"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
Фото: Мадина Маратовнаның жеке парақшасы
Балқашта ер адам 8 жасар баланы азаптап, соққыға жықты деп айыпталды. Баланың анасының сөзінше, бозбала физикалық және психикалық зардап көрді. Енді отбасы істі жауып тастай ма деп қорқады. Stan.kz тілшісі жағдайда анықтап көрді.
Мадина Маратовна есімді желі қолданушысы 8 жасар ұлын ересек ер адам соққыға жығып, өз бетінше жазалағанын айтады. Айтуынша, баланың денесін күйдіріп, саусағын сындырып, қатты заттармен ұрған. Сондай-ақ монета жұтуға мәжбүрлеген дейді.
Сөзінше, қастық қылған адам – екі баласы бар әке, "Қазақмыс"-тың Балқаш қаласындағы кәсіпорнының қызметкері Алмас Басимбеков екен. Ер адамның әйелі де сол кәсіпорында істейді.
“Қазір олар істі жабуға тырысады. Оның полицияда, ауруханада және басқа да мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін туыстары мен достары істі жабуға атсалысып отыр. Тергеуді бәсеңдету, қылмысты жасыру әрекеттері бар. Бала не істесе де, олай істеуге болмайды. Ол үшін полиция шақырады, қызметтер тексереді. Бірақ баланың саусағын сындырып, бас сүйек-ми жарақатын жасамайды. Бұл – қылмыс”, – деді ана.
Фото: Мадина Маратовнаның жеке парақшасы
Салдарынан баланың қан қысымы 150/100-ге дейін көтеріліп кеткенін айтады. Алайда Мадина тергеу құпиялылығына байланысты жайттарды толық айтып беруден бас тартты.
Ал Қазақмыс кәсіпорнының бас директоры Жәнібек Байғабелов Балқашта Алмас Басимбековтың жұмыс істейтінін растады.
“Азаматша Мәдина Досымбекованың "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басшылығына жолдаған өтініші туралы "Қазақмыс" компаниясы Балқаш алаңындағы қызметкерлердің біріне қатысты оқиға туралы хабардар. Біз оқиға салдарынан жас баланың зардап шеккенін ескере отырып, алаңдаушылық білдіреміз. Қолда бар мәлімет бойынша, зардап шеккен тарап құқық қорғау органдарына шағымданған.
Компания өз тарапынан тергеуге жан-жақты қолдау көрсетеді. Қызметкерге қатысты барлық шешім ресми тергеу мен оның іс-әрекетіне құқықтық баға берілгеннен қабылданады."Қазақмыс" компаниясы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы және мұндай әрекетке мүлде жол беруге болмайды деп санайды. Қызметкердің кінәсі расталса, ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Біз адам құқығын құрметтеу, заң нормаларын қатаң сақтау және ішкі еңбек тәртібін ұстану қағидаларын темірқазық тұтамыз”, – дейді “Қазақмыс” баспасөз қызметі.
Содан кейін Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен пікір сұрадық.
“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, одан әрі тергеу-жедел шаралары мен бірқатар сараптамалар тағайындау жоспарланған”, – деп мәлімдеді баспасөз хатшысы.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
