Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны 3 жылға дейін ұзартуды ұсынды

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев жалғызбасты ата-аналардың мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Депутат отбасын асырап отырған жалғызбасты жандарға бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін ұзартуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: mazhilis_kz / видеодан скриншот

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы мәселесіне үнемі қолдау танытып, басымдық беретіндігі баршамызға белгілі. Бүгінгі депутаттық сауал толық емес отбасылар, жалғызбасты ана және жалғызбасты әкелердің әлеуметтік қорғалуы туралы. Депутаттық сауалдың толық мәтіні қосымша жолданады. "AMANAT" партиясы толық емес отбасылардың, асыраушысынан айырылған отбасылардың және жалғызбасты аналардың, жалғызбасты әкелердің әлеуметтік жағдайын қолдау, ол отбасыларындағы балалардың қалыптасып, дамуы туралы жүйелі шараларды жүзеге асыруға байланысты келесі ұсыныстарды енгізеді", – деді ол.

Балабиев жұмыссыз жалғызбасты аналар немесе жалғызбасты әкелердің бала күтіміне байланысты төлемін күнкөріс минимумын теңестіруді ұсынды. Сондай-ақ бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзарту қажет деп есептейді.

"Жұмыссыз жалғызбасты аналар және жалғызбасты әкелердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшерін заңда бекітілген күнкөріс минимумына теңестіруді сұраймыз. Жалғызбасты аналар және жалғызбасты әкелердің балаларына мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін кезекте басымдық беруді, мектептерде спорт секцияларына және шығармашылық үйрмелерге тегін қатысуын қамтамасыз етуді, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға кәсіби бағдар жұмысының бағдарламасын қабылдап, грант негізінде білім алып, еңбекке араласуын қарастыратын бағдарлама қабылдауды сұраймыз", – деді ол.

Талқылау