Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Елге қайта алмаймыз": Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген отандастар жұмыс визасын сұрады

Оңтүстік Кореяға екі қазақстандық заңсыз кіріп, ұсталғаннан кейін сол елде жүрген отандастарымыздан маза кеткен. Жат елде жүргендер жаза қатаңдап кете ме деп  қорқады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Алматыдан Оңтүстік Кореяға кеткен жігіт – 25 жастағы Нұрсерік Жекей. Үш жыл бұрын шекара асқан азамат Кореяда қара жұмыс істеп нәпақасын тапқан. Қазір қазақ жастарымен бірігіп, "Кореядағы қазақ қауымдастығын" құрған. Ол отандастарына ақпараттық қолдау көрсетеді. Жат елде отбасын құрып, жақында нәрестелі де болған. Ол өзге елде заңсыз жүр.

“Миллион табыс табады дегенді естіп, қазақтар бұл жаққа қалай да болсын өтіп алуды ойлайды. Келгенімізге жақында 4 жыл болады. 4 жыл жақындарымызды көрмей, шетел асып еңбек етіп жүрміз. Үйге қайтқымыз келеді, бірақ амал жоқ шыға алмаймыз. Өйткені заңсыз жүргеніміз үшін депорт қойып береді", – деді Кореядағы қазақ қауымдастығы" ұйымының өкілі. Нұрсерік Жекей.

 



 

Кореяға барған сегіз мың адам заң бұзғаны үшін шетелде қалып қойды. Басым бөлігі ауыл шаруашылығы, құрылыс және өндіріс саласында қара жұмыста істейді. Олардың ешқайсысы ресми қызметке орналаса алмайды. Қолма-қол ақшаға жалданып, айына орташа есеппен 700-800 мың теңге табады екен. Жоғары жалақы аламыз деген ниетпен Кореяға жету үшін несие де рәсімдейтін көрінеді. Кедендік бақылаудан өтпей қалса да, түрлі әрекеттерге баратыны да содан дейді қауымдастық мүшесі.

“Билік өкілдері екі ел арасында бір жұмыс визасы, алты ай сайын созып беретін бір виза беру жағын қарастырса абзал. Сонда қазақтар бір елдің шекарасынан заңсыз өтіп, заң бұзбайтын еді. Осы жақта жүріп, талай отандастарымыз өмірден өтті. Олардың денелерін Қазақстанға жіберу де қыруар ақша тұрады”, – деді Жекей.

Жұмыс визасы көршілес Өзбекстан мен Қырғызстанда бұрыннан бар. Бауырлас елдің азаматтары жыл сайын келіп, жұмыс істеуді әдетке айналдырды. Қазақстан мұндай келісімге қол жеткізе алмай келеді. Енді депутаттар жат елде жүрген қазақ жастарын заң жүзінде қорғау үшінн Үкіметке сауал жолдамақ.

“Менің ойымша, Үкімет осы мәселемен нақты айналысуы керек. Өйткені ол жақта өз азаматтарымыз жұмыс істеп, өмір сүріп жатыр. Үкіметтер өзара келісу керек”, – деді Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров

Естеріңізге салсақ, осыдан он күн бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында кедендік тексерістен өтпеген екі қазақстандық азамат депортация рейсін күтпей, әуежайдан қашып кеткен. Елге заңсыз кірмек болған 21 мен және 18 жастағы екі жігіт қазір қамауда, олардың тағдырын енді Корея соты шешеді. Шекараға заңсыз кірген отандастарымыз 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені жазылды.

Талқылау