Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Ел қатарлы жұмыс істеуді армандаймын»: Мүмкіндігі шектеулі жамбылдық суретшінің туындылары көпшілікті таңғалдырды

Жамбыл облысы Қаратау қаласында тұратын Аяжан Жуатай  есімді ару туғанынан мүгедектер арбасына таңылған. Екі қолы да еңбекке жарамсыз  болса да, тісімен қаламды тістеп салған портреттері кәсіби суретшілердің туындысынан кем емес. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: скриншот

26 жастағы  Аяжан Жуатайдың суреттеріне сұраныс артқан. Оған кезінде дәрігерлер дұрыс диагноз қоймаған. Соның салдарынан 4 жыл ақыл-есі кем балаларды оңалту орталығында өмір сүреді. Кейін ата-анасы ол жерден шығарып алған. Қос қолының икемге келмегені шығармашылықпен айналысуына кедергі емес. 

“Суретпен кейде алданасың да, бір басқа әлемге кірген сияқты болып. Сол осымен жұбанасың, қолдаушым ғой сурет. Арманым сол, жұмыс істегім келеді негізі ел қатарлы. Бірақ жұмысқа алмайды”, – деді суретші Аяжан Жуатай.

 Дарын иесі мұнымен қоса, қолөнермен айналысқанды ұнатады. Әуесқой суретші қалалық деңгейде бірнеше рет көрме өткізді.

“Арнайы білімі болмаса да, осы оқып жатқан балалардың деңгейімен бірдей деп айтуға болады. Ол қызымызды біз республикалық, халықаралық байқауларға қатыстырып, осы сурет деңгейін, өзінің кәсіби шеберлігін әрі қарай дамытуға біз өзіміздің үлесімізді қосамыз”,- деді Қаратау қалалық балалар өнер мектебінің мұғалімі Рахат Нұрбек.

Аяжанның ендігі мақсаты өз туындыларын ауқымды көрмелерде көпшілікке ұсыну. Бұл бойынша жұмыстарын қазірден бастап кеткен. Кәсіби мамандар да өнерлі қыздың  бойынан өшпес үмітті байқап отыр.

Талқылау