Енді елімізде бензин мен дизельдің үстіне баға қосып сатқандар табысының 80 пайызын мемлекетке береді
Елімізде бұдан былай бензин мен дизельді үстіне баға қосып сатқан компаниялардың табысының 80 пайызын мемлекет алып отырады. Ұлттық экономика министрлігі жанармай саудасына қатысты жаңа қаулы дайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik
Заң күшіне енсе мұнай өнімін өндірушілер мен сатушыларға қосымша салық ретінде салынып жүрген акциз мөлшері көбеймек. Осы орайда бұл жанармай бағасына әсер ете ме, деген сауал туындайды.
Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Жазира Мыңбаеваның сөзінше, баға өсетін болса, оған қосымша аксиц салынады.
“Мемлекеттік бағаны алып тастаған кезде мұнай өнімдерін өндірушілер мен сатушылардың маржаларының артуына әкеліп соғады. Баға өсетін болса, сол бағаға қосымша акциз салынады. Бұл үстеме салық сияқты”, – деді Мыңбаева.
Министрлік жанармай қымбатшылығының салдарын осылай жеңілдетпек. Акциз түрінде бюджетке түскен қаражат кейін жәрдемақыны, зейнетақы мен бюджетке жұмыс істейтіндердің жалақысын арттыруға мүмкіндік береді деген жоспар бар.
Ал экономистердің пікірінше, отын сатушылар бұл салық түрін де шығынға санап, бензин мен дизельдің инфляциясына әкелуі мүмкін.
“Акциз салығы бензин мен дизельді қымбаттатып, пайда тапқысы келгендердің табысын алып қоя берген соң баға өседі. Жанармай компаниялары кірісті арттыру үшін осындай қадамға барады. Осылайша бағаның артынан баға қуу бәйгесі басталады деген қауіп бар. Сондықтан Үкіметтің осы мәселені ескергені жөн. Инфляциялық спираль пайда болса жалпы экономикаға кесірі тиеді”, – деді экономист Арман Бейсембаев.
Экономистің пікірінше, акцизді көбейту бензин мен дизель қымбатшылығын ырықта ұстайтын жаңа әдіс болуы да мүмкін.
Айта кетейік, әзірге жанармай нарығында бағаның өскені, не түскені байқалған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін "ҚазМұнайГаз" бензин мен дизель отынының бағасын көтергені туралы жазған едік.