"Жылдың ең маңызды оқиғасы – цифрландыру тәжірибесі болды": Еуразиялық банк 2021 жылдың қорытындыларын жариялады
“Еуразиялық банк” АҚ цифрлық жүйені дамытудың арқасында 2021 жылы табысын екі есе арттырған. Бұл туралы банктің басқарма төрағасы Валентин Морозов мәлімдеді. Коронавирус пен басқа да келеңсіз оқиғалар банк қызметіне айтарлықтай әсер етпеді деген ол өткен жылдың қорытындысын жариялады.
“Еуразиялық банк” АҚ басқарма төрағасы Валентин Морозов банктің табысы 2021 жылы 13 миллиард теңгеге жеткенін сөз етті. Бұл өз кезегінде алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Айта кетсек, 2020 жылы банк 6,7 миллиард теңге табыс тапқанын жариялаған болатын. Бұған несие портфелінің 13%-ға өсуі, тәуекелдерді басқару тәжірибесінің жақсаруы және транзакциялық кірістердің жақсы қарқында дамуы септігін тигізген.
“Көбі пандемия мен басқа да жағдайлар банк жүйесіне айтарлықтай зиянын тигізеді деп болжады. Барлығы жабылады, құриды деген секілді сөздер айтты. Бірақ Қазақстанның банк жүйесі осындай қиын кезеңді еңсерді деп толықтай айта аламын. Біздің банк теңгерімдері кірістің, активтердің, өтімділіктің және қаржылық тұрақтылықтың жақсы көрсеткіштерін көрсетті. Биылғы келеңсіз оқиғалар мен коронавирусқа қарамастан бізге сенім артқан клиенттерімізге алғыс айтқым келеді”, – дейді Валентин Морозов Алматыда өткен баспасөз отырысында.
Айтуынша, банктегі корпоративтік бизнестің несие қоржыны 27%-ға өсіп, 285 миллиард теңгені құраған. Өз кезегінде басқарма төрағасы осы сегментінде бизнес-модельдері, қаржылық жағдайы және іскерлік беделі банк талаптарына сәйкес келетін қазіргі клиенттермен қарым-қатынас нығайтылатынын атап өтті.
“Біздің банк нарықтағы сараптама көшбасшысы болғандықтан, экономика салаларындағы клиенттерді банкке тартуға ден қоямыз. Бұл стратегия клиенттердің қажеттіліктеріне бейімделіп, жедел жауап беруге және тәуекел деңгейін қолайлы ұстап тұруға мүмкіндік береді”, – деп қосты ол.
Бүгінде банктегі бөлшек бизнестің несие қоржыны 11%-ға өсіп, 511 миллиард теңгеге жеткен.
“Біз қазіргі таңда карточкалық бизнесті белсенді дамытудамыз. 2021 жылы бөлшек бизнесті цифрлы түрде трансформациялауға көп көңіл бөлдік. Жыл соңына қарай барлық өнімдерімізді, соның ішінде ТМД-дағы бірінші онлайн автонесие алу жүйесін клиенттерге цифрлы форматта ұсындық. Банк ай сайын нарық тенденцияларына талдау жасап, әрбір өнім бойынша қандай тәуекелдерге бару мүмкіндігін қарап отырады”, – дейді Валентин Морозов.
Банк 2021 жылы цифрлық трансформацияға 371 миллион теңге инвестиция жұмсаған. Оның ішінде 214 миллион теңге маңызды бағдарламалық-аппараттық кешендерді жаңғыртуға жұмсалыпты. Бұл негізгі өнімдер мен қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, қосымшалар қолжетімділігін 99,8% дейін арттыруға мүмкіндік берген.
“Банк саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – цифрландыру тәжірибесі болды. Егер бір жыл бұрын бәсекелестердің бәрі бұл мәселені кейінге шегерген болса, бүгінде цифрландыру кез келген банк басшылығының күн тәртібіндегі басты мәселеге айналып отыр. Пандемия өмірдің барлық салаларын, ең алдымен қаржы секторын цифрландыруды жеделдетті. Осы орайда 156,9 миллион теңгені банктің барлық бөлшек өнімдері мен қызметтерін цифрлық форматта алуға мүмкіндік беретін, ұдайы дамып отыратын Smartbank флагмандық қосымшасына, сонымен қатар жаңа цифрлық өнімдер мен қызметтерді дамытуға инвестиция ретінде құйдық. Әрбір керек тауарды Smartbank қосымшасынан сатып алуға болады. Біз өз қызметтеріміздің бәріне қолайлы болғанын қалаймыз ”, – дейді Морозов.
Бұл тұрғыда ол банктің Moody's шкаласы бойынша рейтингі В2 және "тұрақты" деп бағаланғанын тілге тиек етті. Дегенмен басқарма төрағасы банктің IPO-ға шығуы туралы айту әлі ерте екенін жеткізді.
“Банктің 2021 жылдағы табысы оның күрделі сыртқы ортаға бейімделе алатын қабілеті барын тағы бір рет растады. Акционерлер мен банк қызметкерлерінің атынан клиенттеріміз бен серіктестерімізге өзара тиімді ынтымақтастық үшін алғыс айтамын және алда бәрі бұдан да жақсы болатынына сендіремін”, – деп қорытындылады Валентин Морозов.
ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген 2020 жылғы 3 ақпандағы № 1.2.68/242/40 лицензиясы

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
