Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлер де есірткі сатумен айналысқан: Ішкі істер министрілігі нашақорлық және есірткі қылмысымен қалай күресуде?

Осы жылғы қаңтар мен шілде айларында елде есірткіге байланысты 4,2 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 10,9%-ға аз. Осыған орай Stan.kz ішкі істер министрлігінен нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу бойынша қандай шаралар жүзеге асырылатынын сұрап білді. 

Ranking.kz порталының дерегінше, есірткі бойынша құқық бұзушылықтардың 67,9%-ы -  есірткі құралдарын заңсыз пайдаланғандар, психотроптық заттармен және олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істегендер. Есірткіні өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау ең жиі кездесетін қылмыстардың қатарында. 

Биылғы жартыжылдықта есірткіге қатысты 1,1 мың заң бұзушылық тіркелген. Сондай-ақ құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірудің 193 жағдайы белгілі болған. 

Жыл басынан бері есірткіге байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды 2,3 мың адам жасаған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,3%-ға азайған. 

Азаматтардың 78%-ы. яғни 1800-і  "өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен заңсыз жұмыс істеу" бабы бойынша құқық бұзушылықтармен ұсталған. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8%-ға өскен. 

Есірткімен ұсталғандардың көбі жұмыссыз азаматтар, олардың саны 2 мыңға жуықтайды. 206 адам жұмыс істейтіндер, арасында 12 — жеке кәсіпкер, 4 — мемлекеттік қызметкер бар. 

Қазақстанда  нашақорлықтың және есірткі бизнесінің алдын алу бойынша Ішкі істер министрлігі тарапынан қандай шаралар қабылдануда?  

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қазіргі уақытта синтетикалық есірткі түрлерімен күреске назар аударылуда. Мәселен, өткен жылдың өзінде синтетикалық есірткіні өндірумен айналысатын 17 орын жойылды. Ал биыл соңғы 7 айында 23 зертхананың жолы кесілді.

Осы ретте Ішкі істер министрлігі шет мемлекеттердегі әріптестерімен белсенді әрекет ететіні туралы атап өтті. 

“Көктемде Қазақстан мен Ресейдің ішкі істер министрліктері екі елдің аумағында синтетикалық есірткілерді жеткізудің трансұлттық арнасын жабу бойынша арнайы операция аяқталды. Омбы мен Таразда бір мезгілде жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде синтетикалық есірткінің Ресейдегі негізгі жөнелтушісі және оларды Қазақстанда қабылдап алушысы ұсталды. Осы операцияда есірткі өндіргені және таратқаны үшін Қазақстанның 13 азаматы ұсталды. Алматы, Алтай, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Қызылорда қалаларында 7 есірткі зертханасы жойылды”, – дейді министрлік өкілдері. 

Осылайша жалпы құны 9,5 млн АҚШ долларынан асатын 260 кг-нан астам дайын есірткі тәркіленген. Тиісінше, қылмыспен айналысқандарға аса ауыр қылмыс саналатындықтан 15 жылдан және өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза тағайындалған. 

Бұнымен қоса ведомство өкілдері есірткіні интернет арналары арқылы сататындарды анықтау жолға қойылғанын алға тартты. Министрлік мәліметінше, қазір "есірткі жасырушылар" (закладчиктер) тек интернет арқылы жұмыс істейді. Мобильді қосымшаларды, Телеграм, Vipole және басқалар сияқты мессенджерлерді пайдаланады. 

“Әлеуметтік желілерде есірткі  саудалаушылар әлеуетті сатып алушыларды табады. Төлемді де қашықтан, онлайн төлемдер арқылы жүзеге асырады. Төлем алынғаннан кейін сатып алушыға есірткі жасырылған жердің координаттары көрсетілген сілтеме жіберіледі. Әдетте қылмыстық әрекетке қатысушылардың ешқайсысы бір-бірін білмейді. Есірткі жасырушылар ірі көлемдегі есірткі орындарын, координаттарын интернет-ресурстар арқылы алып отырады”, – деді министрлік өкілдері. 

Ірі көтерме саудагерлер де есірткі өндірушілерімен таныс емес көрінеді.  Министрлік хабарлауынша, ллар есірткі партиясы туралы ақпаратты жасырын түрде, мессенджерлер арқылы алады. Бұл қылмыстық схемалардың ұйымдастырушылары, әдетте, басқа елдерде жасырынады екен. 

Ішкі істер министрлігінің мамандары есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын жарнамалар мен сайттарды, посттарды, блогтарды анықтау үшін интернет кеңістікке мониторинг жүргізеді.

“Жыл басынан бері осындай 1600-ден астам интернет-ресурс анықталып, бұғатталды. Есірткіні интернет-ресурстар арқылы өткізу фактілері бойынша 153 қылмыстық іс тіркелді. Есірткі жарнамасы бойынша 76 қылмыстық іс тергелуде. Синтетикалық есірткімен байланысты 890 қылмыс тіркелді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай,  Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында 23 есірткі зертханасы жойылды”, – делінген хабарламада. 

Есірткі айналымы қай өңірде өршіп тұр?

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, есірткінің үлкен көлемін өндіру оңтүстік аймақтардағы жабайы қарасораны заңсыз жинаумен байланысты екен. 

“Соңғы 7 айының қорытындысы бойынша тәркіленген есірткілердің жалпы саны бойынша Жамбыл облысы "көш бастап келеді", онда 1,5 тоннадан астам есірткі, Түркістан облысында жарты тоннадан астам және Қарағанды облысында 390 кг жуық түрлі есірткі тәркіленді”, – дейді министрлік өкілдері. 

Ал кең етек алған синтетикалық есірткінің тәркілену көлеміне келсек, басқа аймақтардан ірі мегаполистер мен Алматы облысының үлесі жоғары. 

Балалардың  қатысуымен болған заңсыз есірткі айналымымен қалай күрес жүргізілуде?

"Жасөспірімдерде "юнешский максимализм" деген болады, яғни оларда  қорқыныш қауіп-қатер  сезімі жоқ. Жастар қазіргі шығып жатқан таблетка, ұнтақ түріндегі, немесе дем жұтып тыныстайтын жаңа психобелсенді заттарды есірткі деп қабылдамайды. Жастарды тартатын адамдар да “ол жай есірткі емес, бір тұтынғаннан ештеңе болмайды” деп қызықтырады. Екінші мәселе араласатын ортасында "тренд" деп ойлайды, яғни қатарынан қалмай, дәмін татып көретін болса өзін "ерлік" жасағандай сезінеді. Алайда  бір-екі тұтынған соң қалай арбауына түсіп қалғанын байқамай қалады", - дейді ведомство өкілдері. 

ҚР Бас Прокуратурасы  Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми деректеріне сәйкес 2021 жылдың 7 айында есірткі  құралдардың, психотропты  немесе улы заттардың  заңсыз айналымымен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 15 жасөспірім ұсталған.  

“Есірткіні сатудың түрлі жаңа әдістері пайда болды. Есірткі дилерлері интернет-сайттарын, әлеуметтік желілерді қолданады. Есірткі  жарнамасы QR-кодты қолдану арқылы да болуы мүмкін.  Мысалы, біз зияны жоқ суреті және жазуы бар плакатты көреміз. Тек оған  QR-кодты сканерлі смартфонды жақындатсаң, адам есірткіні жарнамалайтын сайтқа түседі, онда салушы мен жарнамашының қызметі және одан әрі есірткі ұсынылады. Бұл тәсіл нақты кәмелеттік жасқа толмағандар мен жастарға  көзделген, өйткені ересектер ондай QR-код салынған плакаттарға назар аудармайды”, – дейді ІІМ өкілдері. 

Министрлік осы себепті жыл сайын қоғамдық есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатында елімізде бірнеше мыңдаған түрлі профилактикалық  іс-шаралар өткізеді. Оларды өткізуге полицейлермен қатар, жергілікті атқарушы орган мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.   

“Осындай іс-шаралардың аясында  полицейлер мен медицина қызметкерлері, мектеп ұстаздарымен бірге нашақорлықтың  денсаулыққа тигізетін зияны, әлеуметтік, құқықтық салдары, есірткінің түрлері, бала есірткімен әуестенген жағдайда оны қалай танып білуге болатындығы туралы түсіндіру әңгіме жұмыстарын, дәрістер жүргізеді. Жекелеген қажет жағдайда арнайы психолог, нарколог мамандардың қабылдауына, оңалту орындарына жібереді”, – делінген ІІМ хабарламасында.      

Осы жылы 3400-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, өткізілген. Оның ішінде 1750 іс-шара денсаулық сақтау және білім органдарымен бірге ұйымдастырылған. 

Заманауи есірткілер мәселелері бойынша ата-аналарға, колледждер мен ЖОО студенттеріне есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары туралы видео дәрістер аумақтарға жіберілген.   

Есірткі заттарын насихаттағаны немесе жарнамалағаны үшін қандай жауапкершілік көзделген?

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2020 жылы күшіне енген Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптарға сәйкес есірткіні насихаттау немесе жарнамалау үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орындарда, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпарат ресурстарын пайдаланып, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалса 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.    

Сондай-ақ, электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі өткізу 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіру 3 жылдан 8 жылға дейін  бас бостандығынан айыруға әкеледі. Олардың көмегімен есірткі өндірісінде пайдаланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған. 

Министрліктің мәліметінше, 2021 жылы  аталған баптар бойынша 138 сотқа дейінгі тергеу қозғалды. Оның ішінде 106 қылмыстық іс  есірткі жарнамасы фактісі бойынша, 32 қылмыстық іс интернет-ресурстарын қолдану арқылы есірткі  өткізу (сату)  фактісі бойынша қозғалған. Осы жылдың 7 айында есірткі жарнамасының 76 фактісі, интернет жүйе арқылы есірткі өткізудің 153 фактісі тіркелді. 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 30 Тамыз, 2022 10:56
Талқылау