Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ішкі істер министрі Грузияда қаза тапқан Әсел Айтпаеваның ісі туралы айтты

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев отандасымыз Әсел Айтпаеваның Грузияда қаза болу фактісі бойынша тергеу барысын баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғымбаев қылмыстық іс бойынша Қазақстанда да, Грузияда да тергеу жүріп жатқанын атап өтті.

“Осы қылмыстық іс бойынша бірқатар тергеу әрекеттері жүргізіліп, адам саудасы туралы іс қозғалды. Негізгі айыпталушы қазір ұсталды, қамауға алынды, тергеуде жатыр, бірқатар тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар Грузияда өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу фактісі бойынша грузин әріптестеріміз тергеу жүргізуде. Грузия полициясымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Бірақ тергеу іс-әрекеттері аяқталғанға дейін тергеу материалдарын жариялай алмаймын. Тергеу әріптестерімізбен тығыз байланыста жалғасуда”, – деді Тұрғымбаев.



Еске салайық, 6 мамырда қазақстандық бойжеткен Грузияда түсініксіз жағдайда көз жұмғаны айтылған еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол тоғызыншы қабаттан құлап кеткен. Кейіннен Грузия бас прокуратурасы Әселдің зорланғаны туралы мәлім етті.  Өлер алдында ол досына аудио хабарлама жіберіп үлгерген, онда ер адам оған зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытқанын естуге болады. Сонымен қатар  қыздың өлімін егжей-тегжейлі тергеу үшін Қазақстан ІІМ Грузияға өзінің тергеу-жедел тобын жібереді.

Гүлдана Қазтай
Жұма, 11 Маусым, 2021 13:53
Талқылау