Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гена, қара дедім": Ермахан Ибраимов Головкинге қалай ақыл айтқаны туралы

Отандық боксшы Ермахан Ибраимов неліктен Геннадий Головкиннің Сауль Альвареске қарсы екінші жекпе-жек өткізуіне қарсы болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына сілтеме жасап. 

Головкин

Жекпе-жектің алдында Ермахан Ибраимов Геннадий Головкиннің жеңілетіні туралы айтқан болатын. 

«Көріпкелдік қасиетім жоқ. Бірақ мен Геннадий Головкиннің өзіне де айттым. «Гена, қара. Сен Лас-Вегаста жекпе-жек өткізуге келістің, бұдан кейін жекпе-жектің 15 қыркүйекте өтуіне келісіп отырсың. Ал ол – Мексиканың егемендік алған күні. Лас-Вегаста Мексиканың тең жартысы тұрады.

Олар бұл күнді тойлауы керек. Оның үстіне Сауль Альварес Мексиканың нөмірі бір спортшысы. Барлық жағдай сенің ұтылуыңа әкеліп отыр. Сені соны сезініп отырсың ба? Сезініп отырған жоқсың ба? Қайда бара жатқаныңды біліп отырсың ғой? Сен ұтылу үшін бара жатырсың» деп айттым», - дейді Ермахан Ибраимов. 

Әрі қарай ол мұның орнына Геннадий Головкинге жекпе-жекті басқа күні өткізуге кеңес бергенін айтты. 

«Лас-Вегастан басқа жерде, 16 немесе 14 қыркүйекке келіс. Қажет болса, Нью-Йорк, Вашингтонға шақыр. Неге сен Лас-Вегасқа барып отырсың?» дедім оған», - дейді боксшы. 

Десе де ол Головкинді супер жұлдыз деп мойындайтынын жасырмады. 

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Ермахан Ибраимовтың Қанат Исламға қатысты білдірген пікірі туралы хабарлаған едік. 

Талқылау