"Жаралған намыстан, қаһарман халықпыз": Қазақстандық белсенділер митингте алғашқы гимнді шырқады
Әлеуметтік желі белсенділері "алғашқы әнұранның наразылық символына айналғаны" туралы жазып жатыр. Олар бұрынғы гимнді шырқап, хормен орындайтын көрінеді. Мұнымен наразылыққа шыққандар не айтқысы келеді Stan.kz тілшісі саясаттанушылардан сұрап көрді.
"Азаттық" журналисі Бағдат Асылбек өзің парақшасында "бұрынғы әнұран наразылықтар символына айналды ма" деп жазба қалдырды. Ол наразылық білдірушілердің ескі әнұран орындағанын қолдап, бірінші әнұранның сөзі мағыналы, әні жағымды еді дейді.
"Oyan, Qazaqstan" белсенділері мынадай суықта үш сағат тұрған соң, Алматы көшелерімен жүріп өтіп, бұрынғы әнұранды шырқады. Менің ойымша, үйлесіп тұрған секілді. 16 желтоқсан - Желтоқсаншылар мен Жаңаөзен құрбандарын еске алу күні - алғашқы әнұранның сөздерін есту ерекше жағымды болды", - дейді ол.
Сонымен қатар ол белсенділердің биліктің іс-әрекеттеріне кезекті наразылық ретінде Қазақстанның алғашқы әнұранын шырқауы символдық мәнге ие екенін айтып қалды.
Stan.kz тілшісі саясаттанушыларға хабарласып, не үшін алғашқы әнұранды наразылық білдірушілер жақсы көретінін сұрап білді.
Саясаттанушы Расул Жұмалы керісінше, ескі гимннің әлі күнге сақталып қалғанын қалайтынын жеткізді.
"Әр нәрсенің өзінің өміршеңдігі бар. Меніңше, бірінші әнұранды, түп-нұсқасын сақтап қалу керек еді. Мен өзім ескі әнұранды қолдаймын. Заңмен бекітіліп қойған, жаңа әнұран бар, бірақ субъективті ойым әу бастағы версиясы өзгеріссіз қалғаны дұрыс болар еді", - деп қысқа қайырды Расул Жұмалы.
- Қазақстан неге осы парламент сайлауына бұрынғыдан үш есе көп қаржы жұмсамақ?
- "Жерді беріңдер де кетіңдер": Ресейлік депутаттар Қазақстанға қатысты тағы даулы пікір айтты
Айдос Сарымның пікірінше, наразылық білдірушілердің алғашқы әнұранды орындауынан трагедия жасаудың қажеті жоқ.
"Бұрынғы гимн көшеге наразылық білдіріп шығушылардың символына айналды деп айту қиын. Бұл жалпыхалықтық сипатқа айналып кеткен жоқ. Қазақстанда кем дегенде 10-15% халық бүгінгі саясатқа, елбасыға, жалпы қазіргі билікке наразы деп айтуға болады. Мұны әлеуметтік зерттеулер анық көрсетіп отыр. Жалпы Назарбаев деген фамилияның өзі кейбірінде наразылық тудырады. Солардың өздерінше көрсеткен қыры деп айтуға болатын шығар. Бірақ одан трагедия жасаудың керегі жоқ. Кезінде Жұмекен Нәжімеденовтің жазған мәтінін айтсақ, керемет қарсылық болатын шығар деп ойлайтын шығар. Онда айта берсін ...", - дейді ол.
Митингке шыққандардың мұнымен не айтқысы келгенін сұрағанымызда:
"Олар мұнымен бір ғана жәйтті жеткізгісі келеді. "Біз Назарбаевты қолдамаймыз" деген әңгімені айтқысы келеді. Басқа ештеңе жоқ", - дейді Айдос Сарым.
Саясаттанушының өзі қай әнұранды көбірек қолдайтынын сұрағанымызда:
"Мен мемлекетшіл адаммын. Бізде ресми бекітілген гимн бар. Ресми жиындарда соны айтуға құқылымыз. Басқа бір жиындарда кезінде Жұмекен атамыздың жазған әнұраны еді деп еске түсіріп айтса да қылмыс көріп отыған жоқпын. Екеуі де шырқалсын. Екеуі де - тарих", - деп ойын түйді саясаттанушы.
Дайындаған: Жанна МӘЛІК

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
