Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тиын-тебенге жұмыс істегім келмеді": Қазақстандық жігіт Еуропада қой бағып күн көріп жүр (видео)

Қазақстандық жігіт елде тиын-тебенге жұмыс істеуден шаршап, Еуропаға қой бағуға кеткенін айтты. Қазіргі уақытта Германияда тұратын азамат өзге елде үш позиция бойынша жұмыс істеп, 2 миллион теңгеден аса табыс табатынын жеткізді. Еуропада бірнеше кәсіп ашып көрген жігіт өзге елдегі жағдайы туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото: Дамир Асылбековтың жеке дерекқорынан

Қазақстанда жұмысқа таныс арқылы кіресің

Еуропаға сапары 2012 жылдан басталған Дамир Асылбеков қазіргі уақытта Германияның шығыс бөлігіндегі Дрезден қаласында тұрады. Негізі туып, өскен жері Астана қаласы. 9-сыныптан кейін колледжге түсіп, бағдарламашы мамандығы бойынша білім алған. Ал оқуын бітірген соң Чехияға грантқа түсіпті. 

"Еуропаға жолым 2012 жылдан басталды. 9-сыныптан кейін колледжде бағдарламашы мамандығы бойынша білім алдым. Төрт жыл оқып, кейін Чехияның ауыл шаруашылығы университетіне грантқа түстім. 2012 жылы қазан айында сол елде болдым. Онда дайындық курсында 1 жыл бойы чех тілін оқыдым. 3 жыл бағдарламашы мамандығында білім алдым. Оқу бітірген соң танысыммен бірге виза бойынша кеңес беретін офисте жұмыс істедім. 2015 жылы алғаш рет Чехияға таксилерді немесе жүргізушілерді тауып, тамақ жеткізуге арналған Uber мобильді қосымшасы келді. Бастапқыда сол жерге барып жұмыс істейін деп ойладым. Дегенмен вакансия табылмады. Сосын бизнес бастадым", – дейді қазақстандық. 

@assylbekovofficial

Сондай жағдай.

♬ оригинальный звук - ꧁Umka꧂

Осылайша Дамир Асылбеков Чехияда алғаш рет өзінің жеке кәсібін бастаған. UBER мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істейтін такси компаниясын ашқан.  

"Украина, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елінен келген жігіттер жұмысқа орналасты. Салық төлеу үшін олардан 10% комиссия алып отырдым. Автопаркте эконом-кластағы 60 машина болды. 2018 жылға дейін солай жұмыс істедім. Uber-дің бас кеңсесі Голландияда болды. Голландияның Жеке кәсіпкерлікке, компанияларға түскен ақшасын көрмедік деп Чехия билігі UBER жұмысын тоқтатты. Голландия билігі Чехияда кеңсе ашуды ұсынды, дегенмен чех билігі келіспеді. Себебі кеңсе ашса көбірек салық төлеуге тура келеді. Кейіннен салыққа өзгерістер еніп, мен де өз кәсібімді тоқтаттым. Ондай жағдайда есепшілер салықты басқа жолмен азайтуға тырысады. Ал менің олай жасағым келмеді", – дейді Асылбеков. 

Кәсібі тоқтаған соң Қазақстанға оралған жігіт жұмысқа орналасуда біршама қиындықтарға тап болыпты. Сөзінше, Қазақстанда жұмысқа тек таныс арқылы кіре аласың. 

"2018 жылы Қазақстанға оралдым. Елге келген соң Чехия елшілігіне немесе Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұрамын деп шештім. Себебі чех, ағылшын тілін білемін. Чехия елшілігінде үш кезеңнен өттім. Мені сәуір айының соңында жұмысқа қабылдайтынын айтты. Үш ай күттім. Сол уақыт ішінде курьер, такси жүргізушісі жұмыстарын істедім. Уәде етілген уақыт өткен соң, елшілікке хабарлассам, орныма басқа адамды кіргізіпті. Ол адам таныс арқылы келіпті. Қазақстанның ондайы бар. Үш ай күткен уақытымда Қаржы мониторингі агенттігі, әкімдікте немесе Сырты істер министрлігінде жұмыс істеу мүмкіндігім болды. Сосын ойланып, қайта Еуропаға кетемін, деп шештім", – дейді жігіт. 

@assylbekovofficial Кто думал что в Европе буду именно этим заниматься?! #фермерскоехозяйство #европа#европаказахстан🇪🇺🇰🇿🇪🇺🇰🇿🇪🇺🇰🇿 ♬ Abylai Dariga zhurek guitar version - abbakzz

Дегенмен ол виза ала алмай, елде екі жыл жүріпті. 

"Қазақстанда жүргенде мемлекеттік қызметте істеуге болар еді. Алайда жалақы аз болды. Сол үшін такси жүргізушісі болдым. 2019 жылы жарымды жолықтырып, үйлендім. 2020 жылы Covid басталды. Пандемия аяқталып, шекара ашылған соң Еуропаға кетуді қарастырдым. Тіл үйрететін мектеп тауып, құжат алып, Чехия елшілігіне тапсырдым. Олар оқу визасын 2 күнде берді. Отбасым елде қалып, өзім Словакияға кеттім. Ол жерде Bolt-пен серіктес болып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік аштым. Кейін визаның күшін жойып, қайта Қазақстанға келдім. Елге келген соң, кондитерлік нан өнімдерін пісіретін орын аштық. Бұл кәсіппен отбасымызбен айналысып, жеткізуші тауып, жұмысымызды жүргіздік. Кейін Еуропада 12 жыл тұрдым, қайта кетуім керек деп шештім", – дейді Асылбеков.

Еуропаға жеңіл көлікпен жалғыз бардым

Сондай-ақ ол не себепті Еуропаны таңдағанын айтты. Сөзінше, Еуропада бәрі арзан, оның үстіне басқа елдеріне 3-4 сағатта жетуге болады. 

"Эстонияға виза тапсырып, екі жарым аптада алдым. Еуропаға барған соң, фермаға жұмысқа тұрдым. Үш позиция: куратор, трактор жүргізу және фермадағы жұмыстарды істеймін. Жалпы жалақым 3700 еуро (2 миллион теңгеден асады). Қазіргі уақытта өзіміздің ел азаматтарына вакансия ашып, қазақтарға жұмыс тауып бергім келеді. Жеке өзіме басқа елдің мәдениеті, тарихы қызық. Еуропада 20-дан астам шенген елдері бар. Мәселен, Чехияға Германия, Австрия жақын. Словакияда тұрсаң Венгрия жақын. Еуропаның географиясы ұнады. Себебі кез келген елге 3-4 сағатта жете аласың. Басқа ел, басқа мәдениет, басқа тағамдар болады. Еуропа сол үшін ұнады. Оның үстіне ағылшын, неміс, словак, чех, польша тілін білемін", – дейді Дамир Асылбеков. 

Фото: Дамир Асылбековтың жеке дерекқорынан

Сондай-ақ ол Еуропаға жеңіл көлікпен, 5 күн жалғыз жүріп барғанын жеткізді.  

"Жеңіл көлікпен Еуропаға барсам деген арманым болды. Ешқандай қиындық болмады. Астанадан шығып Ресейге бардым. Ол жерде қонақүйде демалып, ертесіне Мәскеуден, Белорусияның Минск қаласына жеттім. Ертесіне Брест каласына аттандым. Ол жерде Польша мен Белорусия шекарасы бар. Шекарада 5 сағат тұрып, 7 000 шақырым жол жүріп, бес күнде жеттім. Бүкіл Еуропа елдерінде көлікпен 9 ай саяхаттадым", – дейді ол. 

Сондай-ақ ол болашақта өз YouTube-арнасын ашып, сол жерде тұратын этникалық қазақтардан сұхбат алуды жоспарлап отыр екен. 

@assylbekovofficial один раз рискнув в жизни, можно остаться счастливым до конца жизни. #европа#работавкайф ♬ Ауылым - Нұрлан Өнербаев

Дамир Асылбековтың өзге елге кету туралы шешімін қазақстандықтардың бірі қолдаса, енді бірі өз жеріңде де жақсы өмір сүріп, табыс табуға болатынын айтқан. 

"Штрафстаннан кетіп дұрыс істедің. Жарайсың", "Отбасыңда бәрі лайым жақсы болсын. Осындай билеушілердің кесірінен қазақ елінің ұлдары шет елге кетіп жатқаны өкінішті", "Көшуге Түркия, Малайзия, Қытай үшеуін таңдап отырмын", "Ал мен, керісінше, Қазақстанға туған жеріме оралдым. Жұмысқа орналастым, өз үйімде тұрамын. Елімде өзімді жақсы сезінемін. Шет елде бәрібір бөтен адамсың", "Қазақстанда жақсы өмір сүріп, осында ақша тауып жүрмін. Әркімнің өз өмірі бар. Қазақстанда да жақсы өмір сүруге болады", "Мен де мал шаруашылығымен айналысуға барар едім. Несие төлеймін, айлығым жетпейді", "Өкініштісі, адамдар бұл елден безініп жатыр. Жас болсам мен де кетер едім", – деп жазды желі қолданушылары. 

Талқылау