Бостандыққа шыққан Ахметов 4 жыл бойы үйқамақта отыратын болды
Серік Ахметов бостандыққа шықты. 15 күн бұрын Қарағанды облысының Абай аудандық соты шығарған шешім осылайша бүгін күшіне енді. Қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша 10 жылға сотталған экс-премьер қамауда 2 жылдан астам уақыт отырды. Келген шығынды қайтаруына және жарияланған рақымшылыққа байланысты осы мерзімінің 3 жарым жылы қысқарып, қалған 4 жылы бостандығын шектеу жазасына ауысқан болатын, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Қарабас елді мекенінде орналасқан №158/ 18 тәртіппен түзеу мекемесінің алдында қарбалас таң атпай басталған. Адам қарасын туыстарынан гөрі,есік ашылса елеңдеген тілшілер көбейткенге ұқсайды. Ал жақындарынан ағасы мен екі бауыры және адвокаты келген. Көп күттірмей темір есіктен Ахметовтің өзі де шықты. Аздап жүдегені болмаса, жағдайым жақсы деп отыр. Айтуынша әзірге еш жоспары жоқ, тек үйін сағынған.
Серік Ахметов 2014 жылдың қараша айында ұсталды. Бұл кезде оның Қорғаныс министрі қызметінен кеткеніне бір айдай уақыт болған еді. Ал министр болардың алдында ол бір жарым жыл үкімет басқарды. Экс-премьерге бөтеннің мүлкін талан-таражға салды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қызметін асыра пайдаланды деген айыптар тағылған. 100-ден аса адам тергеліп, 5 айға созылған сот процесінің аяғында прокуратура Ахметовке 12 жыл сұрады. Ал кінәсін ішінара ғана мойындаған экс-премьер соттағы соңғы сөзін Елбасыға арнаған болатын.
“Мен президенттен сенімін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Өйткені Қарағанды облысында осындай былықтың орын алуы менің кінәм деп түсінемін. Елбасының да уайымдауына тура келді. Егер мемлекет басшысы қатарға қосылуыма мүмкіндік жасаса, бар білімім мен тәжірибемді ел игілігіне арнап, өзімнің ақ екенімді дәлелдеп беремін”, – дейді Серік Ахметов.
Сөйтіп, сот экс-премьерді 10 жылға бас бостандығынан айырды. Апелляциялық отырыста келтірілді деген 2 жарым миллиард теңге шығынды өтегендіктен, мерзімі 8 жылға дейін қысқарған. Ал колонияда тәртібіне мін келтірмей, басқаға үлгі болғаны үшін бірнеше мақтау қағазын алыпты. Осы және шығынды өтеуі мен рақымшылық бар, солардың бәрі ескеріліп, бүгін Ахметов Қарағандының өзіндегі мына үйіне келді. Енді бостандығын шектеу мерізімі біткенше, яғни төрт жылдай қаладан аттап шықпай, той- томалаққа барудан да тартына тұруы тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев туған ауылына барып, жерлестерімен әңгіме-дүкен құрды