Елімізде осы жылдың қыркүйек айында тұрғын үй бағасы қаншалықты өзгерді
Бір жылда 2022 жылғы қыркүйек 2021 жылғы қыркүйекке қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы 25,9%, жаңа тұрғын үйлердікі 17,7% өсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өңірлік бөліністе жаңа салынған үйлердің бағасы жылдық мәнде:
- Ақтөбе қаласында – 32,5%,
- Қостанайда – 27%,
- Астанада – 26,6%,
- Өскеменде – 25,3%,
- Көкшетауда – 20,3%,
- Ақтауда 19,3% қымбаттаған.
Дәл осы нарықтағы бағаның болмашы өсімі Павлодарда (0,9%) және Талдықорғанда (1,8%) тіркелді.
Қолданыстағы пәтерлерді қайта сату нарығындағы баға өсімінің тізімін Қызылорда (45%), Ақтөбе (44,3%), Өскемен (40,4%), Талдықорған (38,8%), Ақтау және Астана қалалары (38,4%) бастап тұр. Ал бағаның ең аз өсімі Түркістан (12,2%) мен Атырау қаласына (13,3%) тиесілі.
Бір айдың ішінде (2022 жылғы қыркүйек пен тамызды салыстырғанда) пәтерлерді қайтара сату бағасы 1,1%-ға өсті. Тамыздағы көрсеткіш 0,4% мөлшерінде болған. Жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы тамызда 0,1%-ға арзандауды көрсетсе, осы жолы баға бір айдың ішінде 0,3% өсті.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеп байқау деректері негізінде қалыптастырылады.
Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады. Бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
