Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтуде: Жиынның алғашқы күнінде не айтылды

Бүгін, 14 қыркүйекте елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі басталды. Халықаралық іс-шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Рим Папасы Франциск және 50 елден 100-ден астам делегация қатысуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Іс-шараға ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері қатысуда. Олардың қатарында Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері де бар. 

Съездің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы бастаған халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлер мен сарапшыларға Қазақстанның съез өткізу туралы бастамасына қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. 

"Бұл бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына, саясаткерлерге және сарапшыларға ризашылығымды білдіремін. Съез өткізу туралы бастамамызға сіздердің қолдау көрсеткендеріңіз еліміз үшін өте маңызды.

Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі ғасырлар бойы қазақ жері Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық олардың бәріне ортақ сипат”, – деді мемлекет басшысы. 

Бұған қоса ол Қазақстанда татулықта өмір сүріп жатқан этностар жайлы айта келе, әлемдегі диалогты нығайту – Қазақстан саясатының аса маңызды бөлігі екенін сөз етті. 

“Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, ашықтық пен толеранттылық рухын бойына сіңірген. Сондықтан алуандықтың тұтастығы біз үшін негізгі таған болып саналады. Қазіргі таңда Қазақстанда 100-ден астам этнос татулық пен үйлесімде өмір сүріп жатыр. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін қызмет етуде. 

Елімізде және бүкіл әлемде диалогты нығайту – Қазақстан саясатының аса маңызды бөлігі. Бүгінгі съез соның жарқын дәлелі. Бұған дейінгі форумдардың декларацияларында радикализм, күш көрсету мен кикілжіңдер қатаң сыналған", - деді Тоқаев.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі әлемдегі қақтығыстар мен шиеленістерді тоқтату үшін үнсіз дұға жасаумен басталды. 

Рим Папасы Франциск Қазақстан бір-бірінен алшақ орналасқандардың басын қосатын, татуластыратын мекенге айналуына, қазақ жерінде маңызды кездесулер үшін жаңа жолдар ашылуына тілек білдірді. 

“Әлем бізден рухани тазалықты, сананың тазалығын күтеді. Бұл тұрғыда шынайы діндарлыққа үміт артып отыр. Фундаментализмнен, кез келген сенімді бұрмалайтын және бұзатындардан алшақтайтын, оянатын кез келді. Жүрегімізді таза етіп, жанашырлық танытуымыз маңызды. Әлемде тым ұзақ уақыт бойы дінге деген күдік пен менсінбеушілік тудырған бос сөзді ысырып қоятын уақыт жетті. Бұл негізсіз пікірлер дін қазіргі қоғамның тұрақсыздануына ықпал етеді деген қауесетті таратып келді”, – деді понтифик. 

Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш осынау қиын-қыстау кезеңде бізге бұрынғыдан да көп рух қажет екенін атап өтті. 

“Қазақстан Үкіметіне мемлекет қайраткерлері мен көрнекті дін лидерлерінің қатысуымен өтетін осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Біз дін қайраткерлері ар-ождан дауысы мен рухани беделін өзара құрмет, жанашырлық пен бірлікті көтермелеуге, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге әртүрлілікті байлық ретінде тануға, бір-бірімен және болашақ ұрпақтармен ынтымақтасуға пайдаланады деп сенеміз”, – деді ол. 

Әл-Азхардың жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб съез қатысушыларына үндеу жасады. Өз сөзінде ол адамзатты жаһандағы апаттардың себебі туралы ойлануға шақырды. 

“Әлем әлі індеттің қорқынышынан айыға қойған жоқ. Оны адам өз қолымен және шектен тыс өзімшілдік пен өлі ар-ожданның арқасында жасағандықтан, табиғи, саяси және экономикалық секілді апаттар бірден басып алды.

Бұл мәселелерді шешу үшін бірігу маңызды, ал бірегейлікті сақтау одан да маңызды. Себебі діни бауырластық – жаһандық халықаралық бауырластықтың алғы шарты. Мен барлық діндерді бір дінге бірігуге шақырмаймын – бұл идеяның деструктивті және дінді тамырынан айыратынына біз сенімдіміз. Мен барлық діндердің құндылықтарын нығайту үшін байыпты жұмыс істеуге шақырамын”, – деді имам. 

Аталмыш шараға Қазақстанның өңірлерінен келген делегациялар да қатысуда. Мәселен, Алматыдан съезге шақырту алғандардың қатарында шаһардың Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке, «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» басшысы Дулат Ибрагимов, сондай-ақ қаланың, бас имамы Төлеби Оспан, бұдан бөлек православтық, католиктік, кришнаиттік, буддизм және тағы басқа дін өкілдері бар. 

Сонымен қатар съез аясында Рим Папасы Францисктің қатысуымен діни месса өтеді. Қазір құлшылық ету рәсіміне әр елден 3 мыңға жуық қажы қатысады деп күтілуде. Алматы қаласынан әкімдіктің қолдауымен зиярат етуге 150 дін өкілі барды. Мессаны көргісі келетіндер үшін тікелей эфир ұйымдастырылады.Тікелей трансляция Съездің Facebook желісінде жүргізіледі. 

Еске салайық, 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтуде. Съез қорытындысында Декларация қабылданады, оның мазмұны ағымдағы проблемалардың пайымын, оларды шешудің ықтимал жолдарын, сондай-ақ әлемдік діндер лидерлерінің ниеттерін, олардың халықаралық қоғамдастыққа жүгінуін көрсетеді. Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады.

Талқылау