"Жалғыз өзі шетелге барып келген қызға жоламаңдар": Әлеуметтік желідегі пікірлер қазақстандық арулардың наразылығын тудырды
Фото: Жасанды интелект көмегімен жасалған
Қазақстандық кей жігіттердің шетелден оралған қыздарды "ред флагқа" теңеп, олардан бойын аулақ ұстауға шақырған пікірі желіде қызу талқыға түсті. Ерлер қауымы мұндай қыздармен отбасы құру қауіпті әрі қалтаға салмақ салады десе, қыздар бұл сөзді ер азаматтардың әлсіздігі мен комплекстерінің көрінісі деп қабылдады. Олардың айтуынша, шетел көріп, еркіндік пен еңбек арқылы өскен қыз артық жүріске емес, дамуға ұмтылған тұлға. Бұл тақырып төңірегіндегі пікірталасты Stan.kz тілшісі зерттеп көрді.
Мұндай пікір жазған жігіттердің айтуынша, шетелге жалғыз шыққан қыздар ол жақтағы еркіндікке үйреніп, көп нәрсеге ерік беруі мүмкін.
“Жігіттер, бастарың істесе жалғыз шетелге барып келген қыздарға үйленбендер! Ол жақта не істеп келгендерін өздерінен басқа ешкім білмейді. Мына жақта ұяң болып, шетелде өзгеріп кететіндер көп. Анқау болмандар!”;
"Шетелді көрген жігіттер түсініп отыр. Онда жүрген қыздарымыз, жігіттерге қарағанда түрлі нәрсеге көп ерік береді. Олардың іс-әрекетін ата-анасы көрмейді, не істеп жүргенін білмейді. Сол себепті қыздар шетелге ағасымен, ата-анасымен немесе күйеуімен бірге шығуы керек. Шетелге күйеуге тигендердің жылап жүргені қаншама, қаза тапқандары қаншама, біз білмейтіндері қаншама. Ұл бұзылса, отбасы бұзылады, қыз бұзылса, ұлт бұзылады”;
“Бір ауылдан шықпаған қыздар ұнайды. Көп нәрсе сұрамайды, бір екі бала туғызсаң, болды. Үйде отыра береді. Шетелге шыққандар бәле, бәрін көріп алған, ми жей береді. Оған тағы ертең ары-бері жүрісіне ақша керек. Мұның бәрі мәселе”, – деп жазды жігіттер.
Фото: Желі жазбаларынан скрин
Олардың бұл пікірі көп қыздардың шамына тиді. Арулар керісінше, дүниетанымы кең, ел көрген қыздардың мықты екенін алға тартты.
“Кейбір жігіттер шетелге өзі шығып, табыс табуға немесе кеңірек ойлауға мүмкіндік таппаған. Сол себепті еркін әрі көзқарасы кең қыздарға деген ішкі қызғанышын осындай пікірлермен ақтағысы келеді”, “Есі дұрыс, саналы, көзі ашық еркек керісінше барынша дүниетанымы кең, ел-жер көрген, арманы асқақ қыздарға қызығады”, “2 апта бұрын қарындасымды АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен жібердік. Білмеймін енді, бірақ бұл пікір қате-ау! Жақсы адам кез келген жерде жақсы болады. Жаман адам қанша қадағаласаң да, бәрібір өзінікін істейді”, – деп жазды желі жұртшылығы.
“Қазақ жігіттері шетелге шықса, бірден адамдықтан айырылады”
Осы тақырыпты қазақстандық Елдана есімді ару керісінше сипаттады. Айтуынша, шетелде жүрген қазақстандық қыздарға қарағанда жігіттер өздерін ерсі ұстайды.
“Вьетнамда жүрген кезімде басымнан өткен ең ыңғайсыз жағдай қазақстандық жігіттермен таныстық болды. Білмеймін, бірақ кейбір қазақ жігіттері шетелге шықса, бірден адамдықтан айырылады. Вьетнамда бір жарым ай болдым. Осы уақыт ішінде біздің жігіттер менімен екі рет таныспақ болды. Бір рет Telegram арқылы, екінші рет жай ғана жағажайда. Бірінші күні олар өзін салыстырмалы түрде сыпайы ұстағандай көрінді. Ал екінші күні-ақ мені төсекте көруге дайын екенін айтты. Тек бір-ақ рет бірге тамақ ішкеніміз үшін. Ал егер мен шекарамды сыпайы түрде көрсетіп, "кешір, біздің танысқанымызға екі-ақ күн болды, қандай қарым-қатынас туралы сөз болып тұр?" десем, олар мені мүлде түсінбейді. "Біз екі рет кафеде отырдық қой, неге қарсысың?" – дегендей жауап естисің.
Мен олардан ақша сұрап жүрген жоқпын, сырт келбетім де ашық-шашық емес, өзімді жеңіл жүрісті адамша ұстап тұрған жоқпын. Сонда да, маған кейбір жігіттердің осылай қарайтыны ауыр тиеді. Өтініш, өз-өздеріңізді дұрыс ұстаңыздар. Жануар емес, адам секілді болыңыздар.
Құрметті жігіттер, шетелде жүрген қазақ жігіттері үшін ұяламын. Қыз баланың жалғыз саяхатта жүргені – ол бәріне дайын дегенді білдірмейді. Бұл – өте қате түсінік. ”, – деді қазақстандық ару.
“Мұндай ер адамдарға әйелдің еркіндігі – қауіп”
Психолог, психосоматика саласының сарапшысы Нұрлан Несіпбайдың айтуынша, шетелге шыққан қыздардан аулақ болуға шақыратын жігіттер көбіне іштей өздерін олардан төмен көреді.
“Мұндай сенімсіздік көбіне қызға емес, ер адамның өз ішкі қорқынышына қатысты. Шетелде өмір сүріп келген әйелдің дүниетанымы кеңейеді. Еркін, өзін-өзі танитын, шешім қабылдай алатын адамға айналады. Ал кейбір ерлер мұндай әйелдің қасында өздерін мықты емес сезінуі мүмкін. Бұл жерде мәселе әйелдің әрекетінде емес, ер адамның ішкі дайын еместігінде.
Біздің мәдениетімізде ғасырлар бойы ер – қорған, әйел – тәуелді деген модель қалыптасқан. Ал шетелден келген қыз осы жүйеге сыймайды. Ол жаңа тәжірибемен, өз ойын ашық айту мәдениетімен оралады. Бұл тұрғыда ерлер өз билігін жоғалтып алудан қорқады. Ол үшін әйелдің еркіндігі – қауіп. Ал шын мәнінде бұл қорқыныш еркін, тең серіктестікке дайын емес екенін көрсетеді. Шынында, ер адамның нағыз күші бақылауда емес, сенімде”, – деді маман.

Қазақстан қалаларында қоғамдық көлікпен жүру құны қанша
