Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран ел тарихындағы ең ауыр су тапшылығын бастан өткеріп жатыр

Фото: Emilio Morenatti

Орталық Азияны алдағы жылдары салдары ауыр су дағдарысы күтіп тұр. Сарапшылардың мәліметінше, өңірде су ресурстарының тапшылығы тереңдеп, бұл жағдай экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Мамандар елдерді бірлесіп әрекет етіп, су дипломатиясын дамытуға шақырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "24KZ" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

IRNA агенттігінің мәліметінше, Ирандағы 19 ірі бөгет суынан айырылудың аз-ақ алдында тұр, ал үшеуі мүлде құрғаған. Жерасты көздері де сарқылып барады. Тегеран ең жылдам қарқынмен су қорынан айрылып, бір жылдың ішінде астанадағы су қоры екі есеге қысқарған. Осыған байланысты Ислам Республикасы билігі елдің астанасын көшіру туралы мәселені байыппен қарастырып жатыр. Қазір елде өзендер мен құдықтар кеуіп, шаруалар жерлерін тастап кетіп жатыр. 

Экологтар мұндай жағдайды жауын-шашын мөлшерінің екі есеге азаюымен және табиғи ресурстарды дұрыс пайдаланбаумен байланыстырады. Ал сарапшылар бұған жемқорлық пен суды аймақтарды бақылаудың саяси тетігі ретінде пайдалануды себеп деп санайды. 

Ғылым докторы, Иранның Ұлттық қарсылық кеңесінің өкілі Масуме Болурчидің пікірінше, бүкіл ел тек сусыз емес, болашақсыз қалу қаупінде тұр.

"Қазіргі құрғақшылық – ел тарихындағы алғашқысы емес, бірақ бұл жағдай шешуші кезеңге айналуы мүмкін. Он тоғыз бос бөгет бұл жай ғана статистика емес, қажыған ұлттың символы. Экологиялық күйреу енді саяси құлдыраудан ажырамайтын болды. Құдықтар құрғап, қалаларда әр тамшы су есеппен бөлінген кезде, адамдар құрғақшылықты тағдыр емес, биліктің сәтсіздігі ретінде қабылдай бастайды", – деді маман. 

Иранда ауыл шаруашылығы судың 88%-ын тұтынады, бірақ елдің жалпы ішкі өнімінің тек оннан бір бөлігін ғана қамтамасыз етеді. Билік суды көп қажет ететін дақылдарға суару шектеуін енгізіп, өндірісті елдің оңтүстік жағалауына көшіруді жоспарлап отыр. Кейбір шенеуніктер фермерлердің су тұтынуын екі есеге азайту немесе ауыл шаруашылығынан мүлде бас тарту қажет деп санайды. Алайда бұл азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Осы уақытта Иранның орталық және шығыс аймақтарындағы жерасты су қабаттары қайтымсыз сарқылып жатыр. Исфахандағы жерасты судың шамадан тыс тартылуы жердің шөгуіне әкелді. Бұрын үлкен ішкі теңіз болған Урмия көлі қазір апатты деңгейге дейін төмендеп, оның көп бөлігі ғарыштан да көрінетін тұзды шөлге айналған.

Ирандағы жағдай – жаһандық су тапшылығының бір бөлігі. Биыл Үндістан мен Пәкістан жарты ғасырдан астам уақыт күшінде болған Инд суы туралы келісімді бұзды. Сарапшылардың айтуынша, жақын болашақта Орталық Азияны да су дағдарысы күтіп тұр. Қазақстан мен Қырғызстанда су тапшылығы сезілсе, Өзбекстан халқының үштен бірі табиғи апат қаупі жоғары аймақтарда өмір сүреді. Су жетіспеушілігі шамамен 82 миллион адамға әсер етуі мүмкін. Егер елдер бірлесіп шешім қабылдамаса, аймақта көші-қон, тұрақсыздық және азық-түлік дағдарысы туындауы ықтимал.

Италияның Халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі Кьяра Шисса Орталық Азия елдеріне су дипломатиясын дамыту қажет екенін айтады. Яғни ортақ өзендерді бірігіп басқару арқылы су тапшылығының зардабын азайту керек.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) әлемнің жаһандық су дағдарысына тез жақындап келе жатқанын ескертті. Климаттың жылынуы су тасқындары мен қуаңшылықты күшейтуде. 2023 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болды. Сөйтіп орташа температура 1,5°C-қа көтерілді. Соның салдарынан булану артты, нөсерлер мен су апаттары жиілеп, мұздықтар көлемі 450 гигатоннаға азайды. Бұл мұхит деңгейін 1 миллиметрге көтеріп, жағалаудағы миллиондаған адамға қауіп төндірді.

Ғалымдар экологиялық процестердің өзара байланысты екенін айтады: мұздықтардың еруі муссондарға, мұхит ағыстарының өзгеруі тайфундар мен циклондарға әсер етеді. ДМҰ елдерді ынтымақтастықты күшейтіп, деректермен алмасуға шақырып, бұл болашақ апаттардың алдын алып, миллиондаған адамның өмірін сақтауға көмектеседі.


"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты


Тоқаев Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды


Еске салайық, бұған дейін Еуропада рекордты құрғақшылық байқалып, Еуропалық комиссия су үнемдеу бойынша жаңа стратегия әзірлеген еді. Комиссар Джессика Росвалл тұрғындарға суды қанша мөлшерде пайдаланатынын ашық көрсетіп, үнемдеуге ынталандыратын шара болуы мүмкін екенін айтты. Германияда бір адам тәулігіне орта есеппен 121 литр су тұтынады: оның 36%-ы жеке гигиенаға, 27%-ы дәретхананы жууға, 12%-ы кір жууға кетеді. 

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 10:23
Талқылау