Ғасыр жасаған түркістандық әже ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті
Түркістан облысы Атакент ауылының тұрғыны Азия Сердалиева биыл өзінің 106-шы көктемін қарсы алды. Ғасырдан аса жасаған ақ жаулықты әже ұзақ жасауының сырын Stan.kz тілшісіне айтып берді.
Әулетінің саялы бәйтерегі, береке-бірлігінің ұйытқысы болып отырған Азия әжей 1915 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда 8 ұл-қызынан 33 немере, 90 шөбере, 26 шөпшек, 26 немене көріп отыр.
Ел басына күн туған зұлмат заманда егін және мал шаруашылығымен айналысып, ерен еңбек еткен Азия әжей Тыл ардагері. Бүгінде жасы жүзден асса да, үйдегі атқарылуы тиіс жұмыстарды жіті қадағалайды. Отбасында балаларына, немерелеріне егін егумен айналысуда бағыт-бағдар беріп отырады.
“Еңбек еткен адам ешқашан қор болмайды. Әрі ешкімге қарап, алақан жаймайды. Өзің егіп жесең, берекелі әрі сіңімді болады”, – дейді Азия Сердалиева.
Азия әже әу бастан-ақ дұрыс тамақтануға барынша көңіл бөлген адам. Қандай тамақты болсын, тек мөлшермен ғана ішуге тырысады. Ет және сүт өнімдерімен қатар, көкөністер мен жеміс-жидекті тұрақты түрде тұтынуды дағдысына айналдырған.
“Әжемнің күтімін жасау өзімнің мойнымда болғандықтан, дұрыс тамақтануына ерекше көңіл бөлемін. Аз-аздан жиі тамақтанады. Ұзақ сақталған тамақты мүлде қолданбауға тырысамыз. Мамандығым дәрігер болғандықтан, денсаулығын үнемі бақылап отырамын. Ара кідік ұйқысы қашып, асқазаны қыжылдайтыны болмаса, басқа ешбір жері ауырып, мазасын алған емес”, – дейді немере келіні Нұргүл.
"Тазалық – саулық кепілі" демекші көп жасаған әжейдің басты ұстанымдарының бірі – тазалық. Бүгінде қартайғанына қарамастан, өзінің жан-жағының мұнтаздай тап-таза боп тұруына баса назар аударады.
“Әжеміз Алланың берген жасын жасап келеді. Әулетіміздің ақыл айтар данасы боп , аман-есен арамызда отырғанына шүкіршілік етеміз. Ұзақ жасауының қандай да бір құпиясы бар дей алмаймын. Ең бастысы, ол кісінің айналасындағы адамның бәріне деген ниеті түзу. Ешбір жанның кемшілігін сөз еткенін байқамаппыз. Жақынға да, жатқа да тек қана жақсылық тілеп, ақ батасын беруден жалыққан емес. Ұзақ жасауының сыры осында ма деп ойлаймын. Жатса да, тұрса да тілейтіні – елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы”, – дейді келіні.
Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстау облысының 105 жастағы тұрғыны Қанзия Сахауова бір ғасырдан астам өмір сүрудің қарапайым әдісін атаған еді.