"Жолдасым АҚШ әскерінде борышын өтеп жүр”: Қазақстандық ару күйеуімен Америкаға грин карта ұтып алып, 10 есе жоғары табыс табатынын айтты

Фото: Мөлдірдің жеке архивінен
Желіде Нью-Йоркте шетелдіктердің қасын әрлеп, жұмыс істеп жүрген қазақстандық қыз көптің назарына ілігуде. Шығыс Қазақстан облысының тумасы Мөлдір Қасымбаева жұбайымен 5 жыл бойы грин карта лотереясына қатысып, ақыры мақсаттарына жеткен. Бүгінде арудың жары Американың әскерінде борышын өтеп жатыр. Қазақстаннан шетелге шығып, өмірін өзгерткен ару Нью-Йоркте 10 есе көп табыс табатынын алға тартты. Stan.kz тілшісі Мөлдірден шетелдегі өмірі, табысы мен Нью-Йоркке бару жолын сұрап білді.
Мөлдір Аягөз қаласы Тарбағатай ауылында туған. Семейде педагогикалық білім алып, университетте ұстаздық еткен.
“Қазақстанда жоғары оқу орнында сабақ бердім. Одан кейін ақшасы аз болғандықтан қас жасап, қосымша табыс тауып жүрдім. Кейін Семей қаласынан сұлулық салонын ашып, сонда жұмыс істедім. Негізі бұрыннан АҚШ-қа баруды жоспарлап жүретінбіз. Тур визаға тапсырдық, бірақ құжат мақұлданбай, бас тартылды. Соған қарамастан жыл сайын грин карта лотереялық ойынына қатысып отырдық. Бес жыл бойы қатысып, бесінші жылы ұтып алдық. Грин картаның дәрежесі өте жоғары. Мұнда Америка азаматтығынан айырмашылығы тек президент сайлауына қатыса алмайсың. Басқа барлық есік ашық болады. Жұмысқа да, оқуға да ресми түрде рұқсат бар”, – деді ол.
“Күйеуім Америка әскерінде борышын өтеп жүр”
Мөлдір жарымен осыдан 7,5 жыл бұрын Семей қаласында некелескен. Айтуынша грин картаның арқасында қазір күйеуі АҚШ-та әскерде борышын өтеп жүр.

Фото: Мөлдірдің жеке архивінен
“Америка әскерінің Қазақстаннан айырмашылығы мұнда өте жақсы сомада ай сайын жалақы төленеді. Әскерге барған соң 4 айдан кейн Америка азаматтығы беріледі. Американың ең беделді университеттерінде тегін оқуға мүмкіндік береді. Медициналық сақтандыру тегін болады. Тіпті әскерге барған адамдар салықты аз төлейді. Одан бөлек көп жерлерде міндетті түрде жеңілдіктер беріледі. Балаңыз болса, оған күтуші жалдау ақшасын мемлекет төлейді. Ал ол балабақшаға баратын болса, онда оның ақысы да жеңілдікпен болады. Жалпы мұнда ер азаматтар әскерге 7-8 айға кетеді. Содан кейін 3 жылдық келісімшартқа қол қояды. Кейін біздегі ҰБТ сияқты ағылшын тілінде тест тапсырады. Алған балына карай мамандық тандап, 3 жыл сол мамандыкпен жұмыс істейді. Сенбі, жексенбі демалады, қалған күндері жұмысқа барып келіп отырады. Бұл жақтың жүйесі осындай”, – деп қосты ару.
Мөлдір АҚШ-қа алғаш келгенінде қатты қинала қоймағанын алға тартты. Айтуынша, америкалықтар қолдауды жақсы көрсетеді.
“Келгенде қатты таңғалатындай жайттар болмады. Тек бұл жақта барлығы пошта жәшігін белсенді түрде қолданады екен. Құжаттардың бәрі сонда келеді. Одан бөлек, мұнда карта ашу немесе өзге де құжаттарды жасау Қазақстандағыдай тез емес, ұзағырақ жасалады. Тағы бір айтарлығы, салонда жұмыс істеу үшин лицензия алу міндеттеледі. Мысалы, маникюр, педикюр, макияж, шаш, кірпік жасау үшін мемелекеттен лицензия алып барып жұмыс істей аласың. Басқа ешқандай кедергі болған жоқ, тез үйреніп кеттім. Америка азаматтары керісінше ағылшынша дұрыс сөйлей алмай тұрсаң, сені қолдап, көмектеседі. Оның үстіне жанымда жолдасым болғандықтан мен үшін жеңіл болды”, – деді қазақстандық.
@moldir.kassymbayeva А сколько денег вы зарабатываете за 1день? #newyork #manhattan #brooklyn #рек ♬ оригинальный звук - Moldir Kassymbayeva
“Әр клиент 250 мың теңгеден төлейді: Табысым Қазақстандағымен салыстырғанда 10 есе көп”
Ару шетелдік клиенттерінің ерекшелігін де атап өтті. Айтуынша, олардың эмоцияларын ашық көрсететіні сонша, тіпті құшақтап алады екен. Одан бөлек, қосымша ақша қалдыратындарына да біраз уақыт үйренісе алмапты.
“Қазақстанмен салыстырғанда табысым 10 есе жоғары десем де болады. Бізде бір адамның қасын 20 мың теңгеге жасасам, Нью Йоркте бір адамға $500-600, 250 мың теңгеге дейін жасаймын. Одан бөлек, шетелдік клиенттер жұмысымды қатты сынамайды. Жеңіл қарайды, қатты қуанады, рахметті ақшалай қосымша беріп кетеді. Мысалы 500$-ға (шамамен 250 мың теңге) қасын жасасам және қатты ұнатса, қосымша ризашылығы ретінде $50-100$ (50 мың теңге) қалдырып кетеді. Иә кейде қай жақтан екенімді, Қазақстанның қай жерде екенін сұрап жатады. Көбіне Димашты айтамын, сол кезде кейбіреуі танып жатады”, – деді Мөлдір.
@moldir.kassymbayeva ♬ оригинальный звук - Moldir Kassymbayeva
Қазақстандық ару өзгелерге тіл үйреніп, қорықпай қадам жасауға кеңес берді. Айтуынша, бүгінгі өмірін бір кездері армандаған.
“Өзімді осы елдің бір адамы ретінде сезінгім келетін. Америка азаматтарымен жұмыс істеп көрсем дейтінмін. Ол кісілер өмірге қандай көзкараспен карайды, нені армандайды, соны білгім келетін. Одан бөлек, ағылшынша еркін сөйлегім келді. Сол үшін Нью-Йорктың қақ ортасы Манхэттеннан студия аштым. Міне, бұл жердегі америкалықтар осылайша менің клиенттеріме айналды. Алға қойған шағын мақсатыма қол жеткіздім. Мұны үлкен арман деп айтпай-ақ қояйын. Себебі әр адамның қолынан келетін іс, тек әрекет жасаса болғаны. Егер өзім секілді шетелге баруды ойлап жүргендер болса, бірінші орында ағылшын тілін жақсы үйреніңіз деп айтар едім. Алдыңызға анық мақсат қойып, заңды жолмен, еш ереже бұзбай жетіңіз дегім келеді. Себебі АҚШ-та заң қатаң сақталады. Заңды бұзған адамға болашағын жасау қиын болады”, – деп қорытты ол.
"Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балаларға өте қауіпті": "Гонконг" тұмауын кәдімгі тұмаудан қалай ажыратуға болады