Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан қалаларында қоғамдық көлікпен жүру құны қанша

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Бірер күн бұрын мұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қоғамдық көліктегі жолақы құны нарық талабына сай 500 теңге болуы керек деп мәлімдеді. Пікір әлеуметтік желі қолданушыларының жаппай наразылығын туғызды. Оны “халықтың жағдайын ескермей тұр” деп сынға алғандар көп. Stan.kz ақпарат агенттігі осы оқиғадан соң Қазақстан қалаларындағы жолақыны анықтап көрді.

Ең қымбат жолақы – 120 теңге Алматыда болса, ең арзаны – 70 теңге Шымкент, Түркістан, Ақтауда екен. Төмендегі инфографикада қолма-қол төлем емес, карта немесе QR-мен төлеу кезіндегі құны көрсетілген.

Қазақстандағы жолақы құны/Инфографика: Stan.kzҚазақстандағы жолақы құны/Инфографика: Stan.kz

Stan.kz сайтының анықтауынша, Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Талдықорған және Шымкентте оқушылар қоғамдық көлікпен тегін жүреді. Тек құжатын ала жүруі керек.

Студенттерге де біраз өңірде жеңілдік қарастырылған. Қазақстан бойынша студенттері көп өңірлерде оларға 50%-дық жеңілдік белгіленген. Атап айтқанда студенттер Алматы, Астана, Шымкент, Қонаев, Қызылорда, Петропавл қалаларында жалпы жолақы құнының жартысын төлейді. Ал Талдықорғанда студенттер де оқушылармен қатар тегін жүреді.

Қазақстандағы жолақы құны/Инфографика: Stan.kzҚазақстандағы жолақы құны/Инфографика: Stan.kz

Зейнеткерлерге де біраз өңірде 50%-дық немесе тегін жеңілдік белгіленген. Мысалы, Көкшетау, Ақтөбе, Талдықорған қалаларында зейнеткерлер тегін жүреді. Тек арнайы әлеуметтік картасын алып жүруі керек. Кей өңірлерде зейнеткерлердің тегін жүру мерзімі 70 немесе 75 жасқа дейін деп белгіленген.

Аталған жеңілдіктерден бөлек те әр өңірде ҰОС қатысушылары, 75 жастан асқан зейнеткерлер, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылардың балаларына, I және II топтағы мүгедектігі бар балалар мен олардың қамқоршыларына, саяси қуғын-сүргін құрбандары және басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлеріне жеңілдік белгіленген. Жеңілдік әр өңірде әртүрлі. Ең бастысы азаматтар өзінің әлеуметтік статусы көрсетілген құжатын немесе картасын көрсете алуы керек.

Еске сала кетейік, мұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов қоғамдық көліктегі жолақы құны нарық талабына сай 500 теңге болуы керек деп мәлімдеп, халық назарына ілікті. Оның айтуынша, қазіргі субсидиялау жүйесі тиімсіз әрі сыбайлас жемқорлыққа бейім. Ол нарықтағы шынайы баға мен ашық бәсекелестік орнамайынша, қоғамдық көлік сапасы артпайды дейді. Бұған дейін ол 2022 жылғы "Қанды Қаңтар" оқиғасына дейін сұйытылған газ бағасын көтеруді ұсынған еді. Оның осы жолғы пікірі де халық арасында талқыланып, наразылық туғызды. 

Еңлік Сақтан
Сейсенбі, 14 Қазан, 2025 16:31
Талқылау