еріктілерге көрсеткенімде, олар осы туындыларды сатуды ұсынды. Ол кезде ұлым салған 1-2 суреті қана бар еді. Кейін желіге салған соң, суреттер сатыла бастады. Еріктілердің бұл идеясы Абдурахманның өзіне де қатты ұнады. Өзіне ұнайтын нәрсемен айналыса отырып, еміне қаражат жинауға үлес қосады. Әдетте, ол суретті 3 сағаттай салады. Қазір бастапқыда салып жүргенге қарағанда біршама үйреніп қалды. Сондай-ақ, сурет салудан беретін мұғалімдерден кеңес алып отырады", - дейді анасы.

Айтуынша, адамдардың қолдауы отбасыға қатты көмектескен.

"Мен баламның тірі қалуын бірнеше күн бойы Құдайдан сұрадым. Абдурахман есін жиды, мен үшін бұл ғажайып болды, Аллаға сансыз шүкірлік етемін", - дейді баланың анасы.

Айта кетейік, осыған дейін жас балаға жаңа өмір сыйлайтын тері ауыстыру отасын жасау үшін отбасы 80 000 доллар жинап жатқанын хабарлаған едік. 

 

STAN.KZ
Сейсенбі, 12 Қаңтар, 2021 15:34
Талқылау