Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Ардақ Назаров тамаққа айына небәрі 30–50 мың теңге жұмсайтынын айтты


Фото: Мәжіліс

Қазақстандық депутаттар ай сайын тамаққа қанша қаражат жұмсайтындарын айтты. Олардың айтуынша, шығындар 30 мыңнан 300 мың теңгеге дейін өзгеріп отырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Депутат Дәулет Мұқаев өз отбасының ай сайын тамаққа шамамен 100–120 мың теңге жұмсайтынын айтты.

"Бізге қонақтар жиі келеді. Етті ауылдан аламыз, сол себепті үнемдейміз", – деді ол.

Депутаттың пікірінше, қалада өмір сүру үшін отбасының табысы кемінде 300 мың теңге болуы керек, ал ауылда 150 мың теңгемен де өмір сүруге болады.

Айтуар Қошмамбетов тамаққа шамамен 300 мың теңге жұмсайтынын айтты. Оның пікірінше, Қазақстандағы ең төменгі жалақы кем дегенде 200 мың теңге болуы керек.

"Үш балам бар, жұбайым декреттік демалыста. Азық-түлік қымбаттап жатыр", – деді депутат. 

Мұрат Әбенов нақты соманы атамады, бірақ шамамен 800–900 мың теңгедей азық-түлікке жұмсалатынын айтты.

"Қазақ отбасында туыстар болады, немерелер бар. Нақты есептеу қиын", – деді ол.

Мақсат Толықбайдың айтуынша, оның отбасы ай сайын азық-түлікке шамамен 180–200 мың теңге жұмсайды.

"Пәтерақы, ем-дом және қарияларға көмекті ескерсек, ең кемі 400–500 мың теңге қажет, ал жайлы өмір үшін 700 мың теңге жалақы алу керек", – деп атап өтті депутат.

Айдарбек Қожаназаров үлкен отбасы ай сайын шамамен 300 мың теңге жұмсайтынын айтты. Ал депутат Ардақ Назаров 30–50 мың теңге жететінін жеткізді. 

"Бізде дастарқан басында молшылық жоқ. Азық-түлікті көтерме бағада аламыз, ет ауылдан. Мен жоқшылықта өстім, нанның құнын білемін", – деді ол

Депутат Ринат Зайытовтың айтуынша, отбасылық бюджетті жүргізумен жұбайы айналысады. Оның бағалауынша, шығынның басым бөлігі азық-түлікке кетеді.

"Тек күнелту үшін кемінде 300 мың теңге қажет. Жайлы өмір үшін кемі 800 мың теңге керек", – дейді ол.

Еске салсақ, бұған дейін ұлттық банк төрағасының орынбасары елімізде азық-түлік қанша тұратынын білмейтінін мәлімдеген еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 20:11
Талқылау