"Мұсылмандар бұдан хабарсыз": Қазақстандық әйел дәрідегі желатинде шошқа етінің құрамы бар екенін айтып шағымданды
Фото: paris_in_love_inst парақшасынан
Қазақстандық әйел дәрі-дәрмек құрамына қатысты шағымын әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, күйеуі сатып алған Д дәруменінің капсулалары шошқадан алынатын желатиннен жасалған. Алайда бұл ақпарат дәрі нұсқаулығында көрсетілмеген. Осы мәселе бойынша Stan.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауал жолдады.
Келеңсіз жағдайға тап болған әйел өз тәжірибесін бөлісіп, дәрілердің құрамы жөнінде ашықтық қажет екенін айтады.
"Д дәруменінің капсулаларының желатині шошқадан жасалған екен. Нұсқаулықта бұл көрсетілмейді, сондықтан Шымкентке қоңырау шалуыма тура келді. Ондағы қыз (қазақ емес, мұсылман емес) маған заң бойынша желатиннің шығу тегін нұсқаулықта көрсету міндетті емес екенін, ҚР заңы мен денсаулық сақтау талаптарына сүйене отырып айтты. Сонда мен оны ішуге бола ма, болмай ма, білу үшін көп уақытымды жоғалтуым керек болды. Ал қағазға бірден жазып қоюға болатын еді ғой", – деді paris_in_love_inst.
Әйел дәріні қайтарып та бере алмайтынын, себебі тауар қайтаруға келмейтінін айтады. Ол осы мәселе бойынша е-Өтінішке шағым түсірген екен.
"Өйткені бұл дұрыс емес. Iherb компаниясы тұтынушылар үшін оларға қамқор екенін білсін деп көрсетеді ғой. Мысалы, БАД па, халал ма, жануар тектес ингредиенттерден бе әлде вегандарға арналған ба, соның бәрі жазылады. Ал мұнда қыз маған бір сәтте құрамын тауып беріп, капсулалардың бәрі халал емес екенін айтты. Оған мұсылмандардың хабарсыз екені бәрібір сияқты көрінді. Бұл тек дінді ұстанатын мұсылмандарға ескерту екенін, ал қалғанына қатысы жоқ екенін ескерткім келеді”, – деді желі қолданушысы.
Әйел мұсылмандарға дәстүрлі ислам медицинасын қолдана беруге болатынын жеткізді. Дегенмен ол "Мезим" секілді дәрілерде шошқаның панкреатині бар екенін атап өтті.
Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәрі-дәрмектер мен тағам өнімдерінде қолданылатын желатиннің шариғаттағы үкіміне қатысты ресми түсініктеме берді. Басқарманың айтуынша, желатиннің қайдан алынғанына байланысты оның халал не харам екені анықталады.
"Желатин – малдың сүйегін, терісі мен шеміршегін өңдеу арқылы алынатын ақуыз заттардың қоспасы. Желатин тамақ өнімдері, фармацевтика, косметика және т.б. өндірістерде кеңінен қолданылады. Дайын өнім құрамында "Е441" деп белгіленеді. Ғалымдардың бірауыздан бекітілген шешіміне сәйкес, балық пен өсімдіктен алынатын желатинге халал үкімі берілген. Ал жануардан алынатын желатинге қатысты пікірлер әртүрлі. Мұндай пікір қайшылығы бір заттың басқа бір затқа өзгеруіне (истихаләға) байланысты туындайды. Истихалә барысында бастапқыда нәжіс болған зат түбегейлі өзгеріп (трансформация), басқа бір таза затқа айналады. Мысалы, доңыздың тұз кеніне түсіп, тұзға немесе шараптың арнайы әдіспен сірке суына айналуы", – деді діни басқарма.
Діни басқарманың түсіндіруінше, нәжіс зат истихалә арқылы ғана тазарады, ал бұл үкімге Ханафи мәзһабы сүйенген. Алайда истихалә толық орындалуы шарт. Ғалымдардың айтуынша, доңыздың бүкіл ағзасы нәжіс саналады. Бұл жөнінде Құранда "Маған уахи етілгендерден жегісі келген жанға арам етілген тағамды көрмеймін, тек өлексені, аққан қанды, доңыз етін және Алладан өзге атпен сойылған малды ғана (харам етілді)" деп айтылған.
"Доңыз және басқа да еті харам жануарлардан немесе оның терісі мен сүйегінен және өзге ағзаларынан дайындалған желатин де харам болып есептеледі. Себебі, химик ғалымдардың ізденісі бойынша доңыздың терісі мен сүйегі химиялық өңдеу кезінде тек ішінара истихалә жасалады. Сондықтан оның табиғаты мен жаратылысы толық өзгеріске ұшырамайды. Коллаген (суда еритін ақуыз), ал желатин (суға ерітілмейтін ақуыз). Коллаген мен желатиннің химиялық формуласы бір, яғни ақуыз. Олардың молекулярлық массасында ғана айырмашылық бар. Ақуыздың басқа затқа өзгеруі үшін оның құрамы толығымен денатурцияға (табиғатын жоғалту) ұшырауға тиіс", - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Сонымен қатар басқарма коллагенді қышқыл мен негіздер арқылы өңдегенде, ақуыз арасындағы сутектік және полипептидті байланыс қана ажырайтынын атап өтті.
"Ақуыздың біріншілік және екіншілік құрылым деңгейінде, яғни спиральды құрылымында және аминқышқылды реттілігінде өзгеріс болмайды. Шариғат бойынша бауыздалған адал мал мен құстан, сондай-ақ балық пен өсімдіктен алынған желатинді қолдануға болады. Ал доңыз, ит, есек сияқты арам жануарлардан, өлекседен немесе шариғатқа сай бауыздалмаған малдан алынған желатин табиғаты толық өзгермейінше, харам саналады. Дегенмен, адам денсаулығы үшін аса қажет жағдайда, балама ем табылмаса, мұндай дәріні қолдануға рұқсат етіледі", – деп түсіндірді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы.

“Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін жұмыстан босатты”: Ақтөбелік келіншек әскери горнизондағы әділетсіздікке шағымданды
