"Жүректен төмен қарай денесін сезбейді": АҚШ-тағы жарыстардың бірінде қазақстандық дзюдошы ауыр жарақат алды
Фото: Жасұлан Жұмағалидің желідегі парақшасынан
Stan.kz тілшісі ауыр жарақат алған қазақстандық спортшы Жасұлан Жұмағалидың ағасына хабарласып, АҚШ-қа қарасты Маямидегі жарыс кезінде болған оқиғаның жай-жапсарын және оның қазіргі жағдайын білді. Науқастың ағасы Ерлан Жұмағали бауырының өмірін сақтап қалу және қымбат оңалту емін жүргізу үшін барша қазақстандықтардан көмек сұрады.
АҚШ-тың Калифорния штатында дзюдодан жарыстарға қатысып жүрген қазақстандық әуесқой спортшы Жасұлан Жұмағали Маямидегі чемпионат кезінде ауыр жарақат алды. Бұған дейін Сан-Диегода дзюдодан өткен California State Games жарысында 9 жекпе-жек өткізіп, 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп, қуанышын жария еткен еді. Кейін осы чемпионатқа жолдама алған.
Ағасы Ерлан Жұмағалидың айтуынша, жарыс кезінде бауырының белбеуі босап кетіп, шешіліп қалады. Қарсыласының бойы аласа болғандықтан, ол белбеудің босағанын пайдаланып, Жасұланды жерге лақтырып жібереді. Соның салдарынан спортшының бауырының бесінші мойын омыртқасы мен алтыншы мойын омыртқасының аралығы ажырап, сынып кеткен.
"Сол сәтте бауырым қатты ауырсынған. Оны бірден ауруханаға алып кетіпті. Бірақ бізге бұл туралы екі-үш күннен кейін ғана хабарлады. Кейін білдім, келініміз уайымдатпау үшін айтпай келген екен. Ал біз ол сәтте не болғанын білмей, бейқам жүрдік. Жарақаттан кейін екі күннен соң оған шұғыл операция жасалды. Операциядан соң тағы төрт күн өткенде ғана сөйлей бастады. Қазір жүректен төмен қарай денесін мүлде сезбейді, қол-аяғы қимылдамайды. Дәрігерлер әзірге үміт үзбеуге кеңес беріп отыр. Ең бастысы, оның жанын сақтап қалдық. Енді алдымызда ұзақ әрі қымбат оңалту кезеңі тұр", – дейді Ерлан Жұмағали.
Ем-дом мен оңалту шараларына қазірдің өзінде 500 мың доллар (шамамен 267,7 миллион теңге) қажет екені айтылған. Отбасы өздері және АҚШ-тағы отандастар көмегімен қаражат жинап жатқанымен, жиналған сома жеткіліксіз.
"Қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Жасұланның үш туған ағасы бар. Біз барымызды салып, өз күш-жігерімізбен күреспек болдық. Бірақ дәрігерлердің айтуынша, толық оңалу үшін кемінде бір жыл үздіксіз ем қабылдау қажет. Өзіміз бауырлар болып жинаған ақшамыз, АҚШ-тағы қазақтар жіберген қаражат бар. Бірақ бәрібір жетпей жатыр. Алғашында ең болмаса 100 миллион теңгедей жиналар деп ойлағанбыз. Бірақ шығыны өте көп, уақытымыз да тығыз. Сол себепті амалсыздан бүкіл жұрттан көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз. АҚШ-тан елге жеткізетін хәлде емес. Жасұланның төрт кішкентай баласы бар, жұбайы – студент. Отандастар, достарымыз, таныс-бейтаныс жандар бәрінің көмегі қазір біз үшін баға жетпес", – дейді ол.
Жарыс ұйымдастырушылары көмек сұрағанда, керісінше, Жасұланды "ережеге сай емес әдіс қолданды" деп айыптап, сақтандыру төлемейтінін мәлімдеген. Алайда жарыстағы төреші мен судья оның барлық қимылы ережеге толық сай болғанын растаған.
"Осы сәт ең ауыр тиген сәттердің бірі болды. Өзіңнің балаңдай бауырың үшін шындықты айтып тұрған төреші бар, бірақ ұйымдастырушылар оны елемей, керісінше кінәлап отыр. Біз әділдікке қол жеткізгіміз келеді. Бірақ қазір ең бастысы оның сауығып кетуі", – дейді Ерлан Жұмағали.
Отбасы әзірге Қазақстандағы Спорт министрлігінен көмек сұрамаған.
"Кейбіреулер қысым болғанда ғана хабарласуға кеңес берді. Бірақ жағдай өте ауырлап барады. Сол үшін қазір үнсіз қалуға болмайды", – дейді Жасұланның ағасы.
Ол АҚШ-та тұрып жатқан отбасыға қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды. Жасұланға көмектескісі келген азаматтар мына нөмір арқылы оның туған ағасы Ерлан Жұмағалиға ақша аудара алады: +7 778 112 5658
Kaspi арқылы (Қазақстан үшін):
+7 778 112 5658 (Ерлан Ж. — Жасұланның туған ағасы)
Zelle арқылы (АҚШ-тағылар үшін):
+1 (310) 696-3068
GoFundMe платформасы арқылы:
gofund.me/93867459

"Жүректен төмен қарай денесін сезбейді": АҚШ-тағы жарыстардың бірінде қазақстандық дзюдошы ауыр жарақат алды
