Дүниежүзінде жаһандық жылынуға байланысты ауа нашарлап, денсаулыққа қауіпті болады – метеорологтар
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) сарапшылары жаһандық жылыну Жердегі ауаның нашарлайтынын және денсаулыққа қауіпті болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВМО басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ДМҰ есебінде өткен жаз тарихтағы ең ыстығы болған. Температураның шектен тыс қызуы "жылу толқындарын" тудырып, бұл өз кезегінде бірнеше елдерде жаппай орман өрттеріне себеп болды. Салдарынан түтін тіпті Арктикаға дейін жеткен.
"Өрттен шыққан түтін ауаны ластап, адамдар мен планетаның флорасы, фаунасы үшін де қауіпті. Оның құрамындағы химиялық қосылыстар өсімдіктерге, экожүйелерге және ауылшаруашылық дақылдарына айтарлықтай зиян келтірді. Сонымен қатар, өрттер ауаға көмірқышқыл газының бөлінуіне алып келеді. Ал бұл климатқа әсер етеді", - деп түсіндіреді мамандар.
Мегаполистердің тұрғындары үшін ең үлкен қауіп жылу мен ауаның ластануы екені атап өтілді. Көп қабатты үйлер мен жасыл аймақтардың салыстырмалы түрде саны азайып, жел мен қоршаған ортаның орташа температурасына әсер етеді.
"Бұл маңызды, өйткені халықтың айтарлықтай бөлігі қалаларда тұрады және жұмыс істейді. Ал жоғары температураның әсері әсіресе аптап ыстық кезінде, тіпті түндегі қапырық ауру мен өлім-жітімді арттыруы мүмкін", - дейді мамандар.
Ғалымдардың пайымдауынша, әлемдегі жағдай жыл өткен сайын нашарлай түседі және барлық елдер қоршаған ортаға көбірек көңіл бөлуі керек.
"Климаттың өзгеруі мен ауаның сапасын бөлек қарастыруға болмайды. Олар қатар жүреді және осы тұйық шеңберден шығу үшін бірге шешілуі керек", - деді ДМҰ Бас хатшысы профессор Петтери Таалас.