Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран билігі бірнеше дронды атып түсіргенін хабарлады: Тегеран мен басқа қалаларда рейстер тоқтатылды

Иран билігі бірнеше дронды атып түсіргенін мәлімдеп, Израильдің елге зымырандармен шабуыл жасағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін ирандық БАҚ Иранның орталық бөлігіндегі Исфахан қаласының маңында жарылыстар болғанын жазған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: IRNA

Иран ғарыш агенттігінің өкілі Хоссейн Далириан Х әлеуметтік желісінде: "бірнеше ұшқышсыз ұшақты елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс қызметі атып түсірді, зымыранмен жасалған шабуыл туралы әлі ақпарат жоқ", — деп жазды.

Ирандық Press TV телеарнасының дереккөзі Иранға сырттан ешқандай шабуыл жасалмағанын хабарлады.

Бұған дейін CBS News және ABC News америкалық шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, Израиль Иранға зымырандарды ұшырғанын хабарлады. Ақ үй мен Пентагон бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.

"Қазір біз ешқандай түсініктеме бере алмаймыз", — деді Израиль армиясының өкілі AFP-ге.

Израиль билігі бұған дейін өткен демалыс күндері Иран Израиль қалаларына жүздеген зымыран мен дронды ұшырғаннан кейін жауап қайтаруы мүмкін екенін ескертті. Олардың барлығы дерлік атып түсірілді.

Бұл ретте АҚШ Иранға қарсы шабуылға қосылмайтынын, бірақ бейсенбіде шиеленісті тоқтату үшін ирандық дрондарды өндіруге қатысқан адамдар мен ұйымдарға санкция салатынын айтты.

Тегеран мен басқа қалалардың үстінде ұшу уақытша тоқтатылды. Атап айтқанда, Иран астанасындағы Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежай рейтерді қабылдамады және ұшырмады, деп хабарлады жергілікті БАҚ.

Mehr агенттігі Тегеран, Исфахан және Ширазға, сондай-ақ елдің батысы, солтүстік-батысы мен оңтүстік-батысындағы әуежайларға ұшатын рейстер тоқтатылғанын айтты.

CNN бұған дейін Иранның әуе кеңістігінде болған сегіз ұшақ бағытынан ауытқып кеткенін хабарлады.

Flightradar24 қызметінің мәліметі бойынша, олардың арасында Emirates және Flydubai авиакомпанияларының лайнерлері болған. Кейінірек Flydubai Иранға рейстерді тоқтатқаны белгілі болды. 

Айта кетейік, бұған дейін Израиль әскері бас штабының басшысы Герци Халеви Израильдің Иран шабуылына жауап беретінін және мұны қалай жүзеге асыратынын шешіп жатқанын айтқан еді.

"Иран өз әрекетінің зардабын шегеді. Біз тиісті жауап қайтарамыз. ЦАХАЛ кез келген қауіпке қарсы тұруға дайын", – деді ол.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ЦАХАЛ-дан Иранға адам шығынынсыз "сигнал жіберетін" нысана нұсқаларын ұсынуды сұрады.

Талқылау