Екі қазақстандық боксшы жастар арасындағы Азия чемпионатының ширек финалында жеңіліп қалды
Фото: ДРС
Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан 2025 жылғы жастар және 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының екі боксшысы жарысты тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
U22 санатында 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Әсем Таңатар ширек финалда Қытай боксшысы Ю Тианьға жол берді. Жекпе-жек толық үш раундқа созылып, төрешілердің бір ауызды шешімімен жеңіс қытайлық спортшыға берілді. Үшінші раундта Таңатар нокдаунға түсіп, жеңіске жету жағдайын одан әрі қиындатып алды. Осылайша Әсем Таңатар Таиландтағы жарыстың жартылай финалына шыға алмады. Қазақстандық боксшы 2023 жылы IBA ұйымдастырған жастар арасындағы Азия чемпионатында 63 келіде алтын алған еді.
65 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Аружан Жаңабаева да жарысты жүлдесіз аяқтады. Отандасымыз ширек финалда Қытай атынан шыққан этникалық қазақ Дина Сантыбекпен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалды. Осылайша, Сантыбек келесі кезеңге өтті.
Еске салайық, биыл мамыр айында Аружан Жаңабаева Шри-Ланкада өткен Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған жастар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған еді.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
