“Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін жұмыстан босатты”: Ақтөбелік келіншек әскери горнизондағы әділетсіздікке шағымданды
Фото: Светлана Тукешованың жеке дерегі
25 жыл әскери қызметте болып, зейнетке шыққан, Светлана Тукешова кейін осы салада қысым мен әділетсіздік көремін деп ойламаған. Айтуынша, зейнеткерліктен кейін тұрған жаңа жұмысы – әскери госпитальдың іштегі жүйесі көңілін қалдырған. Басшылық тарапынан өзіне де, жұмысқа жаңадан келген қызға да қысым, дөрекі сөздер, балағаттау күшейе түскен. Ал бұған көз жұма қарай алмаған Светлана әскери полицияда әріптесіне жақтасып, басшылығына қарсы куәгер болғаны үшін жұмысынан босатылған. Үш баланың жалғыз асыраушысы ретінде қиындықтарға тап болған ақтөбелік әйел Stan.kz редакциясына әскери госпитальдегі жағдай туралы баяндап берді.
52 жастағы Светлана үш баласын жалғыз асырап отырған ана. Ол 2019 жылы Ақтөбе қаласы 30238-әскери бөлімінде жұмыс істеп, сол жақтан зейнетке шыққан. Әскери қойма басшылығында қызмет етіп көптеген ауыр істерді де атқарғанын айтады.
“Зейнетке шыққан соң, үш баламды қамтамасыз ету үшін кішігірім қосымша қарапайым жұмыстарда істеп жүрдім. Дегенмен 2018 жылы әскери госпиталь хабарласып, мені жұмысқа шақырды. Олар материалдық техникалық жүргізуші қызметіне орналасатынымды айтты. Бірақ “техникалық көліктерді айдамайсыз, бізге тек есеп кітапшаларын жүргізіп отыратын адам керек” деді. Ал менің жүргізуші куәлігім В және С санатында болғасын қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, сабақ өткізіп жіберсе көлікті де жүргізе беретінімді айттым. Бір жағынан айлығы 120-130 мың теңге болғасын бұл қызметке көп ешкім келгісі келмеді ме екен деп те ойлаймын. Осылайша жұмысқа тұрып, осы уақытқа дейін есептің бәрін өзім жүргізіп, бүкіл комиссиялардан өттік. Басында бәрі жақсы көрінді. 2025 жылға дейін маған ешкім тиіскен жоқ”, – деп баяндады ол.
“Әскери госпитальда әйел қызметкерлер арасында өздерінің ережелері бар”
Дегенмен жұмысқа тұрған кезде әскери госпитальда әйелдер арасында баяғыдан келе жатқан ережелер бар екенін ұққан.
“Ол ережеде: солардың айтқанымен жүру, тұр десе тұру, отыр десе отыруың керек. Мұны бұрыннан 30-35 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандар талап етеді. Олар жаңадан келгендерді де сол ережеге көндіргісі келеді. Өзім ең бірінші жұмысқа орналасқанда соны байқадым. Бірақ ол кезде бастығымыз басқа еді. Мен осы тәртіпсіздік туралы шағымданғанымда ол бастығым бірден жиналыс жасап қыздарды орындарына қойды”, – деп қосты ол.
Светлана 2025 жылдың мамыр айына дейін өзіне ешқандай қысым болмағанын алға тартты. Алайда кейін материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласына жауапты бөлімшенің басшысы, 42 жастағы майоры, қатардағы қызметкерді қорғағаны үшін тиісе бастаған. Ол өзін жұмыста әдепсіз ұстап, балағаттап, дөрекі сөйлеген.
“Биыл жұмысқа Шымкенттен байланыс басқармасына 29 жастағы Бота (есімі кейіпкер өтінішімен өзгертілген) ауысып келді. Менің қасымда, екеуіміз бір кабинетте отыратын болдық. Оның кішкентай қызы бар, ол да жалғызбасты ана екен. Алайда ол келе сала жұмыста қыздардың арасында түсініспеушілік болды. Қызметтегі әйелдер арасында жанжал туындап, Ботаға “сен жай адамсың, ешқандай тірегің жоқ. Сондықтан арамыздағы ең шеттетілетін адам боласың. Сенімен ешкім араласпайды”, деген. Бұл мәселені негзі госпитал сержанты мен әйелдер кеңесі шешуі керек еді. Алайда барлық жанжал туралы ақпаратты олар сол майорға жеткізіп барыпты”, – деп баяндады ол.
“Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін өзімді қызметтен босатты”
Светлана майордың шектен тыс дөреклігіне көз жұмып қарай алмаған. Барынша жаңадан келген қызметкерді қорғауға тырысқан.
“Ол кабинетке бас салып кіріп, қызды боқтап әбден шошытты. Қорыққанынан ол қыз менің артыма тығылды. Мен барынша оны қорғауға тырыстым. Сол кезде бізді үш ер адам көріп тұрды. Бірақ олар көрмегендей шығып кетті. Одан кейін қызды итеріп, желкесінен сүйреп бастыққа апарды. Мен де арттарынан еріп бардым. Сосын болған оқиғаны, боқтап жатқанын айттым. Бастық болса “өздерің шешіңдер” деді. Ал әлгі майор “мен осындай адаммын. Өзім білемін. Балағаттаймын, балағаттай беремін”, деді. Жанымдағы қыз қорқып жылады. Мен оны жұбатып дүйсенбі күні жалпы жиналыста барлығының көзінше айтамыз дедім. Алайда дүйсенбіде бастық біздің шағымымызды қабылдамады”, – деп қосты ол.
Светлана кейін Ботаға қолдау көрсетіп, куәгер ретінде әскери полицияға барған. Кейін әскери полиция майорға бұл қылықтары үшін 78 мың теңге айыппұл төлеткен. Алайда мәселе шешілудің орнына одан сайын ушыға түсіпті.
“Осы күннен кейін майор маған тыным бермеді. Менің куәгер болғаныма ренжіді. “Сіз неген куәгер боласыз? Шаруаңыз не?” деп үстелді теуіп, дөрекілік көрсетті. Ауызына келгенін айтып, боқтайды. Ал бастыққа айтсам, ол майорды жақтап, “неге әскери полицияға барасыңдар” деп өзімізді кінәлады. Соңында олар маған түрлі сөгіс берді де жұмыстан шығарып жіберді. Мені көлік айдамады өзіне берілген міндетті атқармады дейді. Ал мен бұл міндетті атқарудан қашқан емеспін. Маған курс өтіп қауіпсіздік ережелерімен таныстыруды өтіндім. Алайда мұны екеріп жатқан адам жоқ.
Жалғызбасты ана болғасын жұмыстан шығып қалып, қиын болды. Балаларым жұмыс істемейді, оқуды енді бітіріп жатыр. Тіпті кезінде қызметте жүріп алған пәтерім де толықтай өз атыма өтпеді. Ол үшін де қомақты ақша төлеуім керек. Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін өзімді қызметтен босатып отыр. Әділдік болғанын қалаймын”, – деп қорытты ол.
Stan.kz тілшісі әскери госпитальмен байланысып, оқиға бойынша пікір сұрап көрді.
“Жұмыстан шығу себебі – өзінің функционалдық себептерін атқармауынан. Ол кісі бізге жүргізуші болып жұмысқа қабылданған. Бірақ көлік айдай алмаймын деп, көлікті тізгіндеуден бас тартты. Сол үшін шығарылды. Ал жұмыстан кетуіне басқа себептер жоқ.
Ал басқа айтылғандарға қатысты мәлімет бере алмаймын. Қысым, дөрекілік ондай жоқ бізде, бәрі әскери тәртіпте”, – деді ведомство.

“Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін жұмыстан босатты”: Ақтөбелік келіншек әскери горнизондағы әділетсіздікке шағымданды
