"Құдды бір нашақор болып кеткендеймін": Қазақстанда интернетке тәуелділерді қалай, қайда емдейді?
ХХІ ғасырда кәрі-жас, бай-кедей, әйел-еркек деп талғамайтын дерттің бір түрі пайда болды. Интернет желісін бірнеше сағат бойы үздіксіз пайдалану кибер-тәуелділік деп аталады. Тәуелділіктің мұндай түріне әртүрлі жастағы адамдар шалдығады, олардың көпшілігі - балалар мен жасөспірімдер. Бүгінгі күні көпшіліктің бас ауруына айналған мәселені шешудің жолдары бар ма? Қазақстанда интернет-тәуелділіктен қайда және қаншаға емделуге болады? Қазақстандық психологтар не дейді? Stan.kz тілшісі зерттеп көрді.
Мамандар жасөспірімдер мен балалардың интернетке басқа санаттағы адамдарға қарағанда тез тәуелді болуының себебін әйел адамдар мен ересектердің үй шаруасымен, жұмыспен көбіне бос болмайтынымен, уақыттың тығыздылығымен байланыстырады. Себебі жастар - басқаларға қарағанда уақыты көп, еркін адамдар тобы.
Компьютер, смартфон көпшілік адамға қажеттіліктерін қанағаттандыратын ресурс, қызығушылық көзі болып саналады. Видео, ойындар, желідегі әңгімелесу ашылуды, қымсыну, қысылуды, ұялуды қажет етпейді. Ал шынайы өмірде адамдар ортасында беделді болу үшін белгілі бір дәрежеге ие болып, оларға әсер етуге тырысу қажет.
Бүгінде желіде интернет тәуелділіктен ем ұсынатын дәрігерлер де жоқ емес.
Мәселен онлайн жарнама беретін порталдардың бірінде Тимур Мұстафаев есімді дәрігер өзінің компьютерлік тәуелділіктен емдеу әдісін ұсынады. Бұл анонимді кабинет арқылы жүзеге асады, курс 12 сеанс үшін 280 мың теңге тұрады. Оған 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатыса алады.
Онымен қоса дәрігер 6, 3 күннен тұратын арзан курстарды да ұсынған. Оған бір жыл бойғы байланыс та кіреді.
Интернетке тәуелді адам:
- Күннің көп бөлігінде адам смартфон, компьютерден алыстай алмайды;
- Міндеттерді орындаудан жалтарады;
- Желіде әңгімелесуден бөлек қызығушылықтардан бас тартады;
- Күнделікті атқарылуы тиіс функциялардың бұзылуы: адам бүкіл отбасымен бірге ас ішпейді; виртуалды түрде ғана сөйлеседі, өзін-өзі күтпейді;
- Өз жұмыс міндеттерін орындамау немесе жұмысқа барудан мүлдем бас тартады;
- Интернетте көрген, білгеніне қатты сенеді;
- Шындықты бұрмаланған күйде қабылдайды.
Қазақстандық психоаналитик Шырын Айдарованың айтуынша, интернетке тәуелділік - кез келген тәуелділік сияқты интернетті қолдануға деген шектен тыс қажеттілік. Интернет-тәуелдіктіліктің негізгі себептері әркімде әртүрлі, дейді маман.
"Интернет тәуелділіктен де құтылуға болады. Бірақ бұл - оңай шаруа емес. Ол үшін ең бірінші интернетке тәуелділіктің негізгі себебін табу керек. Тәуелділік адамның сезімі, эмоциялары есебінен туындайды. Адам жақындарымен, анасы, әкесімен тәуелділік қарым-қатынаста болса, интернетке тәуелді болып қалуының себебі осында жатуы ғажап емес. Себебі бұл жағдайда адам әлі есеймеген қалыпта тұрғанын білдіреді.
Бұдан құтылудың жолдары тәуелділіктің негізгі себептерін анықтап, одан арылу негізінде жүзеге асады. Бұл тек кәсіби мамандармен орындалуы керек. Себебі жалғыз адамға одан құтылу оңайға соқпайды.
Маған қазақстандықтар тарапынан интернетке тәуелді клиенттер келіп, көмек сұрап жатады. Оларға тәуелділіктерінің себебін зерттеуге көмектесеміз. Дегенмен, клиент бұл неден туындады, ол нәрсе өмірдегі қандай қажеттілігін алмастырып жүр, неден тәуелді екенін ойланып, эмоция, сезімін бір арнаға тоғыстырған соң ғана өз-өзіне көмектесе алады", - дейді ол.
Психологиялық-аналитикалық бағыттағы маман болғандықтан Шырын "сөзбен емдеу" методикасын қолданады. Дәрі-дәрмек, препараттарсыз, консультация, психологиялық көмек арқылы емдейді.
"Интернет-тәуелділікке балалармен қатар ересектер де душар болады. Шетелдік ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, тәуелділіктің бұл түрі мидың құрылымының өзгеруіне әсер етеді. Бұл - өте қауіпті проблема. Егер жасөспірімдер, ересектер мінез-құлқын бақылай алатындай дәрежеде болса, балалар бұған бей-жай қарауы мүмкін. Осы жолда оларға ата-аналары көмек беріп, бақылап отыруы, тәуелділіктен құтылуға жағдай жасауы тиіс.
Әдетте ересек жүріс-тұрысының өзгергенін, күнделікті өміріне зиян келіп жатқанын, ал уақыты зая кетіп жатқанын байқайды. Осыған бірдеңе істегісі келеді, алайда адам өз бетімен тәуелділікті жойғысы келіп, телефон, интернеттен бас тартқысы келгенде, керісінше, депрессия, уайым, үрей туындайды. Бұл психологияық белгілер, физикалық, яғни тән аураларына алып келуі ғажап емес. Жүректің жылдам соғуы, тыныстың тарылуы және т.б. сияқты симптомдар пайда болады. Қаншалықты жылдам кәсіби маманға жүгінсеңіз, тәуелділіктен соғұрлым тез құтылуға болады", - дейді маман.
Кәмелетке толмаған жеткіншектер мен балаларды емдеу толықтай ата-ананың жауапкершілігіндегі мәселе. Олар балалары интернетте қанша уақыт өткізіп жүргенін қадағалауы тиіс, дейді маман. Себебі олар өздерінің тәуелді екенін түсінбеуі де мүмкін.
"Интернет адамға нені алмастырады? Бәлкім адам өзін жалғыз сезінетін шығар? Мүмкін виртуалды әлемде қарым-қатынас орнатқан шығар? Немесе фото, видеоларға қарап өзінің қиялында өмір сүретін шығар. Кейде адам компютерлік ойындар ойнап өзінің ызасын, ашуын шығарады", - дейді Шырын Айдарова.
Stan.kz тілшісі елордалық емханалардың біріне хабарласып, интернет-тәуелділікті емдеу тәсілдерін сұрап білді.
Ақпараттарға сәйкес, көбіне компьютер ойындарына тәуелді науқастарды емдеу қарастырылады.
Емхана маманы жасөсіпірімдер де, ересектерді де психолог, психотерапевтермен жұмыс істеу арқылы емдеу курсын тағайындайтынын айтады. Маман ата-аналарға интернетке тәуелді балаларымен қарым-қатынасқа түсу барысында оларды жақсылап бақылау қажет екенін, телефон, компьютерін тартып алғанда қалай әрекет ететінін көру қажеттігін жеткізді.
"Кейбір балалар жақындары смартфондарын алып қойып, интернетті өшіріп тастаса, айқайға басып, шу шығарады, тіпті кейбірі ата-анасына шабуыл жасайды. Ал кейбір балалар керісінше мүлдем үн шығармай, бір бұрышқа тығылып қалады", - дейді емхана маманы.
Айтуынша, интернетке тәуелді балалар емделмесе, жағдай ушығады. Оның салдары ретінде жеткіншектердің ұйықтатпайтын дәрілерді ішіп күндіз-түні интернетте отыруын, түрлі сайттарға ақша салуын мысалға келтіруге болады.
Емханадағы тәуелділерді емдеу әдістері қарапайым - барлық интернетке қосулы құралдарды шектеу.
"Сондай-ақ, дәрігердің қарауынсыз достар мен жақындарымен кездескен жағдайда да электронды құралдар шектеледі. Бізге сенімді, достық қарым-қатынас орнату маңызды. Сол кезде адам ашылып, өз проблемалары мен сезімін жеткізеді. Осы сәтте тәуелді адамның сезімін басқарып, оны тура жолмен бағыттау отыруға мүмкіндік пайда болады.
Интернет-тәуелділікті емдеу - бұл ұзақ уақытты талап ететін процесс. Біз қолданатын ем түрі адамды басқалармен қарым-қатынас жасауға үйрету, ұяңдығынан, сенімсіздігінен арылту. Барлық назарын қызықты нәрселерге табиғатқа, саяхатқа, спортпен шұғылдануға аударту", - дейді емхана өкілдері.
Алматылық Ермек Біржанұлы ойындарға тәуелді екенін бірден байқамаған. Айтуынша, досы ойынға тартып, кейін компьютер ойындарына қатты беріліп кеткен.
"Негізі компьютерлік ойындарға құмар екеніңді өзің байқамайсың. Көбіне үйдегілермен, ата-анаңмен осының кесірінен жиі сөзге келіспей қаласың. Кей кездері тамақ та ішпей, сағаттап ойнай бересің. Компьютер алдында көп уақыт бойы отырғаныңды білмей қаласың. Бір күндері ойынның қызығына кіргенің соншалық, түні бойы ұйықтамай отыра бересің. Егер бір ойынды ойнайтын достарың болса, тіпті жаман: олармен түрлі ойынның қызығына кіріп кетесің. Ең өкініштісі, бұл әдетіңнің арты жақсыға әкелмейді. Ұйқың қанбай, ертесі ешнәрсеге зауқың жоқ болып жүреді. Бірақ қалпыңа келген соң қайта компьютерге асығасың", - дейді ол.
Ермек қазір компьютерге тәуелділік уақытты зая кетіретінін түсінген.
"Мысалы мен өзім DOTA 2 ойынын ойнайтынмын. Бұл ойынның қызығы сен басқа адамдармен бірге ойнайсың. Және бір ойын қайта қайталанбайды. Кей кездері күні бойы осы ойынды ойнап отыра беретінмін. Өзімнің демалыстарымды компьютер алдында жиі өткізетінмін. Бірақ кейін бұл қылығым дұрыс емес екенін біліп, ойыннан бас тартуға бел будым. Қазір ойласам, сол кездері құдды бір нашақор болып кеткендеймін", - деді Ермек Біржанұлы.
Қалай дегенмен, компьютерде отырудың зияны туралы түсіндіру, виртуалды өмірді шынайыға алмастыру, міндеттерді орындаудан бас тартудың зиянын айту адамды қалыпты өмірге әкелуге көмектеседі, дейді мамандар.