Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украинада соғыс басталған соң Британияда Орталық Азиядан келген жұмысшылар көбейген

2023 жылы Ұлыбританиядағы астық жинау науқаны кезінде жұмысшылардың төрттен бір бөлігі Орталық Азия елдерінен келген. Олардың саны артуы мүмкін. Бұл – Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдары. Себебі оған дейін маусымдық жұмысшылардың көбі сол жақтан келетін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.


Фото: ВВС

Ұлыбританияға Қырғызстаннан келетін маусымдық жұмысшылар бір-бірімен хат алмасатын арнайы чат әкімшісі Шыңғыс Мақсытов 2023 жылы көктемде Ижевскте жұмыс істеп жүрген кезде британиялық фермада жұмыс істеу мүмкіндігі туралы біліп, визаға құжат тапсырған. Бәрі тез шешіліп, ол бір айдан кейін Англияда болған. 

Шыңғыс Лондонның оңтүстігіндегі Кент округіндегі ферма жылыжайларының бірінде көкөніс пен жеміс жинады. "Жұмыс өте ауыр, омыртқам әлі күнге дейін ауырады. Бірақ егер Ресейде 60-70 мың рубль [айына] тапсаңыз, Англия жылыжайында одан екі есе көп ақша табуға болады", - дейді Мақсытов.

2023 жылғы маусымда Ұлыбритания парламенті кітапханасының сайтында маусым жұмысшылары туралы арнайы есеп жарияланды. Онда 2019 жылға дейін бұл нарықта ондаған жылдар бойы Шығыс Еуропа елдері, Болгария, Румыния, Польша тұрғындары басым болғаны айтылған. Сонымен қатар жақын араға дейін Ұлыбритания Еуропалық одаққа кірді және құжат мәселесінің бәрі оңай шешілетін. 

2019 жылы Ұлыбритания Еуропалық Одақтан шығып, сол жылы үкімет маусымдық жұмысшыларға, әлемнің түрлі елінен келген еңбек мигранттарын шақыру үшін визалық квоталар енгізетінін мәлімдеді. Мұндай квоталарды егін жинайтын ешкім болмайды деп қорыққан фермерлер талап етті.

Англия мен Уэльс ұлттық фермерлер одағының мәліметі бойынша, жыл сайын 4 миллиард фунттан астам көкөніс, жеміс пен гүл өсіріледі. Бұл елдің қажеттілігін 15%-тен 50%-іне дейін қамтамасыз етеді. Аграрлық секторда 471 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бірақ олардың 58 мыңы егін жинау уақытына ғана қажет.

2020 жылдан бастап маусымдық жұмысшылардың көбі Украинадан келді, екінші және үшінші орында ресейліктер мен Беларусь азаматтары болды. 2022 жылғы ақпанда басталған соғыс бұл нарықты қайта шектеп қойды. Әскер жасындағы украиналық ер адамдарға елден шығуға тыйым салынды. 

Содан кейін Ұлыбритания үкіметі Орталық Азия елдеріне, ең алдымен Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстанға назар аударды. Бұл елдерде британиялық фермаларда жұмыс істеу туралы жарнама басталды, Орталық Азия қалаларында виза алуға және жұмыс таңдауға көмектесетін арнайы компаниялар пайда болды. Еңбек мигранттары Ұлыбританияға топ болып жіберілді, барлық жұмысшы қай фермаға баратынын алдын ала білген.

Олар далада және жылыжайларда көкөніс пен жеміс жинайды, сұрыптау және ораумен айналысады. Олар, әдетте, дәретхана мен жуынатын душы бар алты адамға арналған вагондарда өмір сүреді. Алайда, чаттарында жақын жерден пәтерлерді бірнеше адам бірігіп жалға алуға болатыны айтылған. 

Фото: ВВС

Жұмысшыларға сағатына 10 фунт төлеу уәде етілген. Бірақ кейде бригадирлер, әдетте поляктар, румындар мен болгарлар, "төлем келісіледі" деп бұл соманы төмендетіп тастайды екен. 

Бұған дейін қазақстандықтар  жұмыс істеп, қомақты қаржы табу үшін Еуропаға жиі бара бастағанын жазғанбыз. 23 жастағы Хасан Марипов өткен жылы Англияда екі ай алма теріп келген. Жігіт ай сайын 800 мың теңге алыпты. Оның айтуынша, Қазақстанда мұндай табыс табу қиын.

 

Талқылау