Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Хутор" бандасының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаевтың ісі прокуратураға түсті

Хасан Қасымбаев

Видеодан скриншот

“Хутор” қылмыстық ұйымдасқан топтың басшысы деп танылған Хасан Қасымбаевтың ісі прокуратураға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы облысының полициясы Хасан Қасымбаевқа, сондай-ақ басқа да айыпталушыларға қатысты қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеуін аяқтады. Қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі”Ұрлау”, 106-бабының 2-бөлігі “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” және 194-бабының 2-бөлігі “Бопсалау” бойынша іс жүргізілді.

21 шілдеде іс материалдары айыптау қорытындысымен бірге қадағалау органына жіберілді. Алматы облысының прокуратурасы оларды зерделеп, кейіннен процессуалдық шешімдердің заңдылығын зерделеп жатыр. Мұны облыс прокуроры Берік Адамов мәлім етті.

Хасан Қасымбаев қылмыстық-атқару жүйесінің №72 мекемесінде қамауда отыр.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры лауазымынан босатылған еді. Шерзаттың ата-анасы әкімдік пен аудандағы құзырлы орган басшыларының қызметінен кетуін талап етті.

Осыдан соң Хутордың өкілі делінген Хасанның ағасы, Талғар ауданының әкім аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті. Кейіннен "Хутор" бандасының жетекшісі деген Хасан Қасымбаев ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Кейін оның ережесіз жекпе-жек спортшысын аяусыз ұрып жатқан видеосы тарап, не үшін ұсталғаны белгілі болды. Сонымен қатар Хасан Қасымбаевтың анасы ұлының жазықсыз екенін айтып, президенттен көмек сұрады. 

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 16:33
Талқылау
`