Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ішінде тоңазытқыш, массаж орындығы, караоке бар": Қазақстандық автобустан үй жасап, қалаларды аралап жүр

Желіде автоүй арқылы Қазақстанның бірқатар өңірін аралап жүрген атыраулық азаматтың видеосы тарады. Stan.kz ақпарат агенттігі саяхатшымен тілдесіп, мұндай автобусты қайдан алғанын және онымен қыдырған қаншалық ыңғайлы екенін сұрап білді.

Сыныптастарымды жинап, жолға шықтым

Іші үй сияқты жасалған автобус – атыраулық Алмат Лепессовтың көлігі. Биыл шілденің соңында азамат 10 күндік сапарға шыққан. Бұл жолы ол сыныптастарымен бірге саяхаттаған. Алматтың айтуынша, олар автобуспен Атыраудан жолға шығып, Ақтөбеге, Қызылордаға, Аралға барып, сол жақта тұратын сыныптастарын ертіп, Шығыс Қазақстан облысының туристік әрі көрікті жерлерін аралаған. 

“Негізі жыл сайын отбасымызбен осы автобус арқылы қатынап, қыдырамыз. Бірақ биыл жақында ғана отбасыммен, бала-шағаммен жеңіл көлік арқылы бардық. Кейін “Неге достарыммен бірге қыдырып, оларға Қазақстанның ғажап жерлерін көрсетпеске?!” деп ойладым да, сыныптастарыма хабарласып, бәрін жинап, жолға шықтық. Әуелі Алматыға барып, ата-анама балаларымды тастап кеттім. Кейін 15 адам болып Шығыс Қазақстанға аттандық. Қатон-Қарағайға, Жиделідегі музейге бардық”, - дейді Алмат. 

Алмат Атыраудан жолға шықпай тұрып, автобустың ішін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Бір күн өтер-өтпестен оның видеосы көпшілікке кеңіне таралып кетіпті. Тіпті, көптеген қазақстандықтар олардың ерекше сапарына қызығып, оларды өз өңіріне қонаққа шақырып жатыр екен. 

Қазақстандық автодом арқылы саяхаттап жүр

“Мәселен, сондай шақыртумен Шығыс Қазақстаннан кейін Алакөлге барамыз. Кейін Алматыға келіп, әрі қарай Батыс Қазақстанға қайтамыз”, - дейді ол.

 

@almatlepesov4

Мафия😜

♬ оригинальный звук - Almat Lepessov

Автобустың ішін өзім жасап шықтым

Алмат бұл автобусты 2022 жылы жұмыс бабы бойынша Еуропадан сатып алған екен. Кейін 65 адамға арналған орындығы бар автобустың ішін бұзып, өз қолымен ішін үй сияқты жасап шығыпты.  Қазір онда 10 адам емін-еркін түней алады. Автобустың артқы жағында екі адамға арналған жатын бөлме, орта бөлігінде алты адамға арналған төсек және алдыңғы жағында ұзындығы бес метр болатын диван, массаж орындығы, Plastayshion, караоке, синтезатор, кондиционер бар екен. Оған қоса тоңазытқыш, қол жуатын бөлме, дәретхана, тамақ ішуге арналған ас бұрышы, электр пеші, кір жуатын машина, кірді кептіретін құрал, киім-кешекке арналған шкафтар - керектінің бәрі бар. 

“Концерт ұйымдастырушымын. Еліміздің әйгілі әртістерінің концерттерін Қазақстанда, Орталық Азия елдерінде ұйымдастырамын. Кейде көп адам болып гастрөлдік сапарға шыққанда бірнеше көлік жалдауға тура келетін. Сосын осы автобусты жасап алдым. Үш жылдан бері бұл автобус арқылы Қайрат Нұртас, Нұрболат Абдуллин, Өнер қырандары сияқты көптеген әртіс қатынаған. Одан бөлек әр жаз сайын отбасыммен бірге осы автобус арқылы қыдырып тұрамыз”, - дейді Алмат.

автодом

Автоүй ыңғайлы әрі тиімді

Алматтың айтуынша, мұндай автобус алыс жолға көп шығатындар үшін қауіпсіз, ыңғайлы әрі тиімді. 

“Автоүйге бала кезден қызығамын. Негізі мұндай көліктер АҚШ-та пайда болған және сол жақта көп қолданады. Бір жақсысы, үй сияқты автобуспен жүрсең, қонақүй жалдап әуре болмайсың. Оған қоса өзіңе керек заттың бәрін өзіңмен бірге алып кетуге болады. Әншілермен Қазақстанның түрлі қаласын, ауыл-аймағын аралағанмын. Сондықтан жолды, тоқтауға болатын тұрақтарды - бәрін жақсы білемін. Сондықтан түнде жүруге, тоқтауға қорықпаймын. Бірақ көбіне осындай үлкен көліктере арналған тұрақтарға қоюға тырысамын”, - дейді Алмат.

Қазақстандық автодом арқылы саяхаттап жүр

Осы жолы Алматпен бірге сапарған шыққан сыныптасы Гүлзатқа да үй сияқты автобуспен қыдырған ұнапты. Оның айтуынша, жолда жүргеніңді сезбейсің, шаршамайсың, аяқ-қолыңды созып жатасың. 

“Аралда тұрамыз. Мектеп бітіргенімізге 24 жыл болды. Алматпен 1-сыныптан бастап бірге оқыдық. Шығыс Қазақстанның табиғатын интернеттен көріп қызығатынбыз. Бірақ ешқашан бармағанбыз. Алмат ұсынған кезде қатты қуандық. Шығыс өңірінің табиғаты ерекше екен. Ал үй сияқты автобусы өте ыңғайлы екен. Жолда тоқтап, қазан-ошағымызды шығарып, макарон қуырып, палау пісіріп жедік. Алмат синтезаторда ойнап, Шәмшінің әнін айтып, саяхатымыз көңілді өтті. Ауылдың бүкіл ел-жұрты “Алмат сияқты сыныптастарың бар. Қандай бақыттысыңдар” деп жатыр”, - дейді Алматтың сыныптасы Гүлзат. 
Наргиза Аршидин
Дүйсенбі, 04 Тамыз, 2025 15:56
Талқылау
`