Футбол әлемінің аңызы Зинедин Зидан бапкерлік қызметке қайта оралмақ
Фото: © Getty Images
Футбол әлемінің жарық жұлдызы, аңыз тұлға Зинедин Зидан бапкерлік қызметке қайта оралмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Ол алдағы уақытта Франция құрамасын жаттықтырып, жаңа белестерді бағындыруды жоспарлап отырғанын айтты. Зидан бұл туралы Италияда өткен Festival dello Sport di Trento іс-шарасында мәлімдеді.
“Мен міндетті түрде бапкерлікке қайта ораламын. Болашақта не боларын білмеймін, бірақ мен Франция құрамасымен бір нәрсе істей алатынымды сеземін. Бір күні сол команданы басқарғым келеді”, — дейді Зинедин Зидан.
Ол бұған дейін 2022 жылы да Франция құрамасына бапкерлік қызмет атқарғысы келетінін жеткізген еді.
“Иә, бұл жұмысты қалаймын. Бір күні солай боларына сенемін.” – деді Зидан.
Болжамдар бойынша Зинедин Зидан Франция құрамысын 2026 жылдан бастап жаттықтыруы мүмкін. Себебі қазіргі Франция құрамасының бас бапкері 56 жастағы Дидье Дешам 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін қызметін тоқтататынын растаған еді.
“2026 жылы бәрі аяқталады. Менің уақытым бітті. Сол жылы кету – ең дұрыс шешім." – деді ол TF1 телеарнасына берген сұхбатында.
Зинедин Зидан соңғы рет “Реал Мадрид” клубын 2021 жылы басқарды. Франциялық маман мадридтік команданың ең табысты кезеңінің символына айналды. 2016–2021 жылдар аралығында Зиданның жетекшілігімен клуб:
• Чемпиондар лигасында қатарынан үш мәрте (2016, 2017, 2018) жеңіске жетті,
• Екі рет Ла Лига чемпионы атанды,
• Сонымен қатар бірнеше рет Клубтық әлем чемпионатын иеленді.
Зиданның бұл жетістіктері оны футбол тарихындағы ең табысты бапкерлердің біріне айналдырды.

"Қанды Қаңтар" алдында газ бағасын көтеруді қолдаған мұнай сарапшысы тағы сынға қалды: Енді жолақыны қымбаттатуды ұсынды
