Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балаларға өте қауіпті": "Гонконг" тұмауын кәдімгі тұмаудан қалай ажыратуға болады

Фото: Stan.kz

Кейінгі апталарда ел арасында "Гонконг тұмауы" деген атаумен таралып жатқан H3N2 вирусына қатысты алаңдаушылық күшейді. Мамандардың айтуынша, бұл штамм жаңадан пайда болған індет емес, бірақ асқыну қаупінің жоғары болуына байланысты ерекше бақылауға алынған. Stan.kz тілшісіне денсаулық сақтау саласының мамандары қазіргі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтқанымен, аурудың салдары қиын болатынын жеткізді. Бұдан бөлек дәрігерлер қалай емделу керек екенін және бұл тұмау несімен ерекшелетінін айтып берді.

“Гонконг тұмауы аяғы ауыр әйелдерге, 60-65 жастан асқан адамдарға және сәбилерге өте қауіпті”

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жасұлан Алпысбаевтың айтуынша, H3N12 штамы халық арасында "Гонконг тұмауы" деп аталып кеткен А типті тұмау вирусының бір түрі.

"Бұл жаңадан пайда болған вирус емес. H3N2 штамы 1968 жылдан бері белгілі және сол жылдан бастап айналымда жүр. Алғаш рет ХХ ғасырдың ортасында Гонконг қаласында анықталғандықтан, халық арасында “Гонконг тұмауы” деген атаумен қалған. Қазақстан аумағында бұл вирус шамамен 2003 жылдан бері кездесіп келеді және жыл сайын күз-қыс, көктем айларында белсенділігі артады", – дейді Жасұлан Алпысбаев.

Маманның айтуынша, бұл тұмаудың белгілері басқа вирустық тұмау түрлерінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Дегенмен оның асқыну қаупі жоғары.

Негізгі симптомдары

•    Дене қызуының 39°C-қа дейін және одан жоғары көтерілуі;
•    Құрғақ жөтел;
•    Бұлшық еттің ауырсынуы;
•    Жалпы әлсіздік пен шаршағыштық;
•    Бас ауруы мен қалтырау;
•    Тәбеттің төмендеуі.

Аурудың өту ерекшелігі

Ересектерде:

•    Қиын тыныс алу (одышка);
•    Сананың бұлыңғырлануы;
•    Дене қызуы 5 күннен артық түспеуі;
•    Өте күшті әлсіздік;
•    Кеудедегі ауырсыну.

Балаларда:

•    Тыныстың жиілеп кетуі;
•    Ауыз жиі кебеді;
•    Артық ұйқышылдық, қатты ұйқыға бейімділік;
•    Кез келген уақытта ұстамалар немесе демікпелер;
•    Әлсіздік себебінен су ішуден бас тартады.

Уақытында емделмеген жағдайда болатын асқынулар

•    Бронхит;
•    Өкпе қабынуы;
•    Пневмония;
•    Иммунитеттің әлсіреуіне байланысты қосымша инфекциялар қосылады. 

Әсіресе қауіпті топқа кіретін азаматтар ерекше сақ болуы қажет дейді Жасұлан Алпысбаев.

"Бұл тұмау түрі аяғы ауыр әйелдерге, 60-65 жастан асқан адамдарға және сәбилерге өте қауіпті. Осы үш санаттағы азаматтар ауру белгілері байқалған жағдайда уақыт созбай, бірден медициналық көмекке жүгінуге тиіс. Әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті белгілерге ерекше мән беру керек. Егер қызу кезінде бала тамақ ішпей, су ішуден бас тартса, тыныс алуы қиындап, ентігу күшейсе, санасы өзгеріп, өте әлсіз немесе керісінше шамадан тыс ашушаң болып, тоқтаусыз жыласа, аурудың ауыр өтіп жатқанын көрсетеді", – деп ескертті Жасұлан Алпысбаев.

Фото: Жасұлан Алпысбаевтың жеке архивінен

Қазір еліміз бойынша 10 мың стационарлық орын дайындалған. Оның 76%-ы науқастармен қамтылып отыр.

"Стационарлық ем қабылдап жатқан азаматтардың басым бөлігінде аурудың асқыну белгілері байқалған. Сондықтан үй жағдайында өзін өзі емдеумен айналысу өте қауіпті. Өздігінен дәрі қабылдау жағдайды ушықтырып, созылмалы аурулары бар адамдарда ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Эпидемиялық кезеңде қоғамдық орындарға бару қажет болған жағдайда бетперде кию міндетті. Медициналық мекемелерде, қоғамдық орындарда және үй жағдайында бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жүргізу керек. Осылай вирустың таралуын азайтады. Сонымен қатар дұрыс тамақтану, иммунитетті көтеру де маңызды", – деп кеңес берді Жасұлан Алпысбаев.

“Ата-аналар бос дүрбелеңге салынбау қажет”

Ал Астана медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, министрліктің бас штаттан тыс балалар инфекционисті, профессор Динагүл Баешева ата-аналарды сабыр сақтауға және өзін өзі емдеуге асықпауға шақырады.

"Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың көпшілігі жеңіл түрде өтеді. Егер баланың жағдайы тұрақты болып, тек жеңіл жөтел мен мұрыннан су ағу байқалса, оны бірден ауруханаға апару қажет емес. Керісінше, үйде оқшаулап, тыныштық режимін сақтап, молынан жылы су ішкізу маңызды. Алайда жоғары температура түспей, баланың тыныс алуы қиындаса, дереу дәрігер көмегіне жүгіну қажет", – дейді профессор Динагүл Баешева да.

Егер ауру қалыпты деңгейде өтсе, бала мектепке, балабақшаға немесе адам көп жиналатын орындарға бармауы тиіс дейді Динагүл Баешева.

"Себебі ол басқа вирустармен қайта жұқтырылса, аурудың өту барысы ауырлап кетуі мүмкін. Сондықтан балада тек жеңіл тұмау белгілері мұрыннан су ағу мен жөтел ғана болса да, ол міндетті түрде үйде қалып, тынығуы қажет. Егер дене қызуы ыстық түсіретін дәрілерге қарамастан төмендемесе, ентігу күшейсе, құсу пайда болса немесе қатты бас ауруымен қатар температура сақталса, бұл да өте қауіпті белгі. Мұндай жағдайда міндетті түрде жедел түрде медициналық көмекке жүгіну қажет", – дейді Динагүл Баешева.

Балалар инфекционисті тұмау маусымында ата-аналардың дұрыс әрі салмақты әрекет етуінің маңызды екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әрбір баланың жағдайы жеке қаралуы қажет. Себебі аурудың өту барысы оның денсаулық ерекшеліктеріне байланысты өзгереді.

"Әр баланың жағдайына жеке, ситуативті түрде қараған жөн. Оның созылмалы аурулары бар ма, қандай да бір даму ерекшеліктері немесе диспансерлік есепте тұруы бар ма, осының бәрін ескеру қажет. Дәрігермен алдын ала хабарласып, кеңесу өте маңызды. Ең бастысы, бүгін байқап отырғанымыздай, ата-аналар дүрбелеңге салынып, бос дүрлікпеге жол бермеу қажет", – дейді профессор Динагүл Баешева.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

“Тұмауға қарсы вирусқа әсер ететін препараттар бар”

Профессордың айтуынша, дене қызуы көтерілген кезде парацетамол баланың 10-15 мг/кг мөлшерінде беріледі, тәулігіне ең көбі 4 рет. Егер қызу түспесе, баланы тек бөлме температурасындағы сумен ғана сүрту керек.

"Баланы спирт, сірке немесе басқа да иісі бар ерітінділермен ысқылауға қатаң тыйым салынады. Тек жылы, қайнатылған су ішкізу керек. Жылы су тез сіңеді, ал тәтті шырындар мен компоттар қақырықты қоюландырып, жөтелдің ұзаққа созылуына әкеледі. Сонымен бірге ауырған бала міндетті түрде дұрыс тамақтануға тиіс. Чипсы, шұжық сияқты дүкен тағамдары емес, үйде әзірленген жылы сорпа, ет, жұмыртқа, сүзбе, үгілген көкөніс пен жеміс ағзаның сауығуына көмектеседі", – дейді дәрігер.

Парацетамолдың әртүрлі атаумен сатылатынын да ескерткен жөн. Профессор Динагүл Баешеваның айтуынша, парацетамол әртүрлі сауда атаулары бойынша сатылады:

•    Панадол
•    Эффералган
•    Колдрекс
•    Терафлю
•    Антигриппин
•    Фервекс
•    Цефекон

Барлығы бір ғана парацетамолға негізделген препараттар дейді дәрігер.

2. Қате түсінікке жол бермеу

Кейбір ата-аналар бұл дәрілерді әртүрлі деп ойлайды. Бұл үлкен қателік. Бір мезетте бірнешеуін беру арқылы балаға парацетамолдың жоғары дозасын беріп қою қаупі бар дейді Динагүл Баешева.

3. Тұмауға қарсы арнайы препараттар

Осельтамивир тек тұмау вирусына әсер етеді. Осельтамивир асқынулар қаупін төмендету үшін қажет, ауру уақытын қысқарту үшін емес. Шамамен 7 күннен соң иммунитеті көтеріліп, денсаулығы жақсарады. Осельтамивирді күніне 2 рет 5 күн бойы қабылдау керек.

Сауда атаулары: 

•    Тамифлю
•    Флувир
•    Сельтавир
•    Намидез. 

Ал ацикловир грипп немесе герпангинге әсер етпейді. Егер балада немесе ересек адамда ауру белгілері анықталса, онда оған тұмауға қарсы Тамифлю беру пайдасыз. Сондықтан науқаста нақты тұмау белгілері бар екеніне көз жеткізу маңызды.

Басқа ЖРВИ түрлеріне озельтамивирдің әсері жоқ. Осы препараттарды жаппай сатып алу немесе қолдану қажет емес деді маман. Маман індеттің кең таралуын тежеу үшін қарапайым санитарлық нормаларды сақтауды да қаперден шығармауға үндейді.

"Ауру бала үйде 4-5 күн жатып, толық жазылған соң ғана балабақшаға немесе мектепке баруға тиіс. Жөтел мен мұрыннан су ағу кезінде реинфекция алу қаупі жоғары. Отбасылар бір-бірін түсініп, ауру адамдар маска тағып, қолды жиі жуып, қауіпті жағдайлардың алдын алса, біз бұл маусымды жеңіл өткізе аламыз", – дейді профессор Динагүл Баешева.
Айым Атамбаева
Бейсенбі, 20 Қараша, 2025 18:01
Талқылау