Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолды жауып, жедел-жәрдем көліктерін өткізбеді": Алматылық ерікті аурухананы бүлікшілерден қалай қорғағандарын айтып берді

Алматыда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде лаңкестер Қалқаман ықшамауданында орналасқан №7 клиникалық аурухананы басып алмақ болған. Осы кезде медицина орталығындағы қауіпсіздікті сақтауға атсалысқан ерікті азаматтың бірі – Арман Исмаилов оқиғаның қалай өрбігенін Stan.kz тілшісіне айтып берді.  

дәрігер

"Бар ойымыз Алматының тыныштығын сақтауға қала тұрғыны ретінде үлес қосу болатын. Осы мақсатпен Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, өзіміздің көмекке әзір екенімізді айтқымыз келген. Бірақ байланыстың нашарлығынан хабарласу мүмкін болмады. Мұндай сәтте қол қусырып, қарап отырғанымыз жарамас деп шештік. Осы мезет №7 ші клиникалық ауруханадағы жағдайды естідік. Сөйтіп, Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментімен, аталған аурухананың бас дәрігерімен байланысып, ол кісілердің рұқсатымен осында келдік", – дейді ерікті азамат. 

№7 клиникалық аурухана тек қана алматылықтар үшін ғана емес, еліміздің әрбір аймағынан келетін науқастарға қызмет көрсетіп келе жатқан республикалық стратегиялық маңызы бар нысан екені белгілі. Сондықтан аурухананы қорғау –  сол күндері біздің борышымызға айналды дейді №14 емхананың коронавирусқа қарсы мобильді топтың жауапты қызметкері Арман Исмаилов. Ол 7 қаңтар күні кешкі сағат 22:00 шамасында 30-ға жуық ерікті №7 клиникалық аурухананы қорғағанын айтады. Дегенмен қару асынған лаңкестер олардың ауруханаға кіруіне қарсылық көрсетіпті. Ойлана келе ерікті топ сыртта бақылап тұруға бекініпті.

"Егер біз ішке кірсек, бірге бүлікшілердің де жапа-тармағай ауруханаға беттеуі мүмкін болды. Сондықтан, екі күн бойы сыртта күзетіп тұруға мәжбүр болдық. Мұндағы бар мақсатымыз – ауруханадағы ауыр жағдайда жатқан науқастарға бүлікшілердің зиян тигізуіне жол бермеу еді. Іште дәрігерлер науқастардың денсаулығымен қатар, қауіпсіздігі үшін де алаңдап, бар күш-жігерін салып, жұмыс істеді. Біз бірқатар жауапты орындармен қатар, "Ақ жол" партиясының Алматы қалалық мәслихатының депутаттарымен байланысып, жағдайды мәлімдеп отырдық. Қандай да бір жағдай орын ала қалса, ол кісілер бізге көмекке жұмылуға әзір тұрды", – дейді Арман Исмаилов.

Ерікті азаматтардың көпшілігі отбасындағы жары мен балаларын тастап, осындағы қауіпсіздікті сақтауға атсалысты дейді алматылық азамат.

"Аурухананың қабылдау бөлімі арқылы ішке енбек болған лаңкестердің әрекетіне дәрігерлер жол бермеді. Ойлары іске аспаған соң, терезелерді сындырып бүлік шығарды. Аурухана аумағындағы жолдың барлығын жауып, жедел-жәрдем көліктерін өткізбеді. Бұл әрекеттерінің сырын сұрағанымызда олар бізге: "Жедел-жәрдем көлігінің ішінде полиция қызметкерлері мен әскерилердің болуы мүмкін. Сондықтан оларды өткізбейміз", – дейді Арман.

Ер азамат қарулы бүлікшілермен тіл табысудың да оңайға соқпағанын айтады. Мүмкіндігінше олармен қарсыласпай, байыппен сөйлесуге тырысыпты. 

10 қаңтар күні ерікті топқа ауруханадағы қауіпсіздікті сақтауға полиция қызметкерлері жұмылдырылғаны туралы хабарланыпты. 

"Осыдан кейін барып, әрқайсысымыз өз отбасымызға оралдық. Десе де осындай қиын шақта ел саулығы жолында күн-түн демей еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға және дертіне шипа іздеп келген науқастарға ешқандай залал келмегеніне қуандық", – дейді ерікті.


"Құран кітабы бар деп айттық": Шымкенттегі кітапхана қызметкерлері мәдениет үйін қалай қорғап қалғандарын айтты

Талқылау