Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Газа секторынан қазақстандықтар мен олардың отбасы мүшелері Алматыға ұшып келді

Газа секторынан қазақстандықтар мен олардың отбасы мүшелері Алматыға ұшып келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Сыртқы істер министрлігі Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялауды жүзеге асырды. Бүгін арнайы эвакуациялық бортпен 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматы қаласына аман-есен ұшып келді.

Әуежайдағы барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтарға уақытша баспана берілді. Оларға қажетті құқықтық, медициналық және өзге де көмектер көрсетілуде.

“Сәтті іске асырылған эвакуациялау Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы Елшіліктерінің осы елдердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесі. Таяу Шығыс өңірінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылығымен келіссөздер қорытындысы бойынша сыртқы істер министрлігі азаматтарымыздың Газа секторынан қауіпсіз және еш кедергісіз шығуы туралы уағдаластыққа қол жеткізді”, – делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында. 

Қазақстандық дипломаттар қақтығыс аймағында қалып қойған Қазақстан азаматтарына көмек көрсету және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.

Айта кетейік бұған дейін, 13 қараша күні Сыртқы істер министрлігі Газа секторындағы 40 қазақстандықты эвакуациялау жоспарланып отырғанын айтқан еді. 

Талқылау