Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ерболат Беделхан: Q-pop бағытында жүргендердің бәрі ескірткі шегеді деген шындық жоқ

91 тобының жетекшісі Ерболат Беделхан Q-pop бағытындағылар мен есірткі мәселесін ешнәрсе байланыстырмайды деп ақталды. Одан бөлек AZ-дің топтан кетуі, топтағы жігіттердің "Mad Men" тобымен байланысы туралы сөз етті. 

Бұл туралы "Ащы да болса Ақиқат" бағдарламасында атылды.

Ерболат Беделхан тағы да ақтарыла сұхбат берді. Оған себеп өткен аптада "Mad Men" тобының мүшелерінің есірткі қылмысына қатысты ұсталу оқиғасы себеп болды. Бұл оқиғадан соң "Mad Men" тобының бұрын да есірткіге қандай да бір байланысы болған деген қауесет тарады. Ал Ерболат Беделхан бұл топпен етене болмаса да, бір бағытта жүрген соң арагідік кездесетіндерін айтты. Алайда Q-pop бағытындағылардың бәрі бірдей есірткімен айналысады, есірткі шегеді деген сөз жоқ дейді. 

"Мен "Mad Men" тобының ұсталу оқиғасына қатысты жауап бере алмаймын. Оны тергеу анықтайды, сот шешеді. Менің негізгі айтпағым - осы оқиғадан соң жаппай Q-pop бағытында жүргендер есірткіге әуес не соған үйретеді деген пікірлер тарады. Бұл қате пікір. Музыкаға жақын адамдар есірткіге әуес деген бұрын да әңгімелер айтылып жүр. Алайда мен біреу үшін жауап бермеймін. Есірткі саудасы, әсіресе, синтетикалық зат саудасы, жастар арасында  проблема. Бұл Q-pop бағытында жүргендердің емес, жалпы әлемдегі проблема. Ең сорақысы оған кедергі жоқ. Ол туралы көптен БАҚ-та айтылмайды. Тосқауыл қойылмайды. Сондықтан ойланатын уақыт келді. Адам оған жақын болам десе, ол үшін музыкада, не өнерде, Q-pop бағытында жүру міндетті емес", - деді продюсер. 



Айтуынша, продюсер мен 91 тобының есірткі саудасына қатысты ұсталған күдікті  "Mad Men" тобының мүшелерімен байланыстары болған. 

"Мен өзімнің тобымдағы жігіттердің  "Mad Men" тобымен, Руслан Хванмен қандайжақын екенін білмеймін. Бірақ біз айына бір рет кездесіп жүрдік. Өзіміздің Q-pop ассоцияциямыз бар. Сонда мәселелерді, жастар мәселесін, Q-pop тақырыбын талқылаймыз. Алайда Русланның қолы тие бермейді. Оның орнына көмекшілері келетін. Мен үшін Русланның, топ мүшесінің есірткіге қатысты күдікке ілінгені таңғаларлық жағдай болды. Бұндайды ешкім күтпеді. Есірткімен не байланыстыратынын бұған дейін де білмедік", - деді Беделхан. 

Продюер AZ топтан рухани күйзелісте жүргендіктен кетті деген еді бір сұхбатында. Бұл жолы одан бөлек қаржылай қиындықтар себеп болды деп ашық айтты. Ал AZ қайта келсе, топқа қабылдана ма?

"Менде 91 тобының жігіттерімен аса проблема жоқ. Қызбен сөйлеспе, үйленбе деп кесіп айта алмаймын. Олардың қызбен сөйлескені біздің жоспарға кедергі келтіретіні рас. Алайда ресми болмаса болды. Дегенмен егер де біреуі келіп үйленетінін айтса, ол ақылдасып шешетін мәселе. Ал Азамат қайта келсе, топқа қабылданады не қабылданбайды деп те айта алмаймын, бәрін уақыт шешеді", - деді Ерболат Беделхан.

Топ продюсері коронавируспен ауырып, алайда ешқандай ем-домсыз жазылып шыққанын айтады. 

"Мен коронавируспен ауырдым. Бірақ емделген жоқпын. Мен дәрі ішпейтін адаммын. Ағзам өзі көмектеседі. Солайша коронавирусты да жеңіп шықтым. Бәріміз ауырдық. Ағзаны тыңдау керек. Солайша өзі күресу керек", - деді ол. 

Продюсер Қазақстанда шоу-бизнес жоқ деп есептейді. Әншілер тойдан ғана табыс табады. Алайда 91 тобы тойда өнер көрсетпейді. Оған рұқсат жоқ. 

Еске салайық, Алматы полициясы есірткі қылмысына қатысы бар деген күдіктілерді ұстады. Олардың арасында Mad Men тобының мүшелері бар екені туралы хабарланды. Есірткі қылмысына қатысы бар Mad Men тобының мүшелері 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мөлдір Төлебай
Бейсенбі, 29 Сәуір, 2021 16:47
Талқылау