Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болашақ" бағдарламасына қатысты жанжал: Кепілгерлер сотта министр айтқан келісімді көрмегендерін мәлімдеді

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның жауапкерлері Мақпал Дәрібаева мен Наталья Воробьевадан қарызды өндіру туралы талап арызы бойынша істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: видеодан скриншот

Арыз беруші дауды медиация тәртібінде татуластыру тәртібімен реттеу туралы өтінішпен жүгінді. Сондай-ақ негізгі борышкер Валерия Гавриленконы үшінші тұлға ретінде тарту туралы өтінішхат берілді. Арыз берушінің айтуынша, Гавриленко қазір Ұлыбританияда. Жақында ол WhatsApp арқылы хабарласты.

Сот отырысы медиация тәртібімен кейінге қалдырылды. Алайда сотталушы Мақпал Дәрібаева қызмет барысымен келесі жолы желіге қосылмауы мүмкін болғандықтан, сотта сөз сөйлеуін сұрады.

"2016 жылы мен кепілдік келісіміне қол қойған кезде екі кепіл болады деген шартты көріп, соған қол қойдым. "Болашақтың" бізге қойған талап-арызын негізсіз деп есептеймін. Өздері екі пәтерді заңсыз берген. Енді олар бүкіл қарызды бізге жүктегісі келеді. Министр Саясат Нұрбек айтқан келісім болмаған. Көрген жоқпыз. Ол жоқ та сияқты. Олар біржақты түрде біздің қарызымызды көбейтіп қойды. "Болашақтың" бірде-бір жауапты адамы осы уақытқа дейін қылмыстық жазаға тартылмаған. Неліктен сот бұл істі ешқашан кепіл болмағандай қарап жатыр? Әділдік қайда?", – деді Дәрібаева.

Сотталушылардың адвокаты Айжан Алина несие берушінің кінәсі бар екенін атап өтті.

"Бірінші директордың қолы қойылып, халықаралық бағдарламалар орталығы кепілге қойылған мүлікті кепілден босатқанын көріп отырмыз. Онда Гавриленконың анасы тұрып жатқаны туралы ақпарат бар. Ол алдымен кепілге қойылған, кейін заңсыз босатылып, үшінші тұлғаға қайта тіркелген", – деді адвокат.

Сөзінше, жеке сот орындаушысы мән бермеген.

"Бұл жерде заңсыз иемдену және несие берушінің кінәсі бар. Өйткені дәл несие берушінің заңсыз әрекетінен орталық кепілсіз қалып, осыдан кейін кепілгерлерге талап-арыздар қойылған. Кепіл сақталса, кепілдік берушілер осы жерде сот залында отырмас еді", – дейді Айжан Алина.

Оның айтуынша, орталық процессуалдық олқылық жасаған. Сонау 2021 жылы Гавриленконы сотқа бергенде, олар бірден барлық кепілгерді тартуы керек еді дейді.

Сот отырысынан кейін екінші айыпталушы Наталья Воробьева қарызды төлеуге дайын екенін растады, бірақ іс әділ қаралсын дейді

"Оқып болғаннан кейін Гавриленко елге оралды, грантын өтей бастады. Бірақ 2019 жылы кетемін деп шешім қабылдады. Біз 2016 жылы кепілгер болып қалдық. Ол сол кезде шәкіртақыны жеңіп алды, "Болашақ-2" бағдарламасының шарттарына сәйкес, стипендиат өзінің жылжымайтын мүлкін кепілге қоюға тиіс. Ол өзінің екі пәтерін кепілге қойды, сонда да мүлік қарызды жаба алмады. Ол кезде кепіл құны шамамен 20 миллион теңгеге бағаланған", – деді Наталья Воробьева.

Ал оқудың жалпы құны 29 миллион теңге болған.

"Қалған сомаға ол бізді кепілгер ретінде тартты. Алдымызға келіп, жылап, "Қыздар, бұл – мен үшін білім алудың жалғыз мүмкіндігі, бұл өмірде бір рет қана болатын мүмкіндік. Мен пәтерлерімді қойдым. Басқа туыстарым жоқ. Тек анамның қолында өстім, әкем жоқ. Өтінемін, көмектесіңдер. Бәрі жақсы болады деп ант етемін. Оқуымды бітіремін де, қайтып келемін" деді. Бірақ 2019 жылы ол әйтеуір барлық пәтерін кепілден шығарып, кетіп қалды. Ал қарызы қалды", – деді Воробьева.

Сондай-ақ ол Гавриленконың сот шешімімен қарызын өтей бастағанын айтты.

"Талапкер қарызды толық өтемегесін, “Болашақ” кепілгерлерге жүгінуге мәжбүр болған.  Бірақ Гавриленко ай сайын 100 мың теңгеден төлейді, 1 миллион 300 мыңын жапқан. Енді қарызын осылай 27 жыл өтей ме?" – деп сұрады Воробьева.

Мамырда Гавриленко кепілгерлермен байланысқа шыққан, бірақ ол өз әрекеті үшін кешірім сұрамады.

"Ол бізге "Мен сендерді кепілдік шартына қол қоюға мәжбүрлеген жоқпын. Мен де – сендер сияқты осы жағдайдың құрбанымын” деп айтты", – деді Воробьева.

Еске салсақ, "Болашақ" бағдарламасына қатысты жанжал туып, бағдарлама бойынша оқыған қыз қарызын өтемей, шетелде тұрған еді. Кейін Ұлыбританияға қоныс аударған студент Қазақстанға экстрадицияланатыны айтылды. 

Бұған дейін "Болашақ" халықаралық бағдарламасы бойынша оқып, артынша оқуын тастап кеткен стипендиаттың кепілгерлері Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева Тоқаевқа үндеу жолдаған еді. 

Стипендияны ұтып алып, артынша оқуын тастап кеткен және кепілде тұрған үйлерін заңсыз шешіп алған Валерия Гавриленко үшін енді кепілгерлері 30 млн теңге көлемінде ақша төлеуге мәжбүр. Бұл туралы кепілгерлер Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева айтып, шағымданды.

Талқылау