Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ЦентрКредит Банкі 5,5%-бен "тиімді" ипотекалық бағдарлама ұсынып, кейін мөлшерлемесін көтеріп жіберген: Қазақстандықтар наразылықтарын білдіріп жатыр

БЦК ипотекалық бағдарлама

Фото: Stan.kz

ЦентрКредит Банкі 24 шілде күні жылдық 5–5,5% мөлшерлемемен Jana Ipoteka атты “супертиімді” ипотекалық бағдарламаны іске қосты. Аталмыш бағдарламаның бастапқы жарнасы 50% болған жағдайда жылдық мөлшерлемесі небәрі 5,5% болады деп уәде берді. Алайда кейін банк Jana Ipoteka ипотекасы бойынша мөлшерлемесін 5,5%-дан 8%-ға күрт көтеріп жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ЦентрКредит Банкінің “тиімді” бағдарламасына сенген қазақстандықтар Отбасы банктегі депозиттерін жауып, оларды ЦКБ-ге аударып, жеңілдетілген мөлшерлемемен несие алмақ болғанын айтып шағымданып жатыр. Банк Jana Ipoteka ипотекалық бағдарламасының бастапқы жарнасы 50% болған жағдайда жылдық мөлшерлемесі небәрі 5,5% болады деп уәде берген. Несие сомасының ең жоғарғы шегі – 100 млн теңге, мерзімі – 15 жылға дейін деп жарнамалады. Тұрғын үйді жаңа құрылыстан да, қайталама нарықтан да сатып алуға болатынын жариялады. 

Әлеуметтік желіде отандастарымыз қуанып, пәтерлерін сатып, депозиттегі ақшасын шешіп алып, сирек кездесетін мүмкіндікті пайдаланып қалу үшін алдын ала төлем жасағанын жазды. Бірақ екі аптаға жетпей, ЦКБ Jana Ipoteka бағдарламасы бойынша мөлшерлемелердің өскенін мәлімдеді. Енді бастапқы жарнасы 50% болғанда номиналды мөлшерлеме жылдық 8% болған:

  • Бастапқы жарна 20% – мөлшерлеме 14% (бұрын 12,5%)

  • Бастапқы жарна 30% – мөлшерлеме 12% (бұрын 9%)

  • Бастапқы жарна 40% – мөлшерлеме 10% (бұрын 6,5%)

  • Бастапқы жарна 50% – мөлшерлеме 8% (бұрын 5,5%)

Желі қолданушылар жарнамасы жер жарған бағдарламаның мақсатын түсінбей дал.

“ЦКБ-нің Jana ипотекасы бойынша мөлшерлеме 5,5%-дан 8%-ға көтерілді. Өткен аптада не үшін ондай жарнама жасағанын түсінбеймін. Мөлшерлеме стандартты ипотекадағыдай айырмасына емес, пәтердің толық құнына есептелген”, – деп жазды Аян Дауталинов есімді желі қолданушысы.

Бейбіт Жаналина да банк ипотекалық бағдарламасындағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді.

“ЦКБ Jana ипотекасының мөлшерлемесін үнсіз ғана, бірден 3%-ға көтерді. Енді бұл “жеңілдетілген” ипотека қарапайым стандартты бағдарламадан да қымбат. Үлгергендер — енді Қызыл кітапқа ендіңіздер. Өкінішке қарай, бұл ипотека ұзаққа созылмады. Мысалы, егер сіз бұған дейін 50% алғашқы жарна салып, 3%-бен ипотека алған болсаңыз, енді ол 8%-ға дейін өсті. Бұл мүлде тиімсіз. Өйткені егер тек заимға есептейтін болсақ, бұл шамамен 20%-ға тең”, – дейді желі қолданушысы.

БЦК ипотекалық бағдарлама

Фото: Тhreads.com/@kairat_kozhanov

Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай өзгерістер банктің беделіне нұқсан келтіреді деп шағымдануда.

“Өте өкінішті, тәуекел менеджерлері, қаржыгерлер, экономистер бар бүтін банк дұрыс есептеп, алдын алмады. Бір апта өтпей-ақ пайыздық мөлшерлемені өзгертті. Қанша адам үй алуға алдын ала төлем жасады, пәтерін сатып жіберді. Тіпті кейбірі 5% алу үшін Отбасы банкіндегі депозитін шешіп алды. Енді ондағы да мерзімі өтіп кетті”, – деп жазды  Жұпар есімді желі қолданушысы Threads желісінде.

БЦК ипотекалық бағдарлама

Фото: Тhreads.com/@zhupar_s

Ипотека бойынша кеңесшілер мұны “пиар-кампания” деп атап, қазіргі мөлшерлемелермен бағдарламаның шарттары нарықтағы басқа өнімдерден аса ерекшеленбейтінін айтады.

“ЦентрКредит Банкіндегі несие мөлшерлемесі үйдің тек бастапқы жарнадан асатын бөлігіне ғана емес, толық құнына қолданылады”, – дейді кеңесшілер.

Банктің өзі болған жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 14 Тамыз, 2025 16:49
Талқылау