Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл жерге де, қазақ халқына да рақымсыз қатынас жасауға болмайды": Максим Рожин елімізге қоныс аударғандарға жазба арнап, қазақстандықтарды толқытты

Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті, журналист Максим Рожин Ресейдегі мобилизациядан қашып, Қазақстанға келген ресейліктерге арнап жазба арнады. Өзінің отбасының қазақ жеріне қалай келгенін, қандай қиыншылық көргенін және қазақ халқының ерекше пейілі мен мейірімділігіне тоқталған ол өзінің отбасының тарихы өзгелерге сабақ болар деген ниетін жасырмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жазбасының басында Максим Рожин өзінің нағашы әжесінің Орталық Ресейдегі аштықтан қалай аман қалғаны жайлы әңгімесімен бастайды. Әжесі Столярова Галина Кузьминична 1928 жылы Саратовқа жақын ауылда дүниеге келген және бес жасар шағында үлкен әжесі ағасы екеуін аштықтан құтқару үшін, Қазалы қаласына алып кеткенін еске алады.

"Үлкен әжем отбасын түрлі жұмыстар жасап, отбасын асырауға мәжбүр болды. Асханаларда ыдыс-аяқ жуып, өзін паналатқан отбасының үй шаруасына көмектескен. Бұл қазақ отбасы мен үшін мейірімділіктің, жанқиярлықтың және біреудің қайғысына ортақтаса білудің әрі рухы да, қаны да, сенімі де мүлде бейтаныс адамдардың шарасыздығына жанашыр болудың символына айналды. Осыған қарамастан олардың жанкештілігі мен көмегі менің отбасымның, туыстарымның өмірін сақтап қалды. Мен осы қайырымды жандардың көмегінің арқасында өмір сүріп келемін", - деп ағынан жарылды ол.

Рожин қиын-қыстау кезінде өздерін паналатқан көпбалалы отбасыны әжесі соңғы күндеріне дейін аузынан тастамай айтып отырғанын жеткізген. Ол қазір әжесінің бұл өмірде жоқ екенін айтып, алайда сол адамдарға деген алғыс бойында тұрғанын айтады.



Ол Қазақстан аумағына келгендердің барлығына уақыттарын бөліп, халықтың ең жақсы ұл-қыздары қаза тапқан "КАРЛАГ" пен "АЛЖИР" лагерлеріне барып, жер бетінде болып жатқан азап пен зұлымдықты сезінуге кеңес беретінін ашып айтқан.

"Бұл қайғының аз ғана бөлігі, мұнымен қатар ядролық полигон, қуғын-сүргін, ашаршылық секілді көршілес елдердің тарих оқулығында оқытылмаған көптеген оқиғалар бар. Себебі бұл өзіміздің, ішкі жан азабымыз. Қиын жағдайға тап болған адамдарға қаншама жақсылық жасаған жер мен халықтың азабы", - деп жалғайды Рожин.

Максим Рожин бұл жер мен қазақ халқына рақымсыз қарым-қатынас жасауға болмайтынын айтады. Мұның себебі ретінде ол қазақ даласы өз тарихында миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалғанын, аштықтан қашқан талай халықты, қуғын-сүргін құрбандарын қабылдағанын келтіреді.

"Қашқындар мен зардап шеккендердің қанша толқыны осы далаға келіп жылы жер мен азық тапқанын әрі жайлы панаға қол жеткізгенін нақты айту қиын. Ендігі кезек мобилизациядан бас сауғаландарға келді. Бұл жерде қаншама жан өз бақыты мен тыныштығын тапты. Ал қазақ даласы бәрін қабылдады, қазақ халқы олармен дүниеде көрші болып өмір сүрді, соңғысымен бөлісті, қорғады! Олар балалары мен немерелерін шүкіршілік етуге үйретеді. Бұл мейірімділікті құрметтеуді! Құрметтей отырып бағалау", - деп жазады ол.

Жазбасын түйіндей келе Рожин қазақ жеріне келген ресейліктерді өздерінің қонақ екенін ұмытпауға шақырады. Сонымен қатар өзінің отбасының оқиғасы біреуге пайдасы болар деген үмітін білдіреді.

Талқылау