"Екі тілде жұмыс істей алу – үлкен артықшылық": Орыс қызы қалай қазақ тілін үйреніп, телеарнада жүргізуші болды
Фотолар Кристина Гриньконың жеке архивінен
Кристина Гринько – таза қазақша сөйлейтін орыс қыздарының бірі. Үржар тумасы орыс мектебінде оқып, орысша ортада өссе де, қазақ тілін жетік меңгеруді саналы түрде таңдапты. Осының арқасында журналистика саласында, түрлі телеарналарда жүргізуші, журналист болып қызмет атқарып келеді. Мектепте оқушыларға қазақ тілінде сабақ та берген. Astana TV жүргізушісі Кристина Гринько Stan.kz ақпарат агенттігіне қазақ тілін қалай үйренгенін айтып берді.
“Мына сары қыз адасып кетпеді ме?”
Кристинаның мектептегі ең сүйікті пәні қазақ тілі болыпты. Қазақ тілін үйренуге сол кезде қызыға бастаған.
"Үржар ауданында мектепті орысша оқыдым, бірақ қазақ тілі менің ең сүйікті пәнім болды. Қазақ тіліне деген қызығушылығым сол кезде оянды. Менің алтын ұстаздарым болды. Бірақ мектепте оқып жүргенде қазақша сөйлей алмадым, себебі сөздік қорым аз еді. Бірақ бәрін түсініп, жауапты орысша беретінмін", – деп еске түсірді ол оқушы кездерін.
Ол мектепте оқып жүргенде-ақ қазақ тілін жетік меңгеремін деп мақсат қойған. Мұны білген мұғалімі оған "қазақша топта оқы" деп кеңес берген. Содан Кристина 9-сыныптан кейін Семей педагогикалық колледжіне "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығына оқуға түскен. Осы сәт оның тілді үйреніп шығуына жасаған үлкен қадамы болыпты. Ол колледжге келген кезде ештеңе түсінбей отырған сәттерін еске алды. Тіпті лекцияларды түсінбесе де, жаттап айтып жүріпті.
"Қабылдау комиссиясына барғанда бәрі маған “Мына сары қыз адасып кетпеді ме?” деп қарады. Бірақ ұстаздарым мен топтастарым маған үлкен қолдау көрсетті. Қазақшаға келу қиын болды. Қазақ тобына қосылып алып, басында дым түсінбей отырдым. Бірақ мағынасын түсінбесем де, жаттап жүрдім. Мысалы, лекцияларды жаттадым. Сабақтан соң қалып, ұстаздардан сұрайтынмын. Олар маған бәрін түсіндіретін. Мұғалімдермен қатар, топтағы группаластарым да көп жәрдемдесті. Біз бір отбасы болып жүретінбіз. Орыс тілі ғана орысша болды да, барлық сабақты қазақша өттік. Мен қазақша ортаға түстім, бір жылдан соң қазақша сөйлей бастадым. Меніңше, мұндай ортасыз тілді үйрену қиын. Сол төрт жылдың ішінде қазақ тілін меңгеріп, диплом алған соң Алматыға барып, екі жыл бойы мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. Жұмыс істей жүріп, жоғары оқу орнына түсіп, сол мамандықты әрі қарай жалғастырдым", – дейді Кристина.
“Қазақ тілін білуім өзімді журналистикада сынап көруге көмектесті”
Кристина Гринько қазақ тілі өмір жолында үнемі көмектесіп келе жатқанын айтып берді. Жоғары оқу орнын бітірген соң ол Астанаға көшіп, өзін журналистика саласында сынап көргісі келген. Қазір осы салада жүргеніне 12 жыл болыпты.
"Екі тілде жұмыс істей алу – үлкен артықшылық. Қай жерде жүрсем де, өзімді еркін сезінемін. Көбі мені бала кезден қазақ ауылында өскен, қазақ тілін кішкентайынан меңгерген деп ойлайды. Бірақ олай емес. Мен бұл тілді саналы жасымда, нөлден бастап үйрендім. Әлі күнге дейін үйреніп келемін. Көбі бұған таңғалып қарайтыны рас, бірақ менің ойымша, таңғалатындай ештеңе жоқ. Бәріміз Қазақстанда тұрамыз, сондықтан мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы. Мемлекеттік тілді, тым болмаса, ауызекі, тұрмыстық деңгейде білу қажет. Бүгінде мен – журналиспін, ҚХА мүшесімін, Ұлттық құрылтай мүшесімін. Мұның бәріне қазақ тілінің арқасында қол жеткіздім десем, қателеспеймін", – дейді ол.
Ол қазақ тілін үйренуге адамның ниеті пен мақсаты болуы керек дейді. Сонымен қатар ол тіл үйренуге ортаның әсері көбірек екенін ескертті.
"Тілді үйренемін деген адам міндетті түрде үйренеді. Ең бастысы, ниет пен мақсат болса, болды. Қазір мүмкіндік өте көп, қаншама тегін курс бар. Дегенмен менің ойымша, тілді үйрену үшін орта өте маңызды. Иә, кітап алып, өз бетіңше үйренуге болады, бірақ орта болса, нәтиже әлдеқайда жақсы болады. Адамдардың ортасында жүрсең, саған көмектеседі, ақыл-кеңесін аямайды. Әрине, кітапханаға барып, кітап алып, оқып, түсінбеген сөздерімді аударып отырған кездерім болды. Ал негізі жалпы орта қатты көмектесті.. Қазақша сөйлеуден ұялмаңыздар. Акцентіңіз болса да, сөйлеңіз. Көп адамның дәл осы себеппен сөйлемейтінін білемін. Сіздерді түзетеді, қолдайды, ал сіз өз ойыңызды мемлекеттік тілде еркін жеткізе аласыз, керемет емес пе?" – деп түйіндеді журналист Кристина.
“Қазақ тілін үйренуге мемлекет те қолдау көрсетсе”
Кристина тілді грамматикадан бастап үйренуге қарсы. Дегенмен қазақ тілін үйренгісі келетіндерге мемлекеттен қолдау болса дейді.
“Жалпы тілді грамматикасынан бастап оқуға қарсымын. Әуелі тілді жан-жақтан естіп жүру керек деп ойлаймын. Әдетте тіл үйренуді ережелерден бастайды, бірақ меніңше одан жақсы нәтиже шықпайды. Өз тәжірибемнен білемін, менің қазақ тілін үйренуіме ортам, айналам көп көмектесті. Осы ретте мен тілді үйренуге мемлекеттен де қолдау болуы керек деп есептеймін. Мысалы, Еуропа елдеріне анам барып келді. Одан естігенім, Еуропа елдерінде шетелден көшіп барған азаматтарға сол елдің тілін үйреуіне жағдай жасалған. Оларға тілді үйреніп жатқаны үшін ақша төлейді және бүкіл курс бойы алып жүретін мұғалімі болады. Сол уақытта олар жұмыс істемей, ақша табуым керек деп ойламай, белгілі бір уақыт тілді үйренуге көңіл бөле алады. Осындай сияқты бір жүйе бізге де керек. Енді бәріне солай жасау керек демеймін. Әрине, қазақ тілін оқу-оқымау әркімнің өз еркі, таңдауы. Бірақ арамызда шынымен үйренгісі келетін азаматтарға көмектессек, меніңше, жақсы болар еді”, – деп қосты ол.
Ал балаларды қазақша оқытуда қазақ тілін білмейтін ата-аналарға қолдау керек екенін айтты. Оның сөзінше, арамызда баласы қазақ тілін білсе екен дейтін ата-аналар бар, бірақ олар балаға көмектесуде тіл білмеген соң қиналады.
“Меніңше, балабақшадан басталуы қажет. Тек қазақ мектепке беру керек демеймін, екі тілді де қатар алуға болады. Өмірімнен бір мысал келтіре аламын. Сіңлім бала кезінен қазақ қызбен дос болды да, ол қыз орысша, ал менің сіңлім қазақша үйреніп шықты. Мұны көрген анам оны қазақ мектепке берді. Бірақ үш айдан соң орыс мектепке ауыстырды, себебі өзі қазақ тілін білмегесін сіңліммен отырып сабағына көмектесе алмады. Ортамызда қазақша оқытқысы келсе де, баласына көмектесуге қиналатын ата-аналар бар. Мұндай отбасыларға мемлекеттен қолдау болса, мысалы, бастауыш сыныптарда мұғалімдері баламен бірге сабақ оқып, жәрдемдессе деген тілек. Ал бастауыш сыныптан кейін бала өзі де алып кетеді деп ойлаймын”, – дейді Кристина Гринько.
“Қазақ тілін білгеннің артықшылығы көп”
Сөз соңында ол Қазақстанда өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін білу маңызды ғана емес, сонымен қатар үлкен абырой екенін айтты.
“Біз тәуелсіз ел ретінде дамып келе жатырмыз. Меніңше, біздің азаматтарымыздың 80%-ы қазақша жетік білуі, сөйлеуі керек. Бұл бізге өзімізді таныту үшін, өзіміз туралы әлемге ашық айта алу үшін қажет. Қазақ тілі – өз елімізде болашақтың тілі. Дегенмен бізге оны шетелдерге де таныту керек. Оған қоса қазақша сөйлей алатын адам үнемі плюсте, артықшылығын көреді. Мысалы, қазақ тілін білетін адам Түркияға демалуға барса, ол түрік тілін оңай түсініп кете алады. Қазақ тілін білгеніңіз сізге көмектеседі. Елде жүргеннің өзінде қай жерде болсаңыз да, өзіңізді еркін сезіне аласыз. Қай салада болмасын қазақ тілін білетін адам алда болады, білгеннің еш кем тұсы жоқ”, – деп түсіндірді ол.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
